Үкімет бизнес ашам дегеннің бәріне 200 млн теңгеден үлестіруде

942

  ШОБ үшін жаңа мүмкіндік: Қазақстан "Іскер аймақ" және "Өрлеу" бағдарламалары арқылы экономиканы жаңаша түлетуге ниетті.

Үкімет бизнес ашам дегеннің бәріне 200 млн теңгеден үлестіруде Фото: canva

Шағын және орта бизнестің өсуіне қуатты серпін берілетін болды. Мемлекет басшысының экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет кәсіпкерлікті қолдаудың түбегейлі жаңа моделін қалыптастырып жатыр. Оның басты мақсаты – отандық өндірушілерді локализациялау үдерісіне белсенді тарту, ірі кәсіпорындардың айналасында жаңа бизнес ошақтарын құру және өңірлерді нығайту, деп жазды inbusiness.kz.

"Іскер аймақ": ауылдар мен моноқалаларға басымдық

Бүгінде микробизнес және шағын кәсіпкерлік субъектілері ұсақ бизнесті қолдаудың бірыңғай "Іскер аймақ" бағдарламасы бойынша 200 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, бұл бағдарламаны "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры жүзеге асырады. Қолдау өңірлерде, ауылдық елді мекендерде, аудан орталықтары мен шағын қалаларда тұратын іскер жандарды несиелендіруге бағытталған.

Кәсіпкерлерді қолдау қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық шараларды қамтиды. Оған несиелерді субсидиялау, инженерлік желілерге қосылуға көмек, орынжайларды, жер учаскелерін жалға алу, тіпті оқыту курстарынан өтуге дейін кіреді.

Қаржыландырылатын жобалардың өңірлік басымдықты бағыттарының тізбесін әкімдіктер "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, әр облыс экономикасының ерекшелігін ескере отырып жасайды. Жергілікті өндіріске, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге, қолөнерге және өңірлік қосылған құн тізбегін қалыптастыратын басқа да жобаларға ерекше назар аударылады.

"Іскер аймақ" бағдарламасы қаржыландыруының негізгі көрсеткіштері:

• әрбір жоба үшін ең жоғары сома – 200 миллион теңгеге дейін;

• мақсатты бағыты – инвестициялар және айналым қаражатын толықтыру;

• мемлекет кредиттің номиналды ставкасының 40%-ын субсидиялайды, бұл ретте қарыз алушы үшін ставка кемінде 12,6% болады;

• субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін.

Меншікті кепілдік мүлкі жетіспеген жағдайда кәсіпкерлер "Даму" қорының кепілдігін пайдалана алады.

Несиеге қалай өтінім беруге болады? Бағдарлама жөнінде "Даму" қорының филиалдарынан және 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы кеңес алуға болады. Шалғай аудан тұрғындары үшін жергілікті жерде өтінім қабылдайтын мобильді фронт-офистер жұмыс істейді.

Сондай-ақ серіктес банктерге жүгінуге болады. Қор екінші деңгейдегі 8 банкпен және 4 лизингтік компаниямен серіктестік орнатқан: Halyk Bank ("Қазақстан Халық Банкі" АҚ), Банк ЦентрКредит, ForteBank, Нұрбанк, Еуразиялық банк, KZI Bank, Банк RBK, Alatau City Bank, сондай-ақ Merz Leasing Machinery, QZQ Finance, Нур Лизинг және BCC Leasing.

Нәтижелер де көп күттірмеді: биылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша мамандар 127 аудан мен 16 қаланы аралап, 146 рет сапарлаған, кәсіпкерлерге 1,8 мыңнан астам кеңес берді.

2026 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 400 миллиард теңге бөлінеді. Бұл шамамен 5 мың жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді. Тамыз айының басындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 21 миллиард теңгеден асатын 300-ден астам жоба мақұлданған. Соның ішінде 18 миллиард теңге тұратын 266 жоба нақты қолдауға ие болды.

Демеудің жаңа архитектурасы: идеядан зауытқа дейін

Бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда: пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, "Өрлеу" және "Іскер аймақ" бағдарламалары арқылы жеңілдетілген қаржыландыру, сондай-ақ "Даму" қоры арқылы кепілдіктер беру.

Қабылданып жатқан шаралар ірі кәсіпорындардың айналасында кәсібін дөңгелентіп, нәпақа табатын отандық жеткізушілердің желісін кеңейтуге және өнімді локализациялауға, сервис пен мердігерлік жұмыстарға ШОБ-ты тартуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл сайып келгенде, өндірістік кооперацияның дамуына, өңірлерде жұмысшыларды жұмыспен қамтуға, жергілікті бизнес табысының өсуіне, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

"Экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы – шағын және орта бизнес. Бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту бағытында жүйелі шаралар жалғасады. Басым салаларда кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін "Өрлеу" жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Өңірлік мамандану жобаларына бағытталған Шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай "Іскер аймақ" бағдарламасы да іске қосылды. Бағдарламаларды іске асыру 23 мыңға жуық жобаны қолдауға, 1,2 триллион теңге несие беруге мүмкіндік береді. Бұл ретте бюджеттік қолдау шамамен 127 миллиард теңгені құрайды", – деді премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Ірі бизнес отандық жеткізушілерді қамқорлыққа алады

Президенттің тапсырмасымен Қазақстан өз экономикасын қайта құруда. Енді ірі зауыттар мен фабрикалардың айналасында шағын және орта бизнес белсенді түрде топтастырылуда.

Басты мақсат – өндірістік алпауыттарды шикізатпен, бөлшектермен және сапалы сервиспен қамтамасыз ететін өңірлік кәсіпкерлерге қуатты серпін беру. Бұл тәсіл шетелдік өнімді жергілікті баламасымен ауыстыруға ғана емес, сонымен қатар ел ішінде қосылған құн жасауға, индустриялық тәуелсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Бұл жүйе толық қуатта жұмыс істеуі үшін мемлекет қаржы құралдарын жаңартуда. 2025 жылы іске қосылған "Өрлеу" жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы ауқымды жаңғыртудың беткеұстарына айналды.

Оның ресурстары зауыттарды жаңғыртуға, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешенді қайта өңдеу, логистика, медицина және білім беру сияқты басым секторларда өндірісті кеңейтуге бағытталған.

2025 жылдың қорытындысында "Өрлеу" арқылы 588 миллиард теңгеге бағаланған 2 278 жоба қаржыға ие болды. Ең жоғары белсенділікті ірі индустриялық орталықтар паш етті:

• Алматы қаласында – 104 миллиард теңгеге 319 жоба;

• Астана қаласында – 90 миллиард теңгеге 268 жоба;

• Алматы облысында – 56 миллиард теңгеге 150 жоба;

• Шымкентте – 52 млрд теңгеге 182 жоба қаржыландырылған.

Сондай-ақ қомақты қаржы Қостанай (30 млрд), Қарағанды (29 млрд) және Ақтөбе (23 млрд теңге) облыстарына бағытталды.

2026 жылдың басынан бері "Өрлеу" аясында шамамен 23 миллиард теңгеге тағы 131 жоба қаржыландырылды. Биыл қаражат тарту жөнінен Ақтөбе облысы көшбасшы атанды: мұнда ірі бастамаларды жүзеге асыру есебінен 7,4 млрд теңгеге 12 жоба қаржыландырылды.

Жоғары динамика Астанада (шамамен 4 млрд теңгеге 24 жоба), Алматыда (3,7 млрд теңгеге 21 жоба) және Шымкентте (1,4 млрд теңгеге 12 жоба), сондай-ақ Қарағанды (700 млн теңгеге 8 жоба) және Абай (700 млн теңгеге 10 жоба) облыстарында байқалуда.

Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер мен "Даму" қорының қоса қаржыландыруы негізінде ұсынылады. Қаржыландырудың ең жоғары көлемі 1 инвестжоба үшін 7 миллиард теңгеге, ал, айналым қаражатын толықтыру үшін 3,5 миллиард теңгеге жетеді.

"Қаржының қолжетімділігін арттыру және барынша көп кәсіпкерді қолдау үшін "Даму" қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының жабдықтарын жаңғырту үшін "Өрлеу" және "Өрлеу-лизинг" жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары арқылы қолдаудың нарықтық тетіктерін күшейттік. Сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдарда микро және шағын бизнесті кешенді қолдаудың "Іскер аймақ" бағдарламасы іске қосылды", – деді "Даму" қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев.

Мемлекет халыққа бет бұрды: мобильді фронт-офистер өңірлерге аттанды

Үкімет бизнесте уақытша қиындықтарға тап болғандарға қолұшын созуда. "Даму" қоры жанынан кәсіпкерлерге кешенді қаржылық, құқықтық және ұйымдастырушылық көмек көрсететін арнайы оңалту орталықтары ашыла бастады.

Бұл қолдау әсіресе шалғай өңір тұрғындары үшін өте өзекті. Ауыл кәсіпкерлері әрбір анықтама немесе кеңес үшін облыс орталықтарына сабылмас үшін қор "мобильді фронт-офистерді" жолға қойды.

Бұл – арнайы жабдықталған шағын автобустар. Онымен "Даму" қорының, әкімдіктердің, банктердің, "Атамекен" ұлттық палатасының, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "КазАгроФинанс" АҚ-ының және консалтингтік ұйымдардың қызметкерлері қалалар мен ауылдық аймақтарға өздері барады.

Кәсіпкерлер олардан мемлекеттік қолдау шаралары, қолжетімді жеңілдіктер, субсидиялар, гранттар немесе лизинг бағдарламалары туралы біліп, қаржыландыру бағдарламаларына қатысу үшін сол жерде дереу өтінім бере алады.

"Даму" қорының басшысы Сарсекеев негізгі назар кәсіпкерлерді шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай "Іскер аймақ" бағдарламасы туралы ақпараттандыруға бағытталған қаперге салды.

Бұдан басқа, бүкіл ел бойынша "Бәйтерек" холдингінің бірыңғай фронт-офистері жұмыс істей бастады: жыл басынан бері оларға кәсіпкерлерден 12 мыңға жуық өтініш түскен.

Бүгінде сарапшылардың мұндай мобилді бригадалары Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарын аралап жүр. Таяу арада оның қамту аясы тағы 5 облысқа кеңейтіледі.

Шалғай ауылдарға сапарлау сыртында, мобильді кеңселер ірі жәрмеңкелер мен бизнес-көрмелерде де жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлер өз ісінен қол үзбей-ақ қажетті кеңес ала алады.

Бұдан бөлек, осы көшпелі пункттерді жаңа деңгейге көтеріп, шағын бизнес үшін толыққанды консультациялық-оңалту орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр. Осының арқасында кәсіпкерлер өз жобаларын дамыту, кеңейтіп масштабтау және кәсіпкерлік қызметте туындайтын қиындықтарды еңсеру мәселелері бойынша сапалы қолдау ала алатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу