Үкімет ертеңді күтеді

2250

Премьер-министр Асқар Мамин ел тарихындағы 11-ші үкіметтің тұңғыш отырысын өткізді.

Үкімет ертеңді күтеді

Үкімет отырысын ашқан жаңа премьер Қазақстанның министрлер кабинетінің жаңа құрамы бекітілгеніне назар аудартты.

Атап айтқанда, бұған дейінгі Сағынтаев үкіметінде ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев вице-премьер мәртебесіне дейін жоғарыласа, ал Мамин командасында қаржы министрі Әлихан Смайылов вице-премьер деңгейіне дейін өсіріліп отыр.

Бұдан бөлек, осыған дейін мемлекеттік хатшы ретінде идеологияға жауап берген Гүлшара Әбдіқалықова қазір вице-премьер ретінде үкімет құрамына қосылды. Ол енді әлеуметтік мәселелерге тікелей жауап береді, осы бағыттағы министрліктер мен әкімдердің және басқа да жауапты мемлекеттік құрылымдардың арасындағы жұмысты үйлестіреді. Сарапшылардың байламынша, осы арқылы соңғы кезде елді дүр сілкіндірген, ешкімді де бей-жай қалдырмаған әлеуметтік сипаттағы оқиғаларға орай жаңа үкіметтің әлеуметтік қанаты күшейтілуде.

Жаңа премьер өз үкіметінің нендей мәселелерге бірінші кезекте жауап беретінін санамалады:

"Құрметті үкімет мүшелері! Елбасы бізге үлкен сенім артып отыр, бұл үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтауымыз керек. Үкіметтің жаңа құрамы айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер үкіметіне айналуға тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге шығару, халықтың табысы мен тұрмысы деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірінші кезектегі міндеттерді қоюда. Осындай нақты іс-шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын арттыра аламыз!" – деді Асқар Мамин.

Ол үкімет ісінің егжей-тегжейі, жұмыс бағдары сәрсенбіде мәлім болатынын білдірді.

Тиісінше, осы аптада ел үкіметі екінші рет қайта жиналмақ.

"Ертең "Нұр Отан" партиясының съезінде халыққа әлеуметтік қолдау көрсету және олардың тұрмыс сапасын арттыру бойынша бірқатар жаңа шаралар жарияланатын болады. Осыған орай келесі үкімет отырысында елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты шараларды талқылайтын боламыз", – деді үкімет басшысы.

Отырыста "Қазақстан үкіметі туралы" конституциялық заңында көрсетілген талапты орындау үшін үкімет құрамына алғаш кіріп отырған министрлердің ант беру рәсімі өткізілді.

Атап айтқанда, білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов адал қызмет етуге "ант-су ішті".

"Қазақстан халқы мен президенті алдында өз отаным Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессиялық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін! Ант етемін!" – деді олар.

Өзге он бір министр бұдан бұрынғы үкіметте министр ретінде ант беріп қойғандықтан, олардан қайтара ант қабылдау талап етілмеді. 

Асқар Мамин үкіметтің жаңа мүшелеріне жаңа лауазымдарында табыс тіледі.

Алғашқы жиындарынан үкімет мүшелері көтеріңкі көңіл-күймен шықты. Солардың ішінен журналистер еліміздің жаңа бас экономисін қоршай алып, оның алдыңғы әріптесіне қатысты пікірін және оның қайда кеткенін сұрады.

"Әзірге белгісіз. Бірақ Тимур Сүлейменов әрине, жұмыс жасайтын болады. Ол жақсы министр болды", – деп қысқа қайырды ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Тимур Сүлейменов 2016 жылғы желтоқсанда осы лауазымға тағайындалғанда, ақпарат құралдарының өкілдері оның алдында осы орынтақта отырған екі министрдің шенеуніктік тағдыры аянышты аяқталғанын меңзеп, ырым үшін креслоны жағартуды ұсынған болатын. Тимур Мұратұлы бұл ұсыныстан бас тартқаны есте.

Журналистер бұл жолы Руслан Дәленовтен экс-министрдің орынбасары жайын да сұрастырды: ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин өзінен монополистердің тарифтері туралы сұрай берген тілшілерге қатты ренжіп, "жынымды келтірмеңізші!" деп зекігені, артынан баспасөз қызметі арқылы кешірім сұрағаны мәлім.

"Ол кешірім өтінді. Қазір де сол қылығы үшін уайымдауда. Менің ойымша, кез келген қате пікірлерге, теріс қылықтарға жол беруге болмайды. Біз мұның жолын кесетін боламыз. Министрлікте тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай жұмыс барлық мемлекеттік органдарда жасалуы қажет. Өйткені БАҚ еріккен сұрақ қоймайды, біз мұны түсінуге тиіспіз. Ол сұрақтар халқымызды мазалайды. Демек, үлкен құрметпен қарау керек. Сондықтан саналуан мәселелердің байыбына терең барғандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтқым келеді", – деді журналистерге жаңа ұлттық экономика министрі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу