Үкімет бағдарламасы мұнай бағасының алдында қауқарсыз

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1789

Үкімет шикізаттық тәуелділіктен арылмайынша, экономиканы толықтай бақылауда ұстай алмайды.

Үкімет бағдарламасы мұнай бағасының алдында қауқарсыз Фото: today.kz

Шикізат бағасының қайта көтерілуі, оған қоса, Қашағанның толық қуатымен жұмыс істей бастауы салаға салынатын инвестицияны да ұлғайтатыны заңды. Демек, келер жылдан бастап мемлекеттің экономиканы әртараптандыру саясаты қайта құлдырау қаупі бар.

Бүгін үкімет үйінде министрліктер мен облыс әкімдіктері және үкіметке қарайтын өзге де ведомство басшылары премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа 2016 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік қызметкерлер осы уақыт аралығында республика бойынша барлық салалардағы жеткен жетістіктер туралы кезектесіп есеп берді.

Досаевтың жоспарына Бишімбаев жете алмады

Бірінші болып сөз алған ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев биылғы жалпы ішкі өнімнің 0,8% деңгейінде екенін айта келіп, экономикалық өсімнің қарқыны қатты екенін айтты. Дегенмен, өткен жылы осы министрлікті басқарған Ерболат Досаев 2016 жылғы жалпы ішкі өсімнің 2,1% деңгейінде болатынын уәде еткен еді. Досаев сол кезде мұнай бағасының 2016 жылы орташа есеппен 40 доллар болғанда осындай деңгейге жететінімізді айтқан болатын. Ал биылғы шикізат бағасына қарайтын болсақ, әсіресе, жыл соңында қарқынды түрде қымбаттаған қара алтын 2016 жылы орташа есеппен 45 доллар айналасында болған.

Досаевтың былтырғы баяндамасындағы сандарға қарағанда халықаралық Fitch агенттігінің мәліметтері шындыққа барынша жақын болған. Жыл басында бұл агенттік Қазақстандағы экономикалық өсім 1,5% шамасында болатынын болжады. Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумда да Қазақстан экономикасы биыл 1-2% аралығында дамитыны айтылған. Ал жылдың ортасына қарай, шілде айында жаңартылған баяндамада Қазақстан өз экономикасын былтырғыдан 1%-ға көбейтеді делінген болатын.

Бүгінгі шарада сөз алған үкімет басшысы биыл 1%-ға жетуге әлі де мүмкіндік бар екенін айтты.

"Қазір барлық резервті қолданып отырмыз. Біз әкімдермен және компаниялардың басшыларымен сөйлестік. Біз жылды 1%-дық өсіммен аяқтай аламыз, сол үшін осы бағытта барлық күшімізді жұмсауымыз керек", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Жекелеген секторларға тоқталатын болсақ, Бишімбаевтың айтуынша, республикада тауарлар өндірісі 0,9%, қызметтер 0,6%, өнімдерге салынатын салық 2,4% ұлғайған.

Ауыл шаруашылығының шарықтау шегі 2018 жыл болмақ

Жалпы экономикалық көрсеткіш төмен болғанымен, бюджетке түсетін қаражаттың сапасы ұлғайған. Сапа дегенде де, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін әдеттегі шикізат, яғни, мұнай-газ бен металлургия емес, дайын өнімді сыртқа сату жағы едәуір ұлғайған. Былтыр 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы 40 доллар деп бекітіліп, іс жүзінде биыл орташа баға 45 доллар болғанымен жоспарлы көрсеткішке қол жеткізе алмағанымызбен, экономиканы әртараптандыру жұмыстарының жемісі биылдан бастап жемісін бере бастағандай.

Соның ішінде экономиканың екінші қозғаушы күні ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары. Осы орайда, мұнай бағасының түсіп кеткенінен кейін теріс айнала бастаған инвесторларды енді біздің елдің шикізатымен қатар ауыл шаруашылығы салалары да қызықтыра түскендей.

Үкімет басшысына ауыл шаруашылығы саласы атынан есеп берген бірінші вице-министр Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығындағы жалпы өндірістің 4,5%-ға артқанын айтты. Жалпы, республиканың ауыл шаруашылығына шетелдік қалталылардың қаржы құя бастағаны енді ғана екенін ескерсек, алдағы уақытта саланың даму қарқыны көңілге қонымды. Олай дейтініміз, вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығының инвестиция көлемі 48%-ға артып, 11 айдың қорытындысы бойынша 228 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 148 млрд теңге болған.

Сонымен қатар, биылғы рекордтық көлемдегі астық келер жылы республика бюджетіне пұл болып кіреді. Дегенмен, одан кейінгі 2018 жылы бұл саланың да даму қарқыны бәсеңдеуі ықтимал. Себебі, келер жылдан бастап астық егістіктері қысқартылып, оның орнына майлы дақылдар мен арпа алқабы кеңейетіні туралы АӨК-ті дамыту жайлы құзіретті ведомствоның арнайы бағдарламасы дайындалған.

Республика бюджетінің негізгі саласы ретінде құрылыс саласы да аталды. Оның ішінде "Нұрлы жол" бағдарламасы, Бишімбаевтың айтуынша, биыл 99,9%-ға орындалуы тиіс. Инфрақұрылым саласын алға сүйреуші республикалық маңызы бар күре жолдар құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы жоғары тұрғын үй құрылысы бюджеттің негізгі көрсеткіші болуымен қатар, бюджет қаражатының ең көп жұмсалатын салалары екені анық.

Министрліктің мәліметінше, сырттан келетін инвестицияның ауқымды бөлігі осы салаға да тиесілі көрінеді.

Шикізаттық тәуелділіктен құтылмадық

Келер жылғы республикалық бюджеттің мұнай бағасын 35 долларға есептеп бекітілгені анық. Ал Goldman Sachs ұйымының мәліметінше, келер жылғы орташа баға 55-60 доллар айналасында болмақ. Осы орайда, шикізат бағасының қайта көтерілуі, оған қоса, Қашағанның толық қуатымен жұмыс істей бастауы салаға салынатын инвестиция көлемін де ұлғайтатыны заңды. Демек, келер жылдан бастап мемлекеттің экономиканы әртараптандыру саясаты қайта құлдырау қаупі бар. Ел бюджеті қайтадан шикізаттық тәуелділікке үйреніп, қосалқы салалар, соның ішінде ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны бәсеңдеуі ықтимал.

Дегенмен, Үкімет мүшелерінің бүгінгі баяндамасында елдегі машина жасау, азық-түлік өнімдері былтырғыдан тиісінше 12,6 және 3,8%-ға артқаны байқалады. Азық-түлік өнімдері тікелей ауыл шаруашылығы саласының дамуына байланысты болса, машина жасау саласын дөп басып айту әзірге мүмкін болмай отыр. Белгілісі, биыл жыл соңында елдегі көлік саудасы бәсеңдеген. Дегенмен, шетелдік қымбат көліктердің теңге бағамымен бірге көтерілгені соңғы бірнеше жылда отандық көліктердің саудасын қыздырғаны анық.

Қалай дегенде де, Қазақстан экономикасы әлі де шикізаттық тәуелділіктен арылмай келеді. Үкімет мүшелерінің құрған даму жоспары мен бағдарламалары мың құбылған мұнай бағасының жанында қауқарсыз екені бүгінгі жиыннан тағы аңғарылды. Үкімет осылайша кезекті рет шикізаттық тәуелділіктен арылмайынша, экономиканы толықтай бақылауда ұстай алмайтынына көз жеткізгендей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу