Үкімет әр облыстың "астық еншісін" бөліп берді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3319

Мемлекет бүгін қай облыстан қанша көлемде астық сатып алатыны бойынша айқындалғанын жария етті.

Үкімет әр облыстың "астық еншісін" бөліп берді

Ел үкіметі дәл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өткен өзінің соңғы отырысына күн тәртібіне алдын ала енбеген қосымша мәселені шығарып, Қазақстанның астық нарығын тұрақтандыру шараларын қарауға мәжбүр болған еді.

Олай етпеске лажы да қалмаған. Өйткені жаһандық "қара базарда" "ас атасына" қажетті шикізат үшін жап-жақсы баға қалыптасып отыр. Атап айтқанда, астықтың әлемдік құны қазір бір тоннасы үшін 193 долларға дейін қымбаттады. Алайда дәл сол кезде Қазақстанда бидай бағасы бір тоннасы үшін 36-37 мың теңгеге дейін құлдырап кеткен.

Мұндай кереғарлық-парадокстың орын алуына бірнеше жайт түрткі болды. Біріншіден, өткен жылы солтүстік көршіде астық бітік шықты да, Ресей барлық елдерді көл-көсір дәнді дақылдың астында қалдырды. Бұл құбылыс біздің елімізді де айналып өтпей, шекаралас өңірлерімізге ресейлік арзанқол астық лап қойды. Еуразиялық одақ аясында екі ортадағы шекаралық бақылау азайтылғандықтан, бұл заңсыз тасқынға тегеурінді тосқауыл қою бек мүмкін болып қалды.

Екіншіден, отандық егіншілерге мемлекетке қарасты "Азық-түлік корпорациясы" соққы жасады: 2017 жылғы астық сатып алу маусымы басталар тұста бидайдың бір тоннасын 42 мың теңгеге алатынын жария еткен корпорация оның тіпті бір уысын да сатып алмастан, артынша бағаны тоннасы үшін 39 мың теңгеге дейін түсіріп тастады.

Үшіншіден, астық тасымалдаушылар вагондар тапшылығына қатысты проблемаларға душар болды, салдарынан өз өнімдерін дер кезінде жөнелте алмаған сала бизнесмендері шетелдік нарықтарды да, сондай-ақ ішкі трейдерлерді де жоғалта бастады. Өйткені олардың өнімін әкелуге қажетті вагондар болмағандықтан, ішкі-сыртқы сұраныс жатжұрттарға бет қойған. Мұндай сорақылықтың ары қарай жалғаса беруі мемлекетке сын әрі масқара еді. Сол себепті үкімет отандық өндірушілерден астықты ел қаржысына сатып алу тәжірибесіне қайта оралды.

"Осының барлығы ішкі бидай нарығындағы бағалардың құлауына және сұраныстың қысқаруына алып келді. Сондықтан біз үкіметке "Азық-түлік корпорациясы" арқылы әр тоннасы үшін 42 мың теңгеден 2 миллион тонна көлемінде отандық астықты сатып алу туралы ұсыныспен шықтық. Үкімет өз отырысында тиісті шешімді қабылдады. Осы мақсатта барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары басшылық ететін комиссия құрылуда, олардың құрамына қоғам және бизнес өкілдері, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өкілдері кіреді", – дейді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.

Мұның сыртында бірінші вице-министр ресейлік астықтың елімізге кіруіне және Қазақстанда қосылған құн салығын төлемей-ақ заңдастырылуына бақылауды күшейтуді ұсынды. Себебі, онсыз да арзан Ресей астығы салықтық жүктемеден босатылғаннан кейін баға бойынша бәсекелестікте қазақстандық өндірушілерді шаң қаптырып кетеді. Ал керісінше, ҚҚС ауыртпалығын арту ресейлік өнімнің бәсекелестік артықшылығын төмендетеді.

Бұл ретте астық сатып алу арқылы үкімет "екі жеп, биге шықпақ". Біріншіден, отандық егіншілерге қолдау көрсетеді. Екіншіден, ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, осы жылда "қуаңшылық күтіліп отырған" көрінеді. Нәтижесінде, 2 миллион тонна сатып алу арқасында мемлекет биыл ішкі нарықта бидай тапшылығына жол бермейді.

Қазақстанның фермерлер одағының президенті Әуезхан Дәринов егіншілердің қазан айынан бері дабыл қаққанын айтады.

"Біз тікелей үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа хат жазуға мәжбүр болдық. Бұдан нәтиже шыққанына қуаныштымыз. Әйтпесе, аграршылар осы күнге дейін адамдарға жалақысын бере алмай отыр. Олар сонымен бірге алдағы көктемге дайындыққа кірісу үшін запастық бөлшектерді де сатып алмады. Ал үкімет отырысындағы сол шешім аграршылар үшін нағыз "жаңажылдық сыйлыққа" айналды. Ендігі мақсат – бөлінген ақша тезірек өндірушілерге дейін жеткені маңызды", – дейді Әуезхан Даринов.

Оның үстіне мемлекет бағыттаған қаражаттың ресейлік арзан астықты сатып әкелушілерге емес, тек отандық астықты сатып алушыларға түсуі де маңызды.

Ал бүгін ел үкіметі әр облыс үшін аталған 2 миллион тоннадан қанша квота тиетіні анықталғанын мәлімдеді.

Бұл ретте мемлекет сол көлемді толығымен тек электронды форматта – minagro.kz порталы арқылы сатып алатыны белгілі болды. Айтқандай, фермерлер бұрыннан бері астығының көп көлемін электронды сауда арқылы өткізеді. Бірақ енді "Ақпараттық-есептік орталық" АҚ-ының электронды сауда алаңына "Азық-түлік корпорациясы" да жүгініп отыр.

Бұл тетік корпорация қызметкерлерінің фермерлермен тікелей, жүзбе-жүз байланысын болдырмайды. Сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу көзделуде.

Ең бастысы, электронды жүйе аграршының биліктегі сөзінің өтімділігі мен беделінің жоғарылығын емес, оның иелігіндегі "егіс алқабының ауданы" мен "нақты егін жиналған егістігі көлемін" назарға ала отырып, тиісті квотасын әділ түрде бөліп береді. Бұл екі көрсеткішті де жүйе мультиспектралды спутниктік түсірілімдермен сүйемелдейтін көрінеді. Сондай-ақ жерсеріктік түсірілімдер жер кадастры деректерімен, заңды және жеке тұлғалардың деректер базасымен салғастырылады. Нәтижесінде, үдерістің мөлдірлігі әрі объективтілігі қамтамасыз етілмек.

"Ең көп сұрақ тудырып отырған күрделі мәселе квоталарға қатысты. Түсінікті болу үшін мысал келтіре кетейін. Айталық, фермердің 500 гектар алқабы бар делік. Оның 70 гектары жайылым. Яғни, 430 гектары егістік. Бірақ соның тек 380 гектарына ғана астық егілген. Мұны жүйе спутниктік мониторинг арқылы көріп, біледі. Оның бір гектарынан алынатын жеткізілім көлемін "Азық-түлік корпорациясы" анықтайды және ол әр облысқа берілген жалпы квота мен астық шығымдылығына байланысты болады. Біздің жағдайымызда бұл әр гектардан 0,173 тоннаны құрайды. Егін егілген егістік ауданын осы 0,173 тоннаға көбейтеміз. Сонда гектарынан 65,74 тонна квота шығады. Егер байыбына барса, қиын ештеңе де жоқ", – деп сендіреді "Ақпараттық-есептік орталық" АҚ-ының бас маманы Қайрат Сұлтанбеков.

Ол электронды сатып алу тетігінде алақол фермерлердің арамдық танытып, бөтен біреулерден атып алған астықты мемлекет қоймасына өзінікі ретінде сатуына тосқауыл қою мәселелері ескерілгенін айтады. Өйткені сарапшылар тарапынан осыған алаңдаушылық білдірілген болатын, олар іскер фермерлердің ресейлік астықты әр тоннасын 32-35 мың теңгеден сатып алып, "Азық-түлік корпорациясына" 42 мың теңгеден өткізуі мүмкіндігін айтып, қауіптенген. Алайда бұл іске ғарыш сеңгірінде ұшып жүрген қазақстандық жер серіктерін көмекке тарту арқасында адал емес аграршылардың астық өндірісіне бір тиын шығын шығармай, алып-сатудан пайда табуына тосқауыл қойылды.

Ел үкіметі еліміздегі әрбір егіншінің алқабына мультиспектралды түсірілімдер өткен жылы жүргізілгенін хабарлайды.

Сонымен қатар осы іске ақпараттық жүйелердің жұмылдырылуы статистиканың онлайн режимде түзілуіне және оның аталған орталық арқылы жария етілуіне жол ашады.

Мұның барлығы қазақстандық фермерлердің бойына нақты, құнтты егіншілікпен айналысу мәдениетін дарытуға, нарықты арамзаларынан тазартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ал астықты сату және сатып алу, келісімшарттарға қол қоюсыз небары 2 күн ішінде жүзеге асатын көрінеді.

Сонымен, бүгін жария етілгендей, Ақмола облысына 645 мың тонна, Ақтөбе облысына 50 мың тонна, Шығыс Қазақстан облысына 62 мың тонна, Батыс Қазақстан облысына 32 мың тонна, Қарағанды облысына 109 мың тонна, Қостанай облысына 643 мың тонна, Павлодар облысына 78 мың тонна, ал Солтүстік Қазақстан облысына 381 мың тонна квота тиіп отыр. Бұл ретте Ақмола облысында бидай егілген жер көлемі 3 миллион 718,5 мың гектарды, Ақтөбе облысында 287,4 мың гектарды, ШҚО-да 355 мың гектарды, БҚО-да 184,7 мың гектарды, Қарағанды облысында 629,3 мың гектарды, Қостанай облысында 3 миллион 704,9 мың гектарды, Палодар облысында 452,2 мың гектарды, ал СҚО-да 2 миллион 199,6 мың гектарды құрағаны ескерілген.

Өз кезегінде "Қазақстан темір жолы" 2017 жыл қорытындысында бидай мен ұн тасымалдауды алдыңғы жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға арттырғанын мәлім етті.

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ басшысы Оралхан Құлақовтың хабарлауынша, өткен жылы 8,9 миллион тонна астық тасымалданған. Оның 3,1 миллион тоннасы республика ішіндегі бағдарға тасымалданса, 5,8 миллион тоннасы экспортқа шығарылған. Жыл ішінде 3,2 миллион тонна ұн тасымалданса, оның 0,8 миллион тоннасы ел ішінде тасымалданса, 2,4 миллион тоннасы экспортқа жіберілді.

Былтырғы жылы тиелген астық пен ұн өнімдері 13,5 миллион тоннаны құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 6,3% жоғары көрсеткіш. Астықпен есептегенде 805 мың тонна артық. Экспортқа да 547 мың тонна астық артық шығарылды.

Оралхан Құлақовтың айтуынша, биылғы жылы қазақстандық астық пен ұн өнімдерін тұтынушылардың географиялық нарық аумағы сақталды. Өзбекстан (2 млн тонна), Тәжікстан (1 млн тонна), Ауғанстан (2,1 млн тонна) және Иран (2 млн тонн) бағдарларына жіберілді. Бұл өңірлерге астық экспорты 364 мың тоннаға өсті. Тасымалдау қарқыны Өзбекстанға 7%-ға, Иранға – 26%-ға, Ауғанстанға 6%-ға артты. Әсіресе, қараша, желтоқсан айларында тасымалдау қарқыны жоғарылады.

Иран бағдарына арпа өнімдерін жеткізу көлемі бірден 63%-ға (324 мың тонна) артқан.

"Биылғы жылы Ресей мен Украинада да рекордтық астық жиналды. Бұл Қазақстанның көлік және астық нарығына да ықпал етті. Нәтижесінде, бұрын Қазақстан нарығында қызмет еткен шетелдік жеке операторлардың астық вагондары Ресейге кетіп қалды", – дейді "ҚТЖ-Жүк тасымалы" басшысы.

Оның ақпарынша, Ресеймен шекаралас өңірлерде сатып алу бағасының арасындағы айырмашылыққа байланысты астық Қазақстанға, одан әрі Орталық Азия елдеріне бағытталды. Эспорттық астық тасымалдауға сұраныс артқанымен оны оорталық азия елдерінің инфрақұрылымдық мүмкіндігінің шектеулігі төмендетіп отыр.

Ол Орталық Азияның инфрақұрылымдық өткізу мүмкіндігі айына 600 мың тонна астық пен 200 мың тонна ұн өнімдерін құрайтынын айтады. Алайда мысалы, Ауғанстандағы Хайратон стансасында астық қолмен түсіріліп, тиелетіндіктен, тәулігіне 3,5 мың тонна ұн түсіре алады. Бірақ ол стансаның жүк жөнелтушілік әлеуеті тәулігіне 7 мың тоннаға дейінгіні құрайды.

"Осылайша, жүк тиеу мен түсірудің бастапқы және соңғы операциялары кезінде вагондардың ұзақ мерзімдік тұрып қалуы салдарынан вагондардың 40 пайызы айналымнан шығып қалады. Сөйтіп, ол вагондар "доңғалақты қоймаға" айналады. Осының салдарынан вагондарға берілген тапсырысты толық орындау мүмкін болмай отыр. Оның сыртында Өзбекстанда бидай қорын жасақтап алып, оны өңдеп Ауғанстанға өткізу Орталық Азия көлік инфрақұрылымына қысым келтіруде", – дейді Оралхан Құлақов.

ҚТЖ-ның экспорттық тасымалдауын қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданған екен. Біріншіден, тәулігіне 800 шақырым жылдамдықпен жүретін шаттл-пойыздар ұйымдастырылған. Екіншіден, Өзбекстан теміржолымен қосымша "Келес – Шүкір" телімінде қосымша жол салу мәселесі шешілді. Сол арқылы тәулігіне 100 мың тонна (26-30 жұп пойыз) жүк өткізіліп, айына 3 миллион тоннаға жеткізілетін болды. Үшіншіден, Ақтау портында Солтүстік терминалы толық қуатында жұмыс істеп, айына 120 мың тонна тасымалдай алатын болды.

Ал төртіншіден, "KTZ Eхpress Shipping" АҚ флотындағы төрт кеме қазақстандық астықты тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, вагондардың жетіспеушлігінің бір себебі вагон айналымының баяулауы. Оның ішінде сараптау көрсеткендей, биылғы жылғы вагон айналымының өткен жылға қарағанда он тәулікке көбейді. Біздің негізгі вагон айналымының көп уақыты жүк жөнелтуішлер мен жүк қабылдаушылар атқаратын бастапқы және соңғы операцияларды жүзеге асыруға кетеді екен.

АШМ елдің экпорттық әлеуетін өсіру және жүк айналымын арттыру үшін Ауғанстан аумағында "А" сыныпты терминал құрылысын салу ұсынысы түсіп отыр. Бұл өз кезегінде астық өнімдерін жыл бойы қалыпты тасымалдауға мүмкіндік әпереді. Әсіресе, жазғы мезгілде тасымалдау аса маңызды.

Астық тасымалдаудың мультимодальдық кешені Ақтау портының инфрақұрылымын дамыту қажеттігі туындап отыр. Бұл қызмет түрі тасымалдау қызметіне қатысушы өндіруші, элеватор, вагон операторлары, трейдерлер, брокерлердің қызметтерін бір тізбекке шоғырландырады.

"ҚТЖ" астық пен ұн өнімдерін контейнерлік тасымалдауды дамытуды көздейді. Ағымдағы жылы 8 мың тонна астық контейнерлермен жеткізілді. Вьетнамғға Ляньюньган порты арқылы тасымалданды. Түркиялық Мерсин  бағдарына Карс-Ахалкалаки арқылы әрі ҚХР-да бағытталады. 2018 жылы "ҚТЖ" ҰК" АҚ 5 мың тонна астықты контейнермен тасымалдауды жоспарлап отыр.

Оның сыртында компания экономикалық тиімділікке жету үшін жүк жөнелтушілердің Қазақстан аумағындағы көршілес елдермен шектесетін тұстарда тиеу және түсіру жұмыстарында вагон айналымын реттеу шараларын күшейтуді ұсынады.

Қосымша 2000 вагонды нарықтық 15 мың теңгеден тарту көзделіп отыр. Бұл арқылы астық паркі 11 мыңға жеткізілмек. Дегенмен, Орта Азия елдерінде вагондар "доңғалақты қоймаларға" айналуы одан әрі жалғасатын түрі бар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу