Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысында жүр

Асқар Маминнің Алматы облысындағы жұмыс сапары Панфилов ауданындағы "Қорғас — Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағынан басталды.

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысында жүр

Премьер-министр Қытаймен шекарадағы бірнеше нысанмен танысып, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді.

Бүгінде Панфилов ауданының аумағында еліміздің көлік-логистикалық кешенінің дамуына үлес отырған бірнеше шекаралық өткізу бекеттері бар. Соның бірі өткен жылы ашылған "Нұр жолы" өткізу бекеті. Бұл кедендік өткізу бекетінің іске қосылуы Қазақстандағы транзиттік-логистикалық қызмет көрсету сапасын жаңа белеске көтерді десе болады. Қазірге "Нұр жолы" өткізу бекеті техникалық жабдықталу, көлік құралдарын тексеріп, өткізу жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша үздік тұр. Тоқтаусыз жұмыс істейтін, автоматтандырылған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты бұрынғыға қарағанда 40 минутқа дейін қысқарған. Сондай-ақ, бұл құрылым бойынша екі бағытқа бірдей 2500 автокөлік құралын бір мезетте өткіуге қол жетіп отыр. Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігін тоқтаусыз жөнелтуге жол ашылды. Есесіне, транзиттік көлік ағыны ұлғайды. Биыл жыл соңына дейін жаңа бекет тәулігіне 5000 көлікке дейін екі бағытта өткізе алатын мүмкіндікке қол жеткізбек.

Премьер-Министр Асқар Мамин ат шалдырған келесі нысан "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы болды. Жалпы, еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына, сол арқылы экономиканы жандандыруға бағытталған қадамның жемісті болуына "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағының өзіндік үлесі бар. Арнайы экономикалық аймақ қазірдің өзінде Батыс Қытай мен Батыс Еуропа елі аралығында алтын көпір орнатып, дүниежүзінің сауда нарығындағы үлкен "ойыншы" қызметін атқара бастады. Мысалға, 2018 жылы "Шығыс" қақпадан 95 мың ЖФМ, яғни жиырма фунттық мөлшермен өлшенетін жүк тасымалдайтын контейнер жөнелтілген. Яғни, Қорғастағы құрғақ порт арқылы еліміздің батысындағы Құрық теңіз портына теміржол арқылы жөнелтілген жүк әрі қарай теңіз жолы арқылы Еуропаға сапар шегуде. "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар толық аяқталып, нәтижесінде құрғақ порттың жүк өткізу қуаты 2020 жылы толық іске қосылып, тасымалданатын контейнерлер санын 500 000 дейін жетпекші.

Сондай-ақ, Панфилов ауданынындағы жұмыс сапары барысында Асқар Мамин "KIF Warehouses" серіктестігінің құрғақ жүк сақтайтын қоймаларының құрылысымен танысты. Біріккен Араб әмірліктерімен әріптес аясында жүзеге асқан жоба алдағы сәуір айында іске қосылмақ. Жалпы құны 5,1 млрд теңге болатын "А" сыныпты қоймалардың 24964 шаршы метрі құрғақ жүк сақтауға арналса, қалыпты температурада жұмыс істейтін бөлігі 14 516 шаршы метрді алып жатыр.

Бүгін Премьер-министрдің сапары облыс орталығы Талдықорған қаласында жалғасады. Асқар Мамин қаладағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, өңірдегі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныспақ.

Ал ертең Үкімет басшысы Жетісу жеріндегі туризмді дамыту бойынша кеңес өткізіп, Талғар ауданы аумағындағы демалыс орындарының жұмысымен танысады деп күтілуде.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу