Үкімет Баянауылдың туризмін бес жылда дамытпақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
25539

Ел Үкіметі бұл мақсатқа 17,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. 

Үкімет Баянауылдың туризмін бес жылда дамытпақ

Қазақстан Үкіметі Баянауылдағы туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бағдарлама 2019-2025 жылдарды қамтымақ. 2019 жылдың аяқталуға аз қалғанын ескерсек, жоба-жоспарларды жүзеге асыруға толық бес жыл бар.

Павлодар облыстық туризмді дамыту және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, бағдарлама 10 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, экология, көріктендіру, әуежай, жол, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту, ұсынылатын өнімдерді кеңейту, инвестор тарту, кадрлық стратегия, оқиғалар күнтізбесі, маркетинг және жарнамалау секілді бағыттар бар. Аталған 10 бағыт бойынша 30-дан астам жоба жүзеге асырылмақ. Оған 17,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

"Туризмді дамыту үшін алдымен қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Бірінші кезекте, жол мәселесін реттеу қажет. Сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мәселесі де өзекті. Бағдарлама аясында Торайғыр ауылына апаратын 16,6 шақырымдық жол жөнделетін болды. Жоба 646 394 теңгеге бағаланып отыр. 2020 жылы Жасыбай көліне дейінгі 15 шақырымдық жол жөнделеді. Әзірше жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жасыбайдан Қоңыр Әулие үңгіріне дейінгі аралықты жөндеу жобасы әзірленуде. Қиыршық тас төселген жол 2020 жылы пайдалануға беріледі. Оған 121 млн теңге бағытталмақ", – дейді Марат Айдашев.

Сонымен қатар, Торайғырдағы "Александровка" подстанциясынан Жасыбай демалыс айлағына дейін электр желісі тартылатын болды. Жоспар бойынша жобаға 834,1 млн теңге бөлінбек. Оның 774,4 млн теңгесі республикалық бюджеттен алынады.

"Бүгінде аталған жоба бойынша алдын ала төлем жасалды. Жабдықтарға тапсырыс берілді. Оған 75 тірек, бұрыштық тіректерге арналған материалдар, күштік трансформаторлар, вакуумды ажыратқыштар, кабель өнімдері, тіректерге арналған іргетастар, темірбетон керек. Қазіргі уақытта 7 темірбетонды тірек, темір тіректерге арналған үш іргетас орнатылды. Темір тіректерге іргетас орнату үшін 6 шұңқыр қазылды", – дейді басқарма басшысы.

Бағдарлама шеңберінде Баянауылға және Жасыбай демалыс айлағындағы үйлерге сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылмақ. Алғашқы жоба бойынша "Павлодарэнергопроект" ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бұл жобаға 6 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде.

"Мердігер қажетті материалдар мен құжаттарды жинап, сараптамадан өткізуі қажет. Содан кейін жоба Баянауыл ауданы әкімдігінің балансына өтеді. 2021 жылға дейін аудан орталығында су бұру желісі пайда болады", – деп нақтылады Марат Айдашев.

Десе де, Жасыбай демалыс айлағындағы үйлерге су бұру желісін тарту мәселесі әлі шешілмеген. Өйткені, мұндағы жерлер "Баянауыл" ұлттық паркіне тиесілі. Сондықтан жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен жер учаскелерін Баянауыл ауданы әкімдігінің балансына өткізу керек. 

"2020 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу жоспарланған. Мәселен, Жасыбай – Қоңыр Әулие – Біржанкөл – Мәшһүр Жүсіп кесенесі бағытындағы жолды жөндеуге жергілікті бюджеттен 427 млн теңге бөлінеді", – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, келер жылы Баянауылда биодәретханалар, орындықтар мен қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Сондай-ақ киелі орындардың бағытын көрсететін арнайы белгілер қойылады.

Бұдан бөлек, 2020 жылы жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар салынбақ. Сондай-ақ арқан саябағын, өрмелі қабырға және аэростат іске қосылмақ.

Еске сала кетейік, Баянауыл туристік аймағы Қазақстанның ТОП-10 инвестициялық жобаларының қатарына енген болатын. Биыл жазда мұнда 130 мыңнан астам адам демалған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу