Тіл жанашырлары мектеп түлектерінің сол бұрынғыдай білім ордаларын қазақ тілін білмейтін күйде бітіріп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Демек, білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқыту мәселелері толыққанды шешілмеген.
Қазіргі кезде бастауыш, негізгі, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес, орысша және өзге тілдерде оқытатын мектептерде енді "Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" пәндері оқытылмайды. Бұрынғы білім және ғылым министрлері тұсында олар "Қазақ тілі мен әдебиеті" деген бір пәнге біріктірілді.
1–11-сыныптарда бүгінде сол оқытылады. Тіл мамандары бұл "франкенштейндік тәсіл" мектептерде мемлекеттік тілді оқытуға үлкен кесірін тигізгеніне назар аудартып, сынап жүр. Дегенмен, қазіргі Оқу-ағарту министрлігі бұл кесірлі реформадан бас тартпай, табандауда.
Ведомствоның сендіруінше, сол жалғыз пән аясында оқушылар мемлекеттік тілді коммуникативтік (қарым-қатынас), ойлау (ойды білдіру мен жеткізу), танымдық (дүниені тану мен меңгеру), номинативтік (заттар мен құбылыстарға атау беру), аккумулятивтік (мәдени және тарихи ақпаратты жинақтау), эмоционалды-экспрессивтік (сезім мен эмоцияны білдіру) құралдары арқылы меңгереді. Олар оқу мақсаттары, лексикалық тақырыптар және әдіс-тәсілдер арқылы қамтылған.
Ведомствоның мәліметінше, оқу бағдарламасында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тақырыптар ұсынылған. Бұлар – "Ғарышты игеру", "Экотуризм", "Қызыл кітап", "Энергия ресурстары", "Театр", "Заң". Бұл олардың сөздік қорын байытып, ойды еркін жеткізуіне және болашақ мамандықты дұрыс таңдауларына көмектеседі.
Әйтсе де, тіл дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдістемесінің басты кемшілігі – балабақша, мектеп, ЖОО бағдарламалары арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан деп пайымдайды.
Осыған орай бір топ сенатор Үкімет басшысына хат жазып, бірнеше ұсыныс енгізді:
· барлық мектеп пен жоғары оқу орындарында грамматиканы оқытудың ұстанымдарын қайта қарау,
· қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік негіздерін өзгерту,
· мемлекеттік тілге үйретудің деңгейлік жүйесіндегі орта мектептегі қазақ тілі пәнінің орны мен рөлін қайта қарау,
· қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың жеке тұжырымдамасын қабылдау ұсынылды.
Сенат депутаты Руслан Рүстемов салаға жаңа реформа, тың серпін қажет деп санайды.
"Өйткені қолданыстағы бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту жайы жете ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды. Баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу деген жоқтың қасы. Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ", – деді сенатор Рүстемов.
Мысалы, оның тұжырымдауынша, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәдениетін, әдеби тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға еркін түсіре білуі керек. Демек, мектепте тіл білімінің "Фонетика", "Лексика", "Морфология", "Синтаксис", "Стилистика" секілді салалары оқушылардың жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай, жүйесі бұзылмай оқытылуы керек.
"Оқушыға лингвистикалық білімді жас ерекшелігіне қарай спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Салдарынан оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды. Грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. Бала дағдыланбай жатып, оны ұмытып қалады", – деді Руслан Рүстемов.
Жалпы, "балық басынан" дегендей, проблема қазақ тілі мұғалімдерін даярлаудан басталады. Ұстаз білікті болмаса, шәкірті білімді бола алмайды. ЖОО-ларда "Филология" мамандығының білім беру бағдарламасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр ЖОО профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз қалауынша дайындайды.
Сарапшылар мұның дұрыс еместігіне сенімді: бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы, бірдей оқытылуы керек. Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы тиіс құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы қажет.
Негізі, мемлекеттік тіл тек филологтарға ғана керек емес. Кез келген маман – экономист, қаржыгер, заңгер және басқасы қазақ тілді тұтынушыларды кемсіте бермей, лайықты қызмет көрсету үшін қазақ тілін білуге тиіс. Бірақ ондай міндет сол бойы бекітілмеді.
Үкіметке жүгінген сенаторлар барлық ЖОО-ларда тілге қатысы жоқ болса да, барлық мамандықта қазақ тілі міндетті кәсіби пән ретінде оқытылуы керектігін қаперге салды. Сонда тілдік емес мамандықтарды бітіргендер қазақ тілін кәсіби түрде меңгерсе, болашақта қазақ тілін өз саласында ғылым тілі ретінде дамытады. Салалық терминологияны жүйелейтін білікті маман болып қалыптасады.
Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытуға тиіс орта – мектеп. Алайда оның білім беру стандарты түзелмесе, берер білімі де түзелмейді. Үкімет басшысы соңғы жылдары елімізде қазақ тілін оқыту тәжірибесі жаңартылып, әдістемелік тұрғыда елеулі жетістікке жеткеніне сенімді.
Біріншіден, қазақ тілін деңгейлеп оқыту тәжірибесі – A1, A2, B1, B2, C1 деңгейлері қолданысқа енді. Бұл жүйе оқушылардың тілдік қабілетіне қарай білім беруге мүмкіндік береді.
Екіншіден, орта білім беру мазмұнын жетілдіру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі стандартқа, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына қазақ тілін оқытуды күшейтуге бағытталған талаптар мен нормалар енгізілді. Оның ішінде "Тіл және әдебиет" білім беру саласының мазмұны, оқудан күтілетін нәтижелері, тілге ерте жастан бойлау, өзге тілде оқытатын сыныптарда кез келген оқу пәндерін қазақ тілінде оқыту қарастырылды.
Үшіншіден, біраз жыл бұрын жарияланғандай, қазақ тілді 1–4 және 5–9-сыныптарға арналған "Әліппе", "Ана тілі", "Қазақ тілі", "Әдебиеттік оқу", "Қазақ әдебиеті" пәндері енгізіледі. Олардың оқу бағдарламаларының мазмұны жаңа стандартқа сәйкес қайта қаралып, сараптамадан өтті. Бүгінде, Премьер-министрдің хабарлауынша, олардың үлгілік оқу бағдарламалары сынақтан, апробациядан өтуде.
Олжас Бектенов бұл оқулықтардың құрылымы оқушылардың жас ерекшелігі мен тілдік деңгейін ескеріп, тіл туралы білімді "қарапайымнан күрделіге қарай" сатылы ұсынуға негізделгенін жеткізді. Сол арқылы тілді жүйелі түрде меңгертуді көздейді:
- Бастауыш деңгейде, 1–4 сыныптарда – тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметін түсіндіру, сауат ашу, негізгі тілдік бірліктерді тану, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі.
- Орта буында, яғни, 5–8-сыныптарда – тілдік жүйе элементтері тереңдетіліп, тілдік категориялар, сөйлем құрылымдарына талдау жүргізу дағдылары дамытылады.
- Жоғары буында, тиісінше, 9–11-сыныптарда – тіл білімінің ғылыми негіздері, тілдің әлеуметтік-мәдени қызметі, стильдік жүйе мәселелері қамтылып, оқушылардың академиялық жазылым және ғылыми ойлау дағдылары қалыптастырылады.
Үкімет басшысы университеттерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне тоқталды. Мәліметінше, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес, барлық студентке "Қазақ тілі" пәні оқытылады: кредит саны 10 немесе 300 сағат.
Бұл пән ЖОО-ларда бекітілген үлгілік оқу бағдарламаларына сай барлық білім беру бағыттары бойынша оқытылады. Қазақ тілін тілдерді меңгерудің халықаралық стандарттары бойынша 5 деңгейлі оқыту мақсатында үлгілік оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
1 деңгей 5 кредиттен тұрады. Студент кемінде екі деңгейді, яғни, 10 кредитті меңгереді. Бұл жағдайда тілді меңгеру деңгейі диагностикалық тест нәтижелері негізінде анықталады.
Тілді меңгерудің әр деңгейі аяқталған соң емтихан тапсырылады. Бір семестрде қазақ тілінің орта деңгейін (В1) меңгерген студент келесі семестрде келесі В2.1 деңгейіндегі оқуды таңдап, жалғастыра алады.
Бектеновтың дерегінше, ЖОО-ларда "Кәсіби қазақ тілі", "Академиялық жазу", "Іс қағаздарын жүргізу және мемлекеттік тілде іскерлік қарым-қатынас" пәндері "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "Бизнес және басқару", "Құқық", "Филология" және басқа да даярлау бағыттары бойынша 3 кредит көлемінде оқытылады.
Пәнді меңгеру барысында студенттер мемлекеттік тілді кәсіби қызметінде қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланып, іскерлік этиканы сақтап, жаңа сөздерді, терминдерді меңгеруге дағдыланады.
Мемлекеттік тілді барлық мамандық иесіне үйрету бойынша кейбір университеттер үлгі боларлық бастамаларын жүзеге асыруда. Мысалы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде барлық білім беру бағдарламасының негізгі пәндер циклына "Іс қағаздарын жүргізу және мемлекеттік тілде іскерлік қарым-қатынас" (кәсіби қазақ тілі) пәні міндетті пән ретінде енгізілді. Оған 3 академиялық кредит беріледі.
КИМЭП университетінің "Компьютерлік ғылымдар" білім беру бағдарламасында "Кәсіби қазақ тілі 1" және "Кәсіби қазақ тілі 2" пәндері оқытылады (3 кредиттен). Ж.Ташенов атындағы университеттің "Құқықтану" білім беру бағдарламасында "Академиялық жазу" пәні енгізілген (3 кредит).
Жалпы, қазақша сөйлеймін деген шәкірт оны өз бетімен де меңгере алады, бүгінде оған жағдай жасалуда. Тілдік емес мамандықтар бойынша кәсіби қазақ тілін үйрену үшін студенттер түрлі ресурстарды пайдаланады.
Оның ішінде өз бетінше оқуға арналған Tilqural.kz және Tilmedia.kz платформалары, сондай-ақ неғұрлым құрылымды оқыту тәсілін ұсынатын Coursera, Google, LLP және басқа да платформалар болашақ мамандықтың ерекшеліктерін ескере әзірленген. Бірақ "тілім" деп құлшынып тұрған ел көрінбейді, сұраныс әлі де аз болып тұрғаны байқалады.