Үкімет базарлар мен дүкендерді Ресей және Түркия жұмыртқасынан тазалауда

2260

Қазақстандық кәсіпкерлерге, жалпы жұртшылыққа енді шетелден жұмыртқа әкелуге қатаң тыйым салынады.

Үкімет базарлар мен дүкендерді Ресей және Түркия жұмыртқасынан тазалауда Фото: canva.com

Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында осындай шешім қабылданды.

Сыртқы сауда саясатына қатысты мәселелер талқыланған жиында 2025 жылғы 1 сәуірден бастап, 6 ай мерзімге Қазақстан аумағына жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданды.

Жабық өткен кеңестен соң тыйымның дәйектемесі, не үшін енгізіліп отырғаны жария айтылмады. Бірақ кәсіпкерлер қазірден бастап шетелден осы өнімді тасу келісімшарттарынан бас тартуға мәжбүр.

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның өзі өндірген жұмыртқасы өз қажеттіліктерін толық өтейтінін жеткізді. Оның үстіне қазақстандық экспорт қарқынды азаюда.

Соның кесірінен құс фабрикаларының қоймалары әлі сатылмаған өнімге толып қалып жатыр. 

Құрамына жұмыртқа қосылатын еттің наны, бауырсақ, торт, нан-тоқаш өнімдері және басқасы көп жасалып, көп тұтынылатын ұлы мерекенің келгеніне қарамастан, барлық дерлік өңірде өнім арзандады. Мысалы, Астанада былтыр науадағы 30 данасының құны 3 мың теңгеге дейін шарықтаған еді, биыл 1 500 теңгеден еркін табуға болады.  

Сондықтан биылғы жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелден импорттық жұмыртқаны тасуға шектеу енгізу туралы бастаманы ілгерілетуге кіріскен.

Құс фабрикаларының мүддесін дөп басқан АШМ бұл шара "ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға көмектесетінін" алға тартты. Яғни, баға қайта қымбаттауы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, сырттан әкелінетін жұмыртқалар импорты онсыз да қатты құлдырап кетті. 2024 жылы Қазақстан 88,2 миллион жұмыртқаны шетелден тасып жеді.

Бұған 7,7 миллион доллар қаржы жұмсаған. Алайда бұл көрсеткіш саны жөнінен алдыңғы жылғыдан 3 еседей кем.

Қазақстан бұл өнімді негізінен Ресейден арбалайды: 2024 жылы – 79,7 миллионын әкелді (-2,9 есе төмендеді). Азырақ көлемде Беларусьтен – 7,2 млн (-1,9 есе), Өзбекстаннан – 720 мың, Қырғызстаннан – 486,2 мың дана (+8%) тасиды.

Сонымен қатар шіби-балапан алу үшін, инкубация мақсатында да әкеледі. Бұл бағыттағы импорт керісінше, қарқынды өсуде: өткен жылы  80,6 млн жұмыртқа әкелінді, бұл алдыңғы жылдағыдан 32,3%-ға артық.

Мұнда еліміздің басты жеткізушісі – Түркия. Одан кейін Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Португалия мен Чехия келеді.

Осы кезде қазақстандық экспорт 2,7 есеге құлады. Былтыр отандық құс фабрикалары жаһандық нарықтарға тек 58,9 миллион данасын өткізе алды. Қазақстандық балғын жұмыртқаны Ауғанстан, Ресей мен Қырғызстан ғана сатып алды.

Айта кету керек, дәл қазір Америкада жұмыртқа тапшылығы күшейді. АҚШ бұл өнімнің Канада мен Еуропадан импортын арттыруға мәжбүр. Таяуда каспийлік көршіміз Әзербайжан да Америкаға жұмыртқа экспорттауға рұқсат алды. 

Қазақстанда 2024 жылы жұмыртқаның 4,4 миллиард данасы шығарылды. Бұл 2023 жылғыдан 1,2%-ға көп. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, құс фабрикалары басым бөлігін, 3,7 миллиардын өндірді, өсімі – 2%.

Қалғанын, 697,4 миллионын – қолында тауық ұстайтын ауылдықтар (-2,5%-ға кеміді), 22,7 миллионын – фермер және шаруа қожалықтары, дара кәсіпкерлер (4,4%) өндірді.  

Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының президенті, "Жас-Қанат 2006" құс фабрикасының бас директоры Қайрат Маишев отандық құс шаруашылығы бұрынғы өндіріс әлеуетін 90-шы жылдары жоғалтып алғанын айтады. Салдарынан, өнім шығару көлемі де еселеп қысқарды, асыл тұқымды базадан да айрылды.

"Мысалы, Алматы облысында асыл тұқымды құс шаруашылықтары жұмыс істейтін, олар өздері шығарған етті, жұмыртқалы тұқымдағы төл тауық түрлерін өсіретін. Алайда өзге салалармен бірге құс шаруашылығы да күйрегенде, олар дамуын доғарып, жанбағыстың қамына кірісті, өзге бағытқа қайта бейімделді, немесе жабылды. Соның кесірінен, құс шаруашылығында Қазақстанның ішкі нарығын өз өнімімен қамтуы 60%-ға дейін құлдырады", – деді Қайрат Маишев.

Бертінде мемлекет тарапынан құс өсіруге қуатты қолдау көрсетіле бастады. Сарапшының айтуынша, 2006-2007 жылдары сала түледі.

Мемлекет инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды іске қосты, жүздеген миллиард теңге қаржы жұмсады. Тіпті құс фабрикаларының шетелден сатып алған қымбат жабдықтарының бір бөлігі бюджеттен субсидиялап, өтді. Сала жаңғырып, жаңарды.

Сондай-ақ өндірілген өнімге тауарлық субсидия беріледі. Шығарылған әрбір жұмыртқасы үшін фабрикалар мемлекеттен 3 теңге демеуқаржы алды. Өзге салаларда бизнес шығарған өнімін сатса ғана табыс таба алады. Ал, құс шаруашылығында тек өндіргені үшін бюджеттен миллиардтап ақша алды.

Нәтижесінде, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларының саны 2 есеге көбейіп, бүгінде 34-ке жетті.

Маишев 2014-2018 жылдары Қазақстан жыл сайын шетелге 1 миллиард данаға дейін жұмыртқа өткізіп келгенін еске салды. Салыстырсақ, 2024 жылы өзге елдерге тек 58,9 миллион данасын экспорттай алды. 

"Қазақстанда қазіргі кезде ойын ережелерін алдын ала болжап білу мүмкін болмай қалды. Бүгінде ресейлік құс фабрикалары біз үшін – салмақты бақталас. Олар субсидия арқасында өнімінің өзіндік құнын елеулі төмендете алады. Дәл Ресейдегідей арзан өзіндік құнға қол жеткізу үшін Қазақстанда көршіде бар жағдайларды жасауы қажет. Бұл азықжемнен басталады, оның өзіндік құндағы үлесі 70%-ға дейін барады. Сондай-ақ РФ-те аграршыларға 2,5% ставкасымен арзан несие қолжетімді. Қазақстанда бізге кредит 22% және одан қымбатқа түседі. Үкімет банктен алған кредиттерімізді субсидиялауға уәде етіп еді, орындамады", – деді Қайрат Маишев "ElDala" порталына сұхбатында.

Сала кәсіпкерлері қазақстандық жұмыртқаны Америкаға да, араб елдеріне де жеткізе алады. Өйткені сапасы жоғары, дәмі тіл үйіреді. Мысалы, шетелге шыққан қазақстандықтар біраз елде жаңа пісірілген жұмыртқадан жағымсыз, күлімсі иіс шығатынына куә болған шығар?

Алайда сапа жөнінен еш мәселе болмағанымен, тасымал жөнінен проблема көп. Ресей жаңа нарықтарды игеру үшін өз экспорттаушыларының "жол ақысын" федералдық бюджеттен төлеп береді.

Қазақстанда жұмыртқаға көлік-тасымал субсидиясы қарастырылмағандықтан, қымбат логистика жаңа нарықтарды игеруге мүмкіндік бермейді.

Олай болса, аграршылардың байламынша, жұмыртқа импортына 6 айлық тыйым кейінгі жылдары салада қордаланған мәселелерді түпкілікті шешпейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу