Үкімет Қазақстан халқының Батыс елдерінен бай екенін тосыннан анықтады

2477

Бұл үшін билік кедейшілік деңгейін қайта қарады. Нәтижесінде, елімізде тақыр кедейлер саны екі есеге жуық азайып шыға келген. 

Үкімет Қазақстан халқының Батыс елдерінен бай екенін тосыннан анықтады

Қаңтар оқиғаларынан кейін Үкіметке мүскін халге жеткен бұқараның тұрмысын түзеу жүктелген болатын. Осы мақсатта Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. 

Алайда енді Ұлттық экономика министрлігі "Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы" кешенді жоспарын бекіту туралы" Үкіметтің 2022 жылғы 14 сәуірдегі №218 қаулысына өзгерістер енгізу туралы жаңа қаулының жобасын әзірлеп отыр. 

Министрліктің түсіндіруінше, жаңа құжат "бағдарламаның құрылымын өзектендіреді", яғни түзетулер техникалық сипатқа ие. Бірақ үңіле қарағанда, қызықты жайттарының беті ашылады. 

Мысалы, "өзектілендірілген" соң, бір жылға жетпес уақыт ішінде Қазақстан дамыған елдерді басып озып, артта қалдырған болып шығады. Атап айтқанда, қазіргі қолданыстағы бағдарламада "Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) әдістемесі бойынша Қазақстандағы кедейшілік деңгейі орта есеппен 10%-ды құрайды", – деп жазылған. Үкіметтің жаңа қаулысымен бұл анықтама алып тасталады.

Оның орнына келесідей көркем анықтама беру жоспарланып отыр.

"Бүгінгі таңда кедейлік пен жұмыссыздықтың нақты деңгейінің проблемалары бойынша келесі жағдай байқалады. Қазақстандағы кедейлік деңгейі ЭЫДҰ елдеріне қарағанда едәуір төмен және 5,3%-ды құрайды. Салыстыру үшін: ЭЫДҰ елдеріндегі кедейлік деңгейі 2021 жылғы жағдай бойынша 20%-дан асты. Соның ішінде АҚШ-та – 15,1%, Болгарияда – 17,6%, Австралияда – 12,6%, Ұлыбританияда – 11,2%, Канадада – 8,6%", – делінген жаңа қаулы жобасында.

Шенеуніктерді тосын таңғажайып жетістіктерімен қол соға құттықтап қоюға болатындай. Бірақ бөрікті аспанға ата қуануға ерте көрінеді. Осы бір жылдан аз уақыт ішінде халықтың ауқаты тіпті құлдырай түсіпті. Мұны өзектілендірілген статистика көрсетіп отыр: кедей тұрғындарының үлесі ұлғайған өңірлердің саны 1 облысқа көбейді. Қолданыстағы бағдарламада мұндай өңір саны 12 деп көрсетілген. 

"13 өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 2019 жылдан бері табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі өсті", – деп нақтыланады жаңарған бағдарламада. 

Оның үстіне Қазақстанда ЖІӨ-ге шаққандағы жалақы көлемі де құлдырап барады. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы сәуірде 31,2% болса, 2023 жылы 30,1%-ға төмендеген. Қынжылтатыны сол, бұл жөнінен бейбіт Қазақстан біріккен Батыстың қуатты санкциялық қыспағында қалған және сонымен қатар соғыс жүргізіп жатқан солтүстік көршіге де тең болмапты. РФ-да бұл көрсеткіш былтырғы 46,7%-дан биыл 39,8%-ға дейін төмендеді, бірақ сонда да ол алда. 

"Қазақстанның ЖІӨ-сінің құрылымында басқа елдермен салыстырғанда жұмысшылар еңбекақысының төмен үлесі байқалады: 30,1%. Ресейде – 39,8%; ЕО-да – 47%; АҚШ-та – 53%. Бұған еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктер, жасырын жұмыссыздық проблемалары және соның салдарынан жұмыс істейтін кедейлердің өсуі ықпал етті. Жұмыс істесе де кедейліктен құтыла алмаған жұмыскерлердің үлесі Қазақстанда – 32,7%, Ресейде – 30,7%, Грекияда – 13,4%", – делінген экономика министрлігінің ақпаратында.

Үкіметтің тағы бір көзбояушылығы шындыққа кедергі болып тұр. Мысалы, ресми статистика қазақстандықтардың атаулы орташа табысы жыл сайын артқанын паш етеді. Шынында, керісінше құлдырап жатқан көрінеді. Бұл да жаңа қаулы жобасында келтірілген. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, халық табысының ағымдағы жағдайы теріс, негативті үрдіске ие. Бір қарағанда халықтың атаулы, номиналды табыстары тұрақты түрде өсіп барады: 2010 жылғы 39,2 мың теңгеден 2022 жыл соңында 152,5 мың теңгеге дейін ұлғайды. 

"Соған қарамастан, халықтың нақты табыстарының өсу қарқыны төмендеуде: 2019 жылғы өсімі 6,4% болса, 2020 жылы 4,3%, 2021 жылы 4,1%, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,5% ғана өсті. Бұл экономикалық өсудің баяулауына (2020 жылы -2,5%, 2021 жылы 4,3%, 2022 жылдың 11 айында 2,7%) және 2023 жылы да сақталатын жоғары инфляциялық қысымға байланысты (2020 жылы инфляция 7,5%, 2021 жылы 8,4%, 2022 жылдың желтоқсанында 20,3% болды). Бұл ретте, 2022 жылғы желтоқсандағы азық-түлік инфляциясы 25,3%-ды құрағанын және халықтың төлем қабілеттілігіне айтарлықтай теріс әсер еткенін ерекше атап өткен жөн", – делінген бағдарламаға түзетулерде.

Экономика министрлігі тағы бір үрейлі тенденцияны әшкереледі: өңірлер ЖӨӨ (жалпы өңірлік өнімі) бойынша бір-бірінен алшақтап барады. Мысалы, егер 2010 жылы ЖӨӨ деңгейі бойынша Алматы қаласы Солтүстік Қазақстан облысынан 8,7 есе асып түссе, 2022 жылы бұл алшақтық 10 есеге дейін артқан. 

Министрлік жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша өңірлік теңсіздік одан да жоғары екенін ескертті. Мәселен, 2022 жылы Түркістан облысының бұл көрсеткіші Атырау облысынан 17 есе арттап қалған. 

Қазақстанда қанша бай бар?

Экономика министрлігінің сарапшылары Қазақстандағы кедейлік мәселесін ушықтырған өзге де түйткілдерді әшкереледі. Соның ішіндегі ең салмақтыларының бірі – теңсіздіктің өсуі: халық табысының біркелкі бөлінбеуінің теріс үрдісі өрбуде. Елдегі нақты табыстың төмендеуі ең төменгі табысы бар отбасыларға соққы болды. Ал жоғары табыс табатын депутаттарға, биліктің өзге тармақтарының, ұлттық компаниялардың басшыларына дағдарыс әсер етпеген. 

Кірісті квинтилдік топтар бойынша бөлу көрсеткендей, 5-ші кірістер тобындағы, яғни жоғары кірісті қазақстандықтардың табысы ұлғайған. Керісінше, 2-ші, 3-ші квинтилдік топтың табыстарының үлесі азайды. Бұл да табыстағы теңсіздіктің өршіп бара жатқанын көрсетеді. 

2022 жылғы 3-ші тоқсанда Қазақстанда 3,8 миллион адам (қазақстандықтардың 20%-ы) бай санатына жатқызылған: елдегі бүкіл табыстың 39%-ын солар қанжығалапты. Салыстырсақ, олардың еншісі 2010 жылы – 37,9%, 2021 жылы 39,4% болған. Ендеше елді олигархтардан арылту жұмыстары әзірге нәтиже бермеген сыңайлы.  

Бағдарламада кедей халықтың үлесі 5,3% ғана делінгенімен, министрлік табысы ең аз халықтың үлесі шынында 20% деп отыр: 3,8 миллион қазақстандық кедей тобына жатқызылған. Себебі, оларға елдегі табыстың 9,9%-ы ғана тиеді. 2010 жылы олардың үлесі – 9,43% болған. 13 жылда елеулі өзгермегені байқалады. 

Халықтың қалған 60%-ын экономика ведомствосы орташаларға жатқызды: олар жалпы кірістің 51,1%-на ие.

Әлеуметтанушы Марат Бегімбет кедейлікке қатысты ақпаратты халықтан жасырудың қажеті жоқ деп санайды. 

"Билік кедейшілік шегінен де төмен жағдайда тұрып жатқан халықтың үлесін 1995 жылдан бері 6,5 есе азайттық деп мақтанады. Кедей қазақстандықтардың үлесі 1995 жылғы 34,6%-дан бүгінде 5,3%-ға дейін төмендетілді деп есептеледі. Осыған сеніп, халықаралық ұйымдар Қазақстанды ауқаты орташадан жоғары елдер санатына қосты. Шынында солай ма? Сену қиын. Тіпті елорданың орталығынан сәл ұзап, шетіне қарай шықсаңыз, ыңыршағы шыққан кедейлікке куә боласыз. Құлағалы тұрған, жерге сіңіп бара жатқан, көк басқан баспанасымақта тұрып жатыр. Ал ауылдағы жұрттың үлкен бөлігі күнделікті тамағы үшін де микронесие алуға мәжбүр. Бірақ статистиканың артуы атаулы әлеуметтік көмек сияқты тұрақты емес әлеуметтік қолдау шаралары есебінен жасалды. АӘК-ті бір жыл алып, келесі жылы қағылғандар жетерлік. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының да нәтижесі байқала қоймайды. Халықтың тұрмысын жақсартуда кешенді шаралар қажет", – деді әлеуметтанушы.

Ғалым әлемде кедейшілікті өлшеудің базалық индикаторы – Джини индексі мен қорлар коэффициенті саналатынын қаперге салды. Мысалы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде енді ғана қалыптасып жатқан аса ауыр кезеңде халықтың ең бай бөлігі мен ең кедей бөлігі арасындағы табыс алшақтығы 4 есеге жетіпті. Қазір ше? Ресми мәлімет бойынша шалқыған байларға барлық табыстың 39%-ы, ал тақыр кедейлерге 9,9%-ы тиесілі екені мәлімделді. Осылайша, бүгінде бұл алшақтық 3,9 есені құрады. Тоқсаныншы жылдардан бері көп өзгеріс байқалмайды

М.Бегімбет тағы бір жайтқа назар аудартты: халықаралық тәжірибеде халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруын өлшейтін индикаторлардың бірі – өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші болып табылады. Әрине, 90-шы жылдардан бері бұл көрсеткіш артты. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 1991 жылғы 67,6 жастан 2021 жылы 70,2 жасқа дейін өскен, алайда 2022 жылы 69,4 жасқа дейін төмендеді. Бұл салада Қазақстан тіпті ТМД-дағы өзге елдерден қатты қалып қойды. Мысалы, Грузияда халықтың өмір сүру ұзақтығы 77,5 жас, Арменияда 76, Тәжікстанда 75,1, Беларусьте 74,5, Өзбекстанда 73,8 жас, Әзербайжанда 73,6 жас, Ресейде 72,4 жас.

Мұның бәрі жаңа Үкіметке халықты кедейлік құрдымынан құтқарудың тың тәсілдерін тауып, жаңа бағдарлама қабылдауға итермелесе жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу