Үкімет азық-түлік экспортына мораторий жариялайды

8694

Кеден органдары жүк көліктерін шекарадан өткізбейді. 

Үкімет азық-түлік экспортына мораторий жариялайды

Бұл төтенше жағдай мен карантин кезінде халықты азық-түлікпен қамту үшін қажет. Үкімет шешімі бірінші вице-премьер-Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың және Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың бірлескен бұйрығымен бекітілмек. Азық-түліктің бірнеше түрін шетелге шығаруға мораторий келесі айдың ортасына дейін енгізіледі.

"Біріншіден, Қазақстан аумағынан осы бірлескен бұйрыққа қосымшадағы тізбе бойынша тауарларды шығаруға 2020 жылғы 15 сәуірге дейінгі мерзімге тыйым салынсын. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы бірлескен бұйрықта көрсетілген тауарларды шығаруға тыйым салынғаны туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етсін", – деп жазылған құжатта.

Кеден органдарына ақ қант, картоп, қарақұмық жармасы, пияз, сәбіз, ақ қауданды қырыққабат тиелген жүк көліктерін шекарадан өткізбеу, ұшақтарға ондай жүктердің артылуына жол бермеу жүктеледі.

Тиісінше, барлық бизнесменге, көтерме сауда компаниясы, аграршыға бұған дейін осы өнімдерді жеткізу бойынша бекіткен келісімшарттарын бұзуға тура келеді.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, дәл осы тауарлар қазіргі кезде тез қымбаттап жатыр. Оның үстіне көп жерде олардың жетіспеушілігі байқалуда.

Мысалы, Қазақстаннан, соның ішінде іргелес өңірлерден қарақұмық жармасын Ресей тұтынушылары үлкен жүк көліктерімен әкетіп жатыр.  Осыған орай Ресей үкіметі диетологтар кеңесіне сілтеме жасай отырып, "қарақұмық жармасын қап-қаппен сатып алып жатқан адамдарға семіру және денсаулығынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғанын" ескертті. Бұл, әрине, ресейліктерге тоқтау болмады. Салдарынан Қазақстанның өзінде осы өнім түрі қымбаттап, бағасы 34%-ға өсті.

Мысалы, өткен жылы бұл жарманың әр келісін елімізде орташа алғанда 243 теңгеден сатып алуға болатын. Бүгінде әр келісінің құны 325-350 теңгеге дейін көтерілді. Оның өзінде карантин енгізілген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында табу қиын, ірі гипермаркеттер мен базарларда әр қолға 5 келіден артық сатылмайды. Жұртшылық алдағы уақытта қарақұмық жармасы саудадан мүлдем жоғалып кетуі мүмкін деп тұспалдайды.

Көкөністер арасында дүкендер мен базарларда биыл картоп (бір жыл ішінде бағасы кем дегенде 13,3%-ға өсті), пияз (9,8%), сәбіз (4,8%), ақ қауданды қырыққабат (2,7%) көбірек қымбаттаған.  

Қант керісінше, арзандауда және өткен жылдан бері бағасы 13%-ға түскен. Алайда қант саласы құлдырау қарсаңында тұрған көрінеді. 2019 жылдың 11 айының қорытындысында елімізде 225,4 мың тонна ғана қант өндірілген. Сөйтіп сала 2018 жылғыға қарағанда небары 0,7% өсім көрсеткен. Алматы облысы былтыр 65,3 мың тонна ғана қант өндірген, бұл алдыңғы жылғыдан 3,9%-ға кем. Жамбыл облысы 157,1 мың тонна қант өндіріп, саланы рецессиядан әзер сақтап қалды.

Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева Қазақстанда болған 7 қант зауытының үшеуі ғана жұмыс істеп тұрғанын, қалғаны түбегейлі жаңғыртуды қажет ететінін айтады.

Оның мәліметінше, отандық өндірушілер Ресей мен Беларусьтан келетін импортпен бәсекелестікте ұтылып қалды: еуразиялық екі елдің тауар өндірушілері бірнеше жыл бұрын алдымен демпинг жасап, қазақстандық нарықтағы бағаны түсіріп тастады да, артынан өздері үстем жағдайға жеткесін бағаны күрт көтеріп жіберді. Осыдан кейін ел үкіметінің қант импортына мораторий енгізуіне тура келген.

Бірақ алда дағдарыс қайталануы мүмкін. Ресейде қант өндірісі артуда: солтүстік көршіде 6 млн тоннадан астам құмшекер бар. Ресей Федерациясында 62 қант зауыты тәулігіне 315,6 тонна қызылша өңдейді.

Сонда біздің кәсіпорындардың қант экспортына неге тыйым салынбақ: Бұл шетелден қант әкелуге қойылған шектеу кесірінен ішкі нарықта осы өнімнің тапшылығын болдырмау үшін жасалғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу