Үкімет диірмендермен күресін үдетті

2040

Қазақстан ұн өндірушілерді өнімін шетелге сату кезінде мемлекеттік қолдаудан айырды.

Үкімет диірмендермен күресін үдетті

Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде ұн – биліктің мақтанышы болатын. Біріншіден, мемлекеттік ақпарат құралдары кеңес кезінен келе жатқан "нан болса, ән де болады" деген қағиданы өрістетіп, Үкіметтің өз халқымызды ең қажетті тауармен қамтамасыз етіп отырғанын дәріптейтін.

Айтқандай, "ӘМАТ" аталып жүрген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты заңнама да кезінде ұн мен наннан басталған. Заңды айналымға тіпті "әлеуметтік нан" деген ұғым енгізілді. Ол Үкімет субсидиялау арқылы арзандатқан нанды білдіреді. Шынында, билік осы арқылы бұқараның қатты кедейленгенін жасырды.

Содан 2015 жылғы 9 қарашада Мәжілістегі Үкімет сағатында ауқаттан ықылық атқан сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қазақстандықтардың көбі қазір нан жемейтінін айтып, ол "ас атасы" болудан қалды дегенге келтіргенде, оны билік партиясының депутаттары да жаппай сынға алды. Сөйтсе, министр әлеуметтік нанның алдағы қымбаттауын дәйектемек болыпты.

АШМ дерегінше, сол кезде мемлекет халық арасында "кірпіш" аталатын 600 грамдық I сұрыпты нанды арзандату үшін 5-6 жыл бойы 6-дан 12-15 млрд теңгеге дейін шығындалып келген.

Ізінше билік теңге девальвациясымен бірге нан бағасын да құрықтауды қойып, еркіндікке жібере салды. Тек өңірлерде азғантай көлемде әлеуметтік нанды өндіру үшін шағын көлемде субсидияны сақтады.

Екіншіден, бұрын билік біраз уақыт бойы "Қазақстан ұн экспорты жөнінен әлемде №1 орында" деп мақтанды. Бұл мәлімдемелер шындықтан сәл қиыс кеткен. Экономистер Қазақстан жан басына шаққандағы ұн экспорты жөнінен әлемде бірінші орында екенін айтып, түзетті. Халқымыз аз болғандықтан. Негізі, бұл мақтанатын нәрсе емес еді. Қазір Ресейдің өз жері арқылы қазақстандық ұнның экспортына түрлі шектеу қоюы, тасымалдың қымбаттығы кесірінен Қазақстан жаһандық нарықтардың көбін жоғалтып, Орталық Азия және Ауғанстанмен шектеліп қалды. Оның өзінде бүгінде 42 миллион халқы бар ауғанның ірі нарығынан қазақ ұнын өзбектер мен ресейліктер ығыстырып шығарып жатыр.

Жалпы "ас атасының" шикізаты шетелдік барлық нарықтарын жоғалтуы да ғажап емес. Сауда және интеграция министрлігі бірқатар салалардың, соның ішінде ауыл шаруашылығының өнімдерін шетелге жеткізуді мемлекеттік қолдаудан айыруға қатысты шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл хабар экспорттаушыларды дүрліктірді.  

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Ерлан Баттақовтың 2022 жылғы 1 тамыздағы №314-НҚ бұйрығы https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200028994 18 тамызда күшіне енді. Атауында айтылғандай, құжат "өңдеуші өнеркәсіптің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын, өңдеуші өнеркәсіптің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің, сондай-ақ оларды сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша шығындары ішінара өтелетін ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекітеді".

Бұл жерде сыртқы нарықтарға ілгерілету шығындарының бір бөлігі өтелетін отандық тауарлар мен қызметтердің жаңа тізімі 951 позицияға азайтылыпты. Оның 629-ы азық-түлік тауарларына қатысты. Қысқарғандар қатарында бидай ұны, бидай кебегі, малға арналған құрама жем де бар. Ұн атаулыдан тізімде тек майда және ірі тартылған картоп ұны мен ұнтағы қалды.

Бұған қатысты "Атамекен" ұлттық палатасының Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев дабыл қағып, салалық Eldala https://eldala.kz/novosti/muka/10871-mukomolov-kazahstana-lishat-gospodderzhki-po-eksportu порталында мақала жариялаған болатын.

Оның түсіндіруінше, мұхитқа шығатын алып теңіз порттарынан географиялық тұрғыдан тым алыс жатқандықтан, қазақстандық бизнеске әлемдік нарықта тең бәсекелесу күрделі. Өйткені логистикалық, тасымал шығындары көп. Сондықтан 2016 жылы экспорттаушылардың көлік шығынын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау енгізілген болатын. Осының арқасында отандық өндірушілер біраз нарығын сақтап қала алды.

Жалпы бұл субсидияны ұн тартушы кәсіпорындар белсенді пайдаланатын. Тасымал шығынын өтеу бағдарламасының барлық қатысушыларының кем дегенде 50%-ын солар құрайтын.

Алайда жаңа бұйрық күшіне енгелі билік диірменшілерден өз саудасының географиясын ұлғайтудың бұл құралын тартып алмақ.

Ербол Есенеев бұл ретте Сауда және интеграция министрлігі заңды аяқасты етіп отырғанына назар аудартады. "Құқықтық актілер туралы" заңының 19-бабына сәикес, әзірлеуші органдар кәсіпкерлер мүдделерін қозғайтын консультативтік құжатқа немесе нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасына сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде оларды мүдделі меморгандармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырғаны туралы ұлттық кәсіпкерлер палатасына және сараптама кеңестеріне хабарлама жібереді.

Сауда министрлігі аталған қағидалардың бастапқы жобасын ашық НҚА-лар порталында 2022 жылғы 2 наурызда қоғамдық талқылауға шығарыпты. Сол кезде жобаның дәл сол редакциясы ұлттық палатаның сараптамасына түскен көрінеді.

Алайда Е.Есенеевтің мәліметінше, бүгінде жарық көріп отырған редакциясы бастапқы нұсқасынан концептуалды түрде ерекшеленеді. Соған қарамастан, оған ұлттық палатаның қосымша келісімін алу, салалық қауымдастықтармен, мүдделі бизнес нысандарымен талқылау жүзеге асырылмапты.  

Сорақысы сол, Бақыт Сұлтановтың командасы тіпті аса маңызды жобаның ақырғы нұсқасын алдын ала қоғамдық талқылауға шығармаған. Ашық НҚА порталының Сауда және интеграция министрлігіне арналған бөлігінде https://legalacts.egov.kz/list?governmentId=2372076 шынында да мұндай құжат жоқ.

Масқара болғанда, жоба тіпті салалық орталық меморганның – Ауыл шаруашылығы министрлігінің келісмін алуға да жолданбаған екен.

"Салдарынан, отандық өнімнің экспортын дамытуға жауапты басты меморган геосаяси ахуалдың және дәстүрлі экспорттық нарықтарымызда бәсекелестіктің күшеюі кесірінен мемлекеттің қолдауына бірінші кезекте зәру саланы субсидиялаудан алып тастап отыр. Үкіметтің алдына агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есе арттыру міндеті қойылғаны белгілі. Соның ішінде 2025 жылға қарай өңделген өнім экспортының үлесі 70%-ға дейін жеткізілуге тиіс. Қазіргі уақытта өңделген өнім экспортының жалпы көлеміндегі ұн тарту саласының еншісі шамамен 30%, яғни негізгі үлеске ие. Бірақ 2017 жылдан бері ұн экспорты 38%-ға – 2,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін құлдырап кетті", – дейді "Атамекен" ұлттық палатасының департамент директоры Ербол Есенеев.

Мұнда отандық ұн өндірушілердің айыбы жоқ. Мысалы, осыдан он жыл бұрын Тәжікстандағы әрбір екінші, ал Өзбекстандағы әрбір бесінші нан Қазақстанда жасалған ұннан дайындалатын. Алайда Өзбекстан қазақ ұнына акциз салығын енгізіп, оны импорттауға тосқауыл қойды. Оның орнына қазақ бидайын тасып, оны өзі тартып, дайын ұнды Ауғанстанға сата бастады. Осылайша, қазақ ұнын ысырып шығаруда. Тәжікстан да төл ұн өндірісін жолға қойды.

Сарапшылар Үкіметке шетелге бидай сатуды азайтып, оның орнына оны өңдеп, ұн, дайын өнім түрінде экспорттауды ұсынып келеді. Өйткені астық шетелге тым арзанға кетеді, ал шикізатты өңдеп, оны қосылған құны жоғары өнім түрінде сатса, елге келетін пайда бірнеше есе көп болатын еді. Бүгінде қазақ бидайын арзан алып, одан жасалған өз ұнын қымбатқа сатып отырған Өзбекстан алға озып, Қазақстанды шаң қаптырып кетті.

Ал біздің Сауда және интеграция министрлігі отандық өндірушілерге емес, олардың бәсекелестеріне көмектесіп отырғандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу