Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды

1679

Ауылдық жерлердегі медицина нысандарының құрылысын бастау мерзімі бұзылған.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды Фото: Үкімет

Премьер-Министр Олжас Бектенов "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асырудағы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын атап көрсетті. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ", - деді Премьер-Министр.

Сөзінше, жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Салдарынан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды.

"Өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 нысан аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді", - деп жалғастырды Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов әлі күнге дейін көпбейінді аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталмағанын баса айтты.

"Оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады. Министрлік олардың есеп-қисабын жүргізген де жоқ. Медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет", - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге биыл барлық объектінің құрылысын нақты мерзімде аяқтауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу