Үкімет әлі бермеген зейнетақы жинағын қайтарып алуды көздеуде

19533

Қандай жағдайда жинақтың біржолғы төлемі кері тартып алынады? 

Үкімет әлі бермеген зейнетақы жинағын қайтарып алуды көздеуде

Үкіметтің жаңа қаулысының жобасы дайын. Ол бірнеше құжатты: "Зейнетақы төлемдерін, БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу, оларды БЖЗҚ-ға қайтару мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын"; "Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін", "Алушының орташа айлық табысын зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін", "Зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін" бекітпек.

Бұл не үшін керек?

Жобаны әзірлеуші Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл құжаттар зейнетақы жинағын пәтер сатып алуға, ипотеканы жабуға, қымбат емнің ақысын төлеуге мүмкіндік беретін Экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері турады заңының жобасын келесі жылы жүзеге асыру үшін қажет дейді. Құжат қазір Сенатта жатыр.

"Аталған заң жобасында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемін баламалы мақсаттарға алып қою тетігі көзделген. Алайда онда мысалы, сол баламалы мақсаттардан артылып қалған қаражатты БЖЗҚ-ға кері қайтару көзделмеген. Осыған байланысты зейнетақы жинақтарын қайтару туралы нормамен толықтыруды ұсынамыз", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Оның айтуынша, қағида енді біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) берудің ғана емес, сондай-ақ оларды зейнетақы қорына қайтарып алудың да тәртібін айқындайтын болады.

Құжатта уәкілетті оператор азаматтан БЗТ-ны қандай жағдайда кері алып қоюы мүмкін екені айтылған. Сонымен, оператор ол төлемді мынадай жағдайларда БЖЗҚ-ға қайтаруды жүзеге асырады:

1) салымшы БЖЗҚ-ға қайтару туралы өзі өтініш берсе және есепшотта оған аударылған БЗТ-ның бүкіл сомасы не соның бір бөлігі жатса;

2) тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мақсатында аударылған зейнетақы жинақтары басқа мақсатқа жұмсалып кетсе;

3) баспана сатып алу не ем алу туралы тиісті келісімшарт бұзылса;

4) аударылған зейнетақы жинақтары толық пайдаланылмаса (игерілмеген сомасы қайтарылады);

5) алушы баспана иелену немесе емделу құқығын іске асырмаған күйі қайтыс болған жағдайда, осы тетік іске қосылмақ.

Барлық қазақстандық ТҚЖБ клиентіне айнала ма?

Ел Үкіметі Тұрғынүйқұрылысжинақ банкін, яғни болашақ "Отбасы банкін" зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша оператор етуге ниетті. Бұл Үкіметтің басқа қаулысының жобасында қарастырылған.

Ал мына жобада мемлекеттік осы банктің мәртебесі нақтыланып отыр. Мысалы, зейнетақы жинағының бір бөлігін алғысы келетін адам ТҚЖБ-да есепшот ашуға міндетті болады. Бірақ болашақта осы банкке қосымша басқа оператор да тағайындалуы мүмкін екен.

"Уәкілетті оператор – БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуды жүзеге асыратын, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері үшін арнайы шоттар ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын, Үкімет айқындайтын заңды тұлға не заңды тұлғалар", – делінген қаулы жобасында.

Министрлік әр салымшыға берілетін біржолғы төлемнің мөлшері есептелетін формуласын да айқындады, есепке жүйрік азаматтар үшін келтіре кетсек: Минимум{(ТАК-40%)*a*12*АОТ;50%*S}.

Мұндағы ТАК – алушының орташа айлық табысын зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициенті (табысын алмастыру коэффициенті), ол 40%-дан кем болмауға тиіс. Ал a – әрбір жас үшін жеке анықталатын өмір бойғы төлемдердің ағымдағы құны факторы (аннуитеттік фактор). Оны Қаржы нарығын реттеу агенттігі бекітеді және өмірді сақтандыру компаниялары зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасасу кезінде қолданады. АОТ – зейнетақы тағайындау күніндегі алушының орташаайлық табысы. S – БЖЗҚ-дағы жинағының сомасы.

Қазақстандықтардың өз жинағын қазірден іске жаратуын жеңілдету әрі тездету жоспарлануда. Құжатқа сәйкес, уәкілетті оператордан мақұлданғаны туралы хабарлама келіп түскен соң БЖЗҚ өз клиентінің жинағының тиісті бөлігін оның ТҚЖБ-да баспана алу не емделу үшін ашылған арнайы есепшотына 5 жұмыс күні ішінде аударуға тиіс. 

Қаулы жобасында көрсетілгендей, БЗТ-ны азамат өзіне ғана емес, жұбайына не жақын туыстарына пәтер сатып әперуге, сонымен қатар олардың медициналық көмек алуына жұмсай алады.

Қаржыгер Дана Жарылғапова бір маңызды мәселеге назар аударады.

"Жақында бір мәліметті білдім: еңбек министрлігі жаңа түзету енгізіп, БЗТ-ны жеке сот орындаушыларының қарызды сөндіруге, соның ішінде алимент бойынша берешекті өтеуге алып қоюына тыйым салмақ көрінеді. Бұл қисынды шара. Өйткені зейнетақылық жинақтар неке барысында бірге жиған мүлік болып есептелмейді. Сондықтан мүлік бөлісу кезінде оған тиіспейді. Демек, оған мерзімінен бұрын алғанда да тиіспеуі керек. Сонымен бірге БЗТ-ға сатып алынған жылжымайтын мүлік те сол азаматтың жеке мүлкі болып танылуға тиіс. Ажырасқан жұбайы оны бөлісуден үміттене алмауы қажет. Ол адам сол үйін сатам, мұраға қалдырам, сыйға тартам десе де, өз еркі болғаны жөн", – деді сарапшы. 

Қаржыгер басқа мәселе туындауы мүмкін дейді: егер қазақстандық өз жұбайымен жинақ біріктіріп, пәтер алса, кейін ажырасқанда ол баспана қандай үлеспен бөлінеді? Егер ипотекаға алса, оны ары қарай да бірлесе өтеуі керек пе? Жинағын жұбайының туыстарына үй әперуге жұмсап жіберсе, кейін қалай қайтартқыза алады? Өмірдің өзі қосымша сұрақтарды үстемелей түсері сөзсіз. Бірақ олардың бәрін пысықтап жатуға министрліктің уақыты шамалы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу