Бірақ шенеуніктер мен әкімқаралар "қылышын сүйретіп" келе жатқан қысты қарсы алуға тағы да дайын болмай шықты.
Үкіметтің бүгінгі отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралған болатын.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сенсек, Қазақстанның энергия таратушы кәсіпорындарының алдағы күз-қыс кезеңіне даярлық жұмыстары әлі аяқталмаған, бірақ тәмамдалуға жақындап қалыпты.
"Ай сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен түйіткілді мәселелерді талқылау мен олардың шешімін табу шараларын қабылдау бойынша салалық селекторлық кеңестер өткізіліп тұрады. Биыл 10 энергия блогына, 61 энергетикалық қазандыққа және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. 4 энергия блогында, 30 қазандықта және 21 турбинада түрлі аяқталу деңгейінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде", – деді министр.
Сондай-ақ, оның мәліметінше, жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын электр тарату желісіне және 6 300 аралық станцияға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 17 мың шақырым электр тарату желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл жоспардың 71%-ын құрайды. Мұнда да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Электр стансаларында 3,7 млн тонна көлемінде көмір қоры бар, бұл өткен жылдың деңгейінен 24%-ға артық, сондай-ақ 82 мың тонна мазут бар.
Бұдан өзге, энергетика министрлігінде "ҚТЖ" ұлттық компаниясы өкілдерінің, экспедиторлық және көмір өндіру компанияларының, көмір электр стансаларының өкілдерінің қатысуымен энергия көздерінде отынның нормативтік қорын құру және көмір тасымалдау мәселелері бойынша кеңес өткізіліпті. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Алайда бірқатар елді мекендерге биылғы қыста қатып қалу қаупі төнуде. Мәселен, Қарағанды облысында, соның ішінде "Арселор Миттал Теміртаудың" Теміртаудағы ЖЭО-2-сіндегі қазандыққа жүргізілген жөндеу сапасыз болып шыққаны анықталды.
"Арнайы әзірленген кестеге сәйкес, жылу-электр орталығында 3 қазандық пен 1 турбинада жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қыркүйектің басындағы жағдай бойынша 2 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталған. №6 қазандықта және №2 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жөндеу жұмыстары тиісінше 22 қарашаға және 30 қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс. Бұл ретте ЖЭО-2 қазандықтарының тіпті жөндеуден кейін де апаттық жағдайда тоқтауы тіркелген. Бұл биыл жүргізілген жаңа жөндеу жұмыстарының сапасыз орындалғанын көрсетеді", – деді Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 11 және 13 қаңтарында, яғни сыртта нағыз ақшұнақ аяз қысқан шақта Теміртаудағы жылу-электр орталығының үш бірдей қазандығы бірінен соң бірі істен шыққан болатын. Содан қарапайым тұрғындар мен әлеуметтік нысандар 16 қаңтарға дейін жаурады. Кейін жылу маусымын сәтсіздікке ұшыратқаны үшін үнділік миллиардер Лакшми Митталдың "Арселор Миттал Теміртау" компаниясына 85 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Бүгін үкімет отырысы барысында бейнебайланыс көмегімен елордаға шыққан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа биылғы жылы ондай сорақылықтың қайталанбайтынына сендіріп бақты. Айтқандай, бұған дейін Саран қаласының әкімі болған Шкарупа мырза биылғы жылы Қарағанды облысы әкімінің "энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар" салаларына дербес жауап беретін орынбасары болып тағайындалған еді.
"Ағымдағы жылы жөндеу көлемі өткен үш жылдағы жылдық көлемнен екі есе асып түсуде. Дәл қазір кестеден кешігушілік жоқ",- деді ол.
"Жағдайды, әсіресе, Теміртаудағы ахуалды бақылауда ұстаңыз. Өткендегі жағдай қайталанбайтын болсын!" – деп қатаң ескертті өңір басшылығын премьер Бақытжан Сағынтаев.
Ол "Шахан трагедиясының" қайталанбауға тиістігін де баса айтты. "Шаханда болған жағдай биыл қайталанбайды деп сенемін", – деді премьер.
Айта кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында түнгі 22:40-та Қарағанды облысының Шахан кентінде бесқабатты үйдің астында жылыту қазандығы жарылып, тұрғын үйдің бір бөлігі қирады. Төтенше оқиға салдарынан тоғыз адам қаза тапты. Үйінді астынан 32 жасар ер адам мен 11 жасар қыз бала ғана құтқарылды. Қызметінде бейқамдық танытып, қазандықтың жарылуына жол бергендері үшін Шахан кентінің әкімі Мұрат Жақыпов және бірқатар шенеуніктер айыпты деп танылды. Бұдан өзге шенділер қандай сабақ алды?
Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев сонда мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық үйлердегі автономды жылыту жүйелеріне ревизия жүргізуді жүктеген болатын.
Анатолий Шкарупаның мәліметінше, Шахан кентіндегі үйлерде жылу маусымы басталғанға дейін 18 жаңа, автоматтандырылған жылыту жүйелері орнатылатын болады.
"Автономды жылыту жүйелерін тұрғын үйлердің жертөлелерінен шығарып, алысырақ орнату жүргізілуде. Осындай 30 жүйе бар, соның ішінде биылғы жылу маусымы басталғанша, біз 18-ін шығарып үлгеруді жоспарлаудамыз. Қазіргі кезде 8 жүйе шығарылды. Тағы оны жылу жіберілгенге дейін жаңадан орнатылады. Бұлардың барлығы Шахан кентінде және біразы бюджеттік емес қаражаттар есебінен жүзеге асырылуда",- деді әкімнің орынбасары.
Ол тағы 12 автономды жылыту жүйесін сыртқа шығару келер жылға белгіленгенін айтады. Өйткені шенеуніктер оларға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеп үлгермегенге ұқсайды.
"Оның үстіне бұл қаупі аздау горизонтальды қазандықтарды пайдаланатын үйлерге қатысты болып отыр, олар негізінен Ақадыр кентінде орналасқан. Бұл салада төтенше жағдайға жол бермеу үшін қазандықтарға зерттеу жүргізілді және тұрақты негізде жұмысшылары оқытылуда", – деді Анатолий Шкарупа.
Жылыту маусымына дайындыққа инвестициялар және даму министрлігі де жауап береді. Ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек те бұл маусымға дайындық бар жерде әзірге "100 пайыз" еместігін растады.
"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 11 мың 139 білім беру нысаны жөнделді немесе жоспар 100% орындалды. Денсаулық сақтау нысандары бойынша 6 445 объектіні жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 6 319 объект жөнделіп, жоспар 98%-ға орындалды. 43 572 тұрғын үйдің 38 433-і немесе 88,2% жөнделді", – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Жергілікті атқарушы органдар 10 326 автономдық қазандықты жөндеуді жоспарлаған. Оның ішіндегі 9 736 қазандық немесе әзірге тек 94,3%-ы жөнделді. Бұл ретте министр кері тартқан өңірлерді атады. "Басқа өңірлермен салыстырғанда әсіресе, Астана қаласында (83,3%), Алматы (84,6%) және Қарағанды облыстарында (90,1%) жұмыс қарқыны төмен екені байқалады", – деді ол.
Жоспарланған 2113 шақырым жылу желілерінің 2 мыңы немесе 94,7%-ы жөнделді. Елімізде жалпы алғанда, жылу жүйелерінің барлығының ұзындығы – 12,2 мың шақырымды құрайтынын атап өтуге болады.
"Ағымдағы кезеңге Ақмола, Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жылу жүйелерінің дайындығы 85%-дан да төмен",-деді Жеңіс Қасымбек.
Алдағы жылыту маусымында дербес қазандықтарға 1 миллион 227 мың тонна көмір және 122 мың тонна мазут қажет екен. Бүгінгі күні 1 миллион 70,6 мың тонна көмір (қажеттінің 87,2%-ы) және 63,6 мың тонна мазут (52%-ы) дайындалыпты.
"Отын сатып алуы негізгі жоспардан төмен өңірлер бар. Мәселен, көмір ШҚО, БҚО, Қарағанды обылысында, Ақмола облысында және Жамбыл облысында мазут сатып алу көрсеткіші төмен",- деді инвестициялар және даму министрі.
Ведомство басшысы бір елең еткізген деректі жария етті: қазақстандықтардың және кәсіпорындардың кейбірі тіпті өткен жылыту маусымы үшін қарызын өтемепті.
"2017 жылғы тамыз айындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 13 милиард 580 млн теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек мынадай өңірлерде сақталып отыр: Алматы қаласы – 3 миллиард 3 млн теңге, Оңтүстік Қазақстан облысы – 3 миллиард 702 млн теңге, Маңғыстау облысы – 1 миллиард 894 млн теңге, Павлодар облысы – 858 млн теңге", – деді Жеңіс Қасымбек.
Бірақ ол алдағы қысқа оптимизммен қарайды.
"Жалпы, жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр және тұрақты бақылауда болады. Жылыту маусымының басталуына дейін барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінің жылыту маусымына дайындығын аяқтау, сондай-ақ дербес жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз ету қажет екенін ескере отырып, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жылыту маусымына дайындық мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет", – деп атап өтті министр.
Үкімет отырысында өзге де мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдері әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.
Мәселен, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерінің ақпараты бойынша жылыту маусымына 2 617 мемлекеттік балалар бақшасы, 7 094 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 473 колледж және 130 жоғарғы оқу орны дайын. Білім беру нысандары жылыту маусымына әзірлік бойынша акттерді алды", – деді Ерлан Кенжеғалиұлы.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2017-2018 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстары коммуналдық қызметтермен бекітілген кестелерге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Барлық өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарын жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр .
"Республикада денсаулық сақтаудың 5 774 нысаны (арендалық және жекеменшік нысандарды есепке алмағанда) жұмыс істейді, олардың: 822-сі орталықтан жылытылады, 312-сі электрмен, 3 815-сі қатты әрі сұйық отынмен және 825-і газ жабдығымен жылытылады. Жөндеу және даярлау жұмыстары, отын сатып алу және жеткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Республикалық маңызы бар 41 нысан бойынша жылыту маусымына орташа дайындық 98%-ды құрайды, 37 нысан әзірлік актісін алды, 4 нысанда жұмыс жалғастырылып жатыр және оны 30 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген",- деді еліміздің "бас дәрігері".
Жергілікті маңызы бар 5 733 нысан бойынша жылыту маусымына дайындық орта есеппен 92%-ды құрайды. Сонымен қатар 11 өңірде жұмыстар 90% және одан жоғары пайызға орындалған.
Отырыс қорытындысында премьер Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, сонымен қатар өңірлерге отын сатып алуға бөлінген қаражаттар туралы деректерді жинақтауды тапсырды. Аталған жұмысқа үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин дербес жауап беретін болды.
Бақыт Көмекбайұлы