Үкімет ірі қалалардағы барлық букмекерлік кеңсені жабуға дайын

6416

Министрлік бәс тігу нағыз әлеуметтік апатқа айналды деп бағалады. 

Үкімет ірі қалалардағы барлық букмекерлік кеңсені жабуға дайын

Мәдениет және спорт министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы аясында тосын әрі қатаң қадам жасауға әзірленуде.

Атап айтқанда құжатта еліміздегі барлық букмекерлік кеңсе мен тотализаторды алыстағы резервациялауға көшіру ұсынылды. Бұл ретте кезінде казиноларға қолданылған тәжірибе қайтадан іске жаратылады. Басқаша айтқанда, бұлар да Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауына және Ақмола облысының Щучье ауданында орналастырылады деп күтілуде. Өзге жерде ашылуына тыйым салынбақ.

"Казино атаулы Алматы және Ақмола облыстарындағы мамандандырылған аймақтарға көшкеннен кейін құмар ойындар нарығын букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жаулап алды. Қазіргі кезде Қазақстанда 41 букмекерлік ұйым және 11 тотализатор лицензияға ие. Қазақстанның бүкіл аумағында қаптап ашылған бұлардың қызметі әлеуметтік және мәдени ахуалдың нашарлауына соқтырды. Өйткені халықтың едәуір бөлігі құмар ойындарға тәуелді адамға айналды. Сондай-ақ қылмыс деңгейі де артуда", – деп түсіндірді Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев.

Ведомствоның мәліметінше, осы ұйымдардың көбі бұрынғы казино орнында ашылыпты, әрі толыққанды ойын мекемелеріне айналып кетті. Олар бүгінде казинолар секілді шынайы уақыт режимінде бәс тігіп ойнауға мүмкіндік береді. Он бес жылдай бұрын, Щучинск пен Қапшағайдан басқа жердегі казиноны тегіс жапқан заң қабылданғанда букмекерлер мұндай қызмет ұсынбайтын, жай ғана бәс-ставка қабылдайтын касса түрінде болып келетін.

Нәтижесінде, елімізде ашылған  букмекерлік кеңселер саны 1 мың 162-ге, тотализатор қатары 22-ге жетті. Ал "клиенттердің шоттарын толықтыру және ақша алу пунктері" тіпті сансыз. Мұндай ойынханалардың көбейіп кетуі халықтың наразылығын туғызуда, ауыл-аймақта әлеуметтік шиеленісті күшейтуде екен.

Криминогендік жағдай нашарлап жатқаны да дәйек ретінде келтірілді. Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша үш жылда 998 қылмыс тіркеп, соның 691-і бойынша қылмысты толық аша алған.

Соттар 46 айыптау үкімін шығарды, 18,2 млн теңге көлемінде айыппұл салды, букмекерлердің ақша қаражаты және басқа да мүлкі мемлекет кірісіне аударылды. Қылмыстық кірістер миллиардтаған теңгемен есептелетіні мәлім болды.

Министрлік қолданыстағы лицензиялау "ары қарай ойын бизнесін мемлекеттік реттеу міндеттерін шеше алмайтынына" назар аудартты.

Сарапшылардың айтуынша, барлық мемлекет өз азаматтарының қолы бос уақытта көңіл көтеруге деген қажеттілігін ең төменгі   деңгейде қанағаттандыруға тырысады. Бірақ бірде-бір билік халықтың есіл-дерті құмар ойында болатын, одан басқаны ойламайтын есалаң күйге жаппай түсіп кетуін мақсат тұтпайды. Керісінше, ондай "індетке" тосқауыл қоюы қажет. Ұсынылған жаңа шаралар да осыдан туындапты.

"Біз жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 11% немесе 1,5 млн адам үнемі немесе дүркін-дүркін букмекерлік бәс тігеді. Сауалнамаға қатысқандардың 56%-ы букмекерлік тәуелділіктен зардап шеккен адамдармен таныс болып шықты. Осы әлеуметтік зерттеуді жүргізген әлеуметтанушы маман мұны "нағыз әлеуметтік апаттың белгісі" деп бағалады", – дейді Мәдениет және спорт министрлігі.

Сондықтан ведомство заң жобасында барлық букмекерлік кеңселер (БК) мен тотализаторларды Қапшағай және Щучинск жаққа көшіруді ұсынды. Мемлекеттік органның түсіндіруінше, егер депутаттар бұл бастаманы қолдаса, барлық қала мен ауыл-аудандағы букмерлік кеңселердің және кассаларының алыстан көз тартар жарқын жарнамалары және маңдайшалары алып тасталады. Осылайша, азаматтардың құмарлығын қытықтап, бәс тігуге шақыру тоқтатылады.

Әйтпесе, пандемия, төтенше жағдай және шектеу шаралары букмекерлердің аудиториясын кеңейтіп, үйде ерігіп бос отырған біраз адам бәс тігу ісіне тартылды. Букмерлік кеңселердің жарнамалары ғаламтордағы кино порталдарында қуатты жүріп жатқаны, жүктелетін немесе онлайн тамашаланатын әрбір фильмге кіріктірілгені белгілі.

Егер бұл заң күшіне енсе, біраз БК көшпей, мүлдем жабылып қалуы да мүмкін. Өйткені кезінде казинолар да сондай күйзелісті бастан кешті. Мәдениет және спорт министрлігі: "Шамамен 1100 адам жұмысынан айырылуы, бюджет 4,4 млрд теңге салықтық түсімнен қағылуы мүмкін", – дейді. Бірақ қоғамда ойынқұмарлық кеселі терең тамыр жайып кетпеуі үшін мемлекет осыған баруға ниетті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу