Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі желтоқсан айы басында "Реттегіш құралдардың реттеушілік әсеріне талдау нәтижелері бойынша талдамалық нысан" деген ұзын атауы бар құжатты қоғамдық талқылауға шығарды.
Онда белгілі бір санаттағы азаматтарға Қазақстанның кез келген қаласында тегін жол жүру мүмкіндігін берудің есептемелері келтірілген.
Бұл әлеуметтік шараны "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында іске асыру ұсынылады.
Бүгінде әр қала әкімдігі өздеріндегі автобустарда кімдердің тегін немесе жеңілдікпен жүретінін өз бетінше анықтайды және бұл артықшылық тек жергілікті тұрғындарға ғана берілген. Тиісінше, өзге өңірлерден келген қазақстандықтар ол игілікті пайдалана алмайды. Қазақстан секілді унитарлы мемлекетте бұл, әрине, нонсенс. Өйткені бір елдің азаматтары елдің әр қаласында кемсіту көреді.
Жаңа бастама осы олқылықты түзете алар еді.
"Қазіргі уақытта жергілікті бюджетте қаражаттың жоқ болуы немесе жетіспеуі салдарынан жергілікті атқарушы биліктер көпбалалы аналарға – "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" наградталғандарға немесе бұрын "Батыр ана" атағын иеленгендерге, сонымен қатар І топтағы мүгедектерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру түрінде әлеуметтік қолдау көрсете алмауда. Бұл ретте көпбалалы аналар мен мүгедектерге жыл сайын инфляцияның өсуі, халық табысының құлдырауы, барлық әлеуметтік маңызды тауар мен қызметтің қымбаттауы қиындық келтіріп жатыр. Осыған байланысты аталған санаттағы тұлғаларға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығын беру қажет", – делінген талдамалық нысанда.
Егер ұсынысты Парламент құптаса, жаңа әлеуметтік қолдау түріне қанша азамат ілікпек? Ведомствоның мәліметінше, қазір Қазақстанда "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана" атақтарының ие 235 мың 125 әйел, сондай-ақ І топтағы 66 мың 229 мүгедек бар.
Бұл жаңалық қашан енгізілуі мүмкін? Ол екі кезеңге бөлініп отыр. 1-кезеңде жаңа заң жобасы арқылы қолданыстағы "Автомобиль көлігі туралы" заңға өзгерістер енгізілуі керек. Заңды Парламент қабылдаса, онда министрлік 3 ай ішінде "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына" өзгеріс енгізіп шыға алады.
Бұған қоса, халыққа тағы бір сыйлық жасалуы ықтимал. Атап айтқанда, егер әлгі заң жобасын Парламент қолдаса, Үкімет еліміздегі барлық жасөспірімнің бүкіл қалада жеңілдікпен жүруін де енгізуге ниетті. Өйткені жергілікті бюджеттерде қаржы тапшылығы кесірінен "15–18 жастағы бозбалалар мен бойжеткендер мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығынан тыс қалған". Тек 7–15 жастағы балалар ғана 50 % жеңілдікке ие.
Құжатта азық-түліктің қымбаттауы, инфляцияның шарықтауы, отбасы кірістерінің құлдырауы дәл осы санаттағы қазақстандықтарға соққы екеніне назар аудартылған. Себебі осы жастағы азаматтардың көбі мектепте немесе колледжде оқығандықтан жұмыс істемейді. Жұмысқа тұрғысы келетіндерін автобус билетінің қымбаттығы тоқтатады.
Сондықтан 15–18 жастағы азаматтарға барлық қалада, барлық қоғамдық көлікте 50 % жеңілдікпен жүруге мүмкіндік жасау ұсынылады. Қазақстанда осы жас аралығындағылар саны 917 мың 284 адамды құрайтыны анықталды.
Осы қадамның экономикалық тиімділігі де бар екен. Жеңілдік енгізілген жағдайда біріншіден, жастар автобустармен жиірек қатынап, автопарктердің табысын арттырады. Екіншіден, жас ұрпақтың қозғалу мүмкіндігі, мобильділігі артып, олардың жұмысқа тұруына жол ашылады. Мысалы, курьерлік жұмыстармен айналыса алады, қаланың өзге аудандарындағы жұмыс орнына құлашын кең жазуына болады. Осылайша, жеңілдік жасалуы олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септеседі.
Жанат Ардақ