Үкімет басшысы: Мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету

1873

Биылғы сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. 

Үкімет басшысы: Мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазіргі жағдайда экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз ету керектігін айтты. 

"Осыған байланысты мен мына мәселелерге назар аударғым келеді. Бірінші. Министрліктер мен өңір басшылары экономиканы одан әрі әртараптандыру, және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыруы қажет. Бұл орайда, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім шығаруға басымдық берілуі тиіс. Іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын жандандыру қажет", - деді ол.

Үкімет басшысы бұдан бөлек өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда жоспарланған инвестициялық жобалар пулын іске асыруға күш салу қажет екенін атап өтті .

"Біз негізгі капиталға 18,5 трлн теңге мөлшерінде биыл инвестиция тартуымыз керек. Екінші. Кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын әрі қарай жалғастыру маңызды. Әсіресе, шағын және орта бизнесте жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керек. Жаңа өндірістердің пайда болуына және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде қолдаған жөн. Бизнесті ашуға және жүргізуге барынша жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу қажет", - деді.

Үкімет басшысы бұл міндеттің тиісті министрліктер мен әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдар "Атамекен" палатасымен, сарапшылар қауымдастығымен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз етуі керек екенін баса айтты.

"Үшінші. Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4%-не дейін біртіндеп қысқарту. Биыл 2025-ші жылға дейінгі жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ға орындалуын қамтамасыз ету керек.

Төртінші. Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет. Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы жылдың сәуір айында инфляция 16,8%-ке дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек. Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Бесіншіден, қаржылық тәртіпті күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды, деп атап өтті Премьер-министр. 

"Бизнестің жол картасы – 2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары бойынша іске асырылатын шаралардың сапасын жақсартқан жөн. Қаржыландыруға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік параметрлердің қатаң сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет", - деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу