Үкілеген үмітіміз Eindhoven Box Cup турниріндегі өнерін аяқтады

90

7 маусым күні Эйндховендегі турнирде Қазақстан боксшылары қалай өнер көрсетті?

Үкілеген үмітіміз Eindhoven Box Cup турниріндегі өнерін аяқтады

Эйндховен қаласында (Нидерланды) өтіп жатқан халықаралық Eindhoven Box Cup турнирінде Қазақстан құрамасының бірқатар боксшылары жартылай финалға жолдама алса, басты үміт артып отырған Махмұд Сабырхан (55 кг) өз жекпе-жегінде сенсациялық түрде жеңіліп қалды. Оның қарсыласы - 2024 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионы украиналық Максим Зименко болды. Кездесу тартысқа толы өтті. Бірақ, төрешілер жеңісті тактикалық тұрғыда сауатты қимылдаған Зименкоға берді. Бұл жеңіліске қарамастан басқа отандастарымыз тамаша нәтиже көрсетті.

Даниял Сәбит (50 кг) украиналық Максим Рудикті төрешілердің шешімімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Келесі қарсыласы бельгиялық Ассаи Редуан.

Ертуған Зейнуллинов (65 кг) даниялық Абдулла Абу-Арабпен жекпе-жекте бірінші раундта-ақ айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жекпе-жек қарсыластың жарақатына байланысты тоқтатылды.

Абылайхан Жүсіпов (70 кг) неміс боксшысы Симон Ритті бірінші раундта-ақ нокдаунға түсіріп, сенімді түрде жеңді.

Сабыржан Аққалыков (75 кг) Нидерланды өкілі Кларинду Сируспен болған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Ерасыл Жақпеков (80 кг) бельгиялық Энди Симбумен болған кездесуде үшінші раундта қарсыласы жарақат алып, жекпе-жек тоқтатылды.

Эйндховен турнирі - Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды жарыс. Бұл дода 30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада өтетін World Boxing ұйымы аясындағы Бүкіләлемдік Кубоктың алдындағы соңғы дайындық сатысы болып саналады. Осы жарыстағы нәтижелер ұлттық құраманың түпкілікті құрамына әсер етуі мүмкін.

Сабырханның жеңілісі жанкүйерлер үшін тосын болғанымен, жалпы командалық көрсеткіш көңіл қуантады. Бес бірдей боксшымыз жартылай финалға жолдама алып, ұлттық құраманың жоғары деңгейдегі дайындықта екенін дәлелдеді. Енді басты мақсат осы қарқынды сақтап, Астанада өтетін дүбірлі додада ел намысын лайықты қорғау.

Бүгін, 8 маусым қазақстандық былғары қолғап шеберлері турнирдегі өнерлерін жалғастырады. Күндізгі сессия 17:00, ал түнгі сессия 22:00-де басталады. Шаршы алаңға Даниял Сәбит, Ертуған Зейнуллинов, Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалыков, Ерасыл Жақпеков,Дәулет Төлемісов, Сағындық Тоғамбай,Нұрлан Сапарбай шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу