Премьер-министр Олжас Бектенов KazLLM тіл моделін әзірлеуді жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану оны бизнес пен ғылыми қоғамдастыққа жалға беру арқылы экономика секторларында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Суперкомпьютер жобасын бастау үшін жасанды интеллект құралдарының құқықтылығы бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін жалға алу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ қазақстандық тіл моделін (KazLLM) әзірлеуді жеделдету маңызды. Осыған байланысты Қаржы министрлігіне биылғы шілденің соңына дейін қолданыстағы тәртіпке қажетті түзетулерді пысықтауды тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Ғылым министрлігіне Назарбаев Университетімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін KazLLM үлкен тілдік моделіне арналған деректер жинауды аяқтауды тапсырды.