Үкімет 30 млрд теңгенің тауарын тегін үлестірмек

21935

Оны қай гипермаркеттен алатынын отбасылар өзі таңдайды.

Үкімет 30 млрд теңгенің тауарын тегін үлестірмек

Қазақстанда заңға сәйкес, 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз отбасылардағы мектеп жасына дейінгі және оқушы балаларға азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия заттарының жиынтығы жеткізіледі. Бұл тегін тауарлар пакеті "кепілдендірілген әлеуметтік топтама" (КӘТ) деп аталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, топтамаларды жергілікті әкімдіктер жеткізушілер арқылы отбасылардың үйіне – тұрғылықты жеріне дейін апарып береді.

Бірақ тегін тауарды алушылар тарапынан түрлі шағым айтыла бастаған. Олар жиынтықтағы өнім түрлеріне көңілдері толмайды. Мысалы, Түркістан облысының тұрғыны Мақбал Эшходжа төрт баланың анасы.

"Біз аз қамтылған отбасыға жатамыз. Қазір әлеуметтік көмек аламын. Ақшалай күйде де берілді. Сондай-ақ тауарлар жиынтығы түрінде де әкеледі. Үкіметтен сұрайтыным, өнім пакетіндегі азық-түлік түрлеріне өзгеріс енгізсе. Бізге мысалы, 1 қап ұн, 5 литр өсімдік майы, 1 пәшке шай, 1 қап қант, 1 қап макарон қажет. Әйтпесе, қазіргі алып жүрген әлеуметтік пакетіміз басқа", – дейді көпбалалы ана.

Елдің сұрауына орай министрлік аз қамтылған отбасыларға КӘТ-ті беру форматын өзгертпек. Нәтижесінде, оны алушылар қандай гипермаркеттің топтамасын алатынын өздері анықтайды.

Атап айтқанда, Біржан Нұрымбетовтың ведоствосы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп отыр. Оны Парламент қабылдаса, келесі жылдан бастап, КӘТ "Әлеуметтік қызметтер порталы" (aleumet.egov.kz) арқылы ұсыныла бастайды.

"Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы ұсыну тәртібін жеңілдету, сонымен қатар алушыларға оны жеткізушіні өз бетінше таңдау мүмкіндігін беру үшін заң жобасында аталған топтаманы беруді кезең-кезеңмен Әлеуметтік қызметтер порталына шығару көзделіп отыр. Бұл ретте заң жобасында осы процеске қатысушы тараптар арасындағы қарым-қатынастың негізгі ережелері реттеледі. Нәтижесінде, осы портал арқылы жыл сайын 200 мыңнан астам бала жалпы сомасы 30 миллиард теңгені құрайтын кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілетін болады", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жаңа заң жобасының өзге де жаңалықтары жетерлік. Мысалы, тегін тауарлар қандай жастағы балаларға берілетіні (КӘТ алуға құқық беретін жас) нақтыланады. Оны алу үшін жалған ақпаратты немесе дұрыс емес құжаттарды ұсынғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасы құрамына кіретін, алайда белгілі бір себептерге байланысты ата-анасымен бірге тұру және ол үйде тұрақты тіркелу мүмкіндігі жоқ балаларды да қосуға жол ашылады. Бұған ата-әжесінің қолындағы балақайлар жататын болса керек.

Ел Үкіметі 2020 жылғы 31 қаңтардағы №22 қаулысымен аз қамтылған отбасыларға тегін тауарларды жеткізетін сауда орындарын нақты белгіледі. Мысалы, Нұр-Сұлтанда мұнымен 8 гипермаркет – "Magnum Cash&Carry" желісі, "Кеңмарт" гипермаркеті, "Анвар" ЖШС, "Астықжан" сауда орталығы, "Скиф Трейд" ЖШС, "CL Management" ЖШС, "Trending Retail Group" ЖШС, "Татым" ЖШС айналысады.

Алматыда миллиардтарды игеріп, өз тауарын өткізу мүмкіндігіне бұдан көбірек – 11 компания іліге алды. Арасында "Magnum Cash&Carry", "METRO Cash&Carry", "Рамстор Қазақстан", "Сarefood", "Арзан 777", "Скиф Трейд", "Interfood" бірлескен Қазақстан-Германия кәсіпорны, "Сабыржан Company", "A-store service", "Allmart", "Дастархан-Фуд" бар.

Үшінші мегаполис – Шымкент қаласында "Magnum Cash&Carry", "Фиркан", "Баян Сұлу" сауда орталығы, "GraMad Retail" компаниясы және "Көктем" ЖШС ғана тауар таратады.

Барлық өңірлерде осындай тегін азық-түлік және тұрмыстық химия заттары топтамаларын қалыптастырып, таситын сауда орындары, көтерме және бөлшек сауда компаниялары анықталды. Олардың жалпы саны 543. Ең азы Шымкент қаласында (бұл "нарықты" бар-жоғы 5 жеткізуші өзара бөліскен) және Жамбыл облысында (6). Ең көбі – Батыс Қазақстан облысында (95) және Түркістан облысында (71). Мысалы, Түркістан өңірінде жеткізушілер қатарына "Қазпошта", "Жас қазақ" газетін шығаратын "Аманат-Медиа" ЖШС, түркиялық компаниялар кіре алған.

Министр Біржан Нұрымбетовтың мәліметінше, КӘТ аясында аз қамтылған отбасылардағы 6-дан 18 жасқа дейінгі оқушыларға жылына бір рет мектеп формасы немесе спорт киімі, мектепте жазу-сызуға қажетті керек-жарақтар да беріледі. Биыл осы тауарлар 31 тамызға дейін таратылыпты.

Ал азық-түлік жиынтығы ай сайын немесе тоқсан сайын 1 рет жинап, жеткізіледі. Тұрмыстық заттар үш айда бір рет ұсынылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу