Үкімет азаматтарға біржолғы зейнетақы төлемін бермей жатыр

11499

Халық биліктің әртүрлі қулыққа көшкенін айтады. 

Үкімет азаматтарға біржолғы зейнетақы төлемін бермей жатыр

"Отбасы банк" біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) есебінен ипотеканы өтеу бойынша 12 сағаттық марафон өткізді. Қаржылық институттың алдын ала деректері бойынша Қазақстанның ірі 4 қаласында шамамен 4 мыңдай отбасы бұл акцияны пайдалана алады.

"Отбасы банктің" басшысы Ләззат Ибрагимова әсіресе, тұрғын үй заемын уақытынан бұрын толық немесе ішінара "жапқысы" келетін адамдар қатты уайымдағанын айтады: олар үшін әрбір күн қымбат.

Ал БЖЗҚ болса, БЗТ аударуды біраз кешіктірді. Сол кезде комбанктер де, ТҚЖБ-ның өзі де тіпті демалыс күндері үшін несиеге сыйақы есептеп жатты. Халықтың наразылығына қалмау үшін мемлекеттік банк заемды бір күн кері шегеруге келісіпті. Яғни, ТҚЖБ клиенттерінен демалыс күн үшін ақша сұралмайды. Ұсақ-түйек әрине, бірақ көңілге жағымды.

"Міне, осы себепті біз заемдарды өтеудің 12 сағаттық марафонын ұйымдастыруға шешім қабылдадық. БЖЗҚ-дан Алматы, Маңғыстау және елорда тұрғындары бәрінен көп ақша алды. Сондықтан 2021 жылдың 6 ақпанында арнайы шоттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін алған осы үш көшбасшы өңірдегі "Отбасы банкінің" борышкерлері несиелерін 2021 жылдың 5 ақпан мерзіміне сай ішінара не толық өтеуге мүмкіндік алды", – деді Л.Ибрагимова.

Осыған орай "Отбасы банкінің" Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы барлық бөлімшелері кешегі сенбі күні сағат 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істеді.

Банк БЗТ есебінен ипотеканы өтеуге бағытталған 3 қадамды атады:

1-қадам: банк бөлімшесіне бармастан бұрын www.enpf-otbasy.kz онлайн платформасындағы жеке кабинетіңізге кіріп, өз өтінішіңіздегі "Банкті таңдау" бөліміндегі тізімнен "Отбасы банкін" таңдап, "Өтінім жолдау" батырмасын басыңыз. Құжаттарды жүктеудің қажеті жоқ, олар банктің мәліметтер базасында бар.

2-қадам: https://hcsbk.kz/contacts/ сайтында банк бөлімшесіне келу уақытын брондаңыз. Брондау кезінде "Посткредит" мақсатын таңдап, әрі қарай "Кредитті өтеу (жартылай/толық)" операциясын таңдау керек.

3-қадам. Егер заемшыласыңыз болса, оны шақыруды ұмытпаңыз. Өйткені ол жаңадан құрылатын өтеу кестесіне қол қоюға тиіс. Банк бөлімшесіне маска тағып бару талап етіледі. Қосымша ақпаратты 300 нөмірі арқылы алуға болатыны хабарланды.

Әйткенмен, қарапайым адамдар мұның жай пиар үшін жасалғанына назар аудартады. Әйтпесе, БЗТ-сын бір емес, бірнеше күн ала алмай жүргендер жетерлік. Мақсат Төлешов осы үшін "Отбасы банктің" жауапты тұлғаларына шара қолдануды сұрап, Үкіметке шағымданған.

"Зейнетақы жинақтарымды пайдалану жөніндегі өтінішімді қарауды шектен тыс кешеуілдетуде. Мысалы, "Отбасы банк" пен БЖЗҚ өтінішімді биылғы 25 қаңтарда қарауға алды. Қарау мерзімі 3–5 күн аралығы деп көрсетілген. Яғни, 29 қаңтарда шешім қабылдануы қажет еді. "Отбасы банктің" call-орталығындағылар неге кешіккені туралы сұраққа түсініктеме бермейді. "Күтіңіз!" дегеннен басқа жауабы жоқ", – дейді ол.

Оған өзгелер қосылды.

"БЖЗҚ басшылығы БАҚ арқылы қайырылып, зейнетақыны мерзімінен бұрын алуға қатысты өтініштерді "күнбе-күн" (день в день) қарайтынын мәлімдеді. Бірақ шынында ол өтірік. Менің өтінішім 23 қаңтардан бері қарауда жатыр. "Отбасы банкінің" байланыс орталығына қоңырау шалдым. Олар өтінішімнің 25 қаңтардан бері БЖЗҚ-да екенін хабарлады. Ал оның сайтынан өтінішімді таба алмадым. Зейнетақы қорының call-орталығына да телефон соқтым, ондағылар тек кешірім сұрап, қарауға уәде бере береді. БЖЗҚ біздің ақшамызды ондаған жылдар бойы айналдырды, соның есебінен миллиондап жалақы, сыйақы, бонустар алып жүр. Енді халықтың маңдай термен тапқанын уақытында бергісі келмейді", – дейді Елдос Халықов.

Ол осы қор өз есепшотында ондаған миллиондары бар бай тұлғаларға, ірі лауазымды шенеуніктерге басымдық беріп, алдымен солардың өтініштерін қарайтын шығар деп тұспалдады. Егер солай болса, бұған коррупцияға қарсы орган назар аударғаны жөн. Қор бірінші жүгінген адамның өтінішін де бірінші кезекте қанағаттандырғаны абзал.   

Ал Асылхан Ғалиев өзін алданған сезінеді. Себебі, Үкімет тек биылғы жылға дейін ипотека алғандарға ғана ірі жеңілдік беріп отыр.

"Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері мені ипотекама сатып алған үйді қайта сату мүмкіндігінен айырып отыр. Мен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2021 жылғы 8 қаңтарда екінші деңгейлі банкте ипотека рәсімдеп, пәтер алғанмын. Артынша "Отбасы банктің" сайтындағы ережелерді оқып отырсам, онда 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін ипотекалық заем алып, оны ішінара не толық БЗТ-мен өтеген адамдарға сол жылжымайтын мүлкін 5 жыл бойы сатуға не біреудің меншігіне беруге тыйым салынатыны жазылыпты.  Әділет қайда? Егер мұндай шектеуін күні бұрын жариялағанда мен ипотеканы өткен жылдың соңында, 1 қаңтарға дейін алып қоятын едім ғой! Неге билік адал тапқан зейнетақы жинағымды және оған алған мүлкімді өз қалауымша жұмсауға мүмкіндік бермейді?" – деп қынжылады А.Ғалиев.

Тек 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған және қарызы БЗТ есебінен өтелген баспананы 5 жыл күтпей, сата беруге болатынын осының алдында Ләззат Ибрагимова растады. Сонымен бірге ол осы норманы алда Ұлттық банктің нақтылайтынын қосты: наразылық пен әділетсіздік болмауы үшін Ерболат Досаевтың ұжымы алда 2021 жылға дейін сатып алған үйлерді сатуға да 5 жылдық шектеу қойып тастауы мүмкін екен. Бәрі тең болсын деп...

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу