Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл және одан кейінгі жылдары экономикалық өсудің қарқынын ұлғайту үшін Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір ұлғайтады. Атап айтқанда, Үкімет "Бәйтерек" холдингінің капиталын 2025 жылы 1 трлн теңгеге ұлғайтады. Бұл шара холдингке
8 трлн теңге сомасына жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Аталған инвестициялар елімізде жаңа жобаларды құруға бағытталатын болады", – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс қуаты ұлғайып, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындары құрылады.
Бизнесті қолдау үшін "Бәйтерек" тарапынан қаржыландыру көлемін ұлғайтумен қатар, қаржыландырудың жаңа құралдары енгізілетін болады.