Үкімет қазақстандықтардың жалақысына қатысты жаңа шешім қабылдады

157

Республика жалақыны түрлі алым-салық пен қаптаған жарналар арқылы азайту жөнінен Американы басып озыпты.  

Үкімет қазақстандықтардың жалақысына қатысты жаңа шешім қабылдады Фото: kazbusiness.kz

Ұлттық статистика бюросының күні кеше жариялаған суық статистикасы елде адал еңбек, маңдай тер, табан ақысымен нәпақа тауып жүрген қарапайым жұмысшылардың жігері жаппай құм болып жатқанын паш еткендей. Статорганның есебі халық табысының рекордтық деңгейде құлдырағанын көрсетті, деп жазды inbusiness.kz.

Кәсіпорындарды неге "үнсіз қысқарту эпидемиясы" жайлады?

"2026 жылдың І тоқсанында нақты жалақы индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,7%-ға дейін құлдырады (минус 2,3%). Ал, өткен жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда, орташа айлық жалақы 97,5%-ға азайып кетті. Нақты жалақының толық индексі 94,8%-ды құрап отыр (минус 5,2 пайыз)", – деп дабыл қақты статистика мамандары.

Қазақстанда еселеп артқан салықтық ауыртпалықтан еңсесі езілген отандық кәсіпкерлердің бұл зілбатпан жүкті сүйреуден қатты шаршағаны байқалады. Олар салық төлеуден жалтара алмайды. Содан шығынын азайтудың бір жолын штатты қысқартудан тапты.

Бизнестің бұрынғы ұжымын толық сақтап қалуға шамасы қалмай барады. Кәсіпорындар енді "үнсіз қысқарту" деген тактикаға көшті: яғни, кетіп қалған немесе жұмыстан қуылған қызметкердің орнына ешкімді алмайды, ашық вакансияларды "қатырып", бұғаттап тастайды. Салдарынан, Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, қазіргі кезде шағын кәсіпкерлікті қоса алғанда, Қазақстандағы қызметкерлердің "тізімдік саны" 5 678 787 адамды құрайды.

Алайда елдегі сол орындарда нақты жұмыс істеп жатқан жұмыскерлердің саны 5 357 034 адамнан аспайды. Арадағы айырмашылық – айлап иесін таппай, бос тұрған 322 мыңға жуық вакансия.

Әрине, осы сандардың ар жағында терең әлеуметтік драма жатыр: орнында қалған бір қызметкер екі, тіпті кейде төрт адамның орнына жан ұшыра жұмыс істеп, тұтас бөлімдердің жүктемесін жалғыз көтеруге мәжбүр болады.

ҰСБ мәліметінше, Қазақстандағы айлық жалақының медианалық көрсеткіші де қатты құлдырап барады: елдегі бұл жалақы 2025 жылдың IV тоқсанындағы 339 912 теңгеден 2026 жылдың І тоқсанында 331 527 теңгеге бірақ құлады. Халық табысының құлдилауы жалғасуда.

Бұл жерде түсіндіре кеткен жөн. Егер елдегі барлық жұмыс істейтін адамдарды жалақысы ең азынан бастап, ең көп алатынға дейін бір қатарға тізіп қойса, тура ортада тұрған адамның алатын жалақысы – медианалық жалақы болады. Дәл осы сомадан халықтың жартысы (50%) аз алады, жартысы (50%) көбірек алады.

Неге "орташа жалақыға" қарағанда медианалық жалақы шындыққа жақын? Экономистердің байламынша, әдетте жаңалықтардан еститін "орташа жалақы" (арифметикалық орта) халықтың шынайы жағдайын толық көрсетпейді. Оны түсіну үшін қарапайым мысал келтірейік: мәселен, бір бөлмеде 5 адам отыр дейік:

  • 2 қарапайым жұмысшы айына 150 мың теңгеден,
  • тағы 2-еуі – 250 мың теңгеден,
  • 1 бастық айына 5 000 000 теңгеден алады.

Орташа жалақыда барлығының табысын қосып (5,8 млн теңге), 5 адамға бөледі де, "орташа жалақы 1 160 000 теңге" деп мәлімдейді. Нәтижесінде, қағаз жүзінде бәрі миллионер сияқты, бірақ 4 жұмысшының жағдайы мүлдем олай емес.

Медианалық жалақыда осы 5 адамның табысын өсу ретімен сапқа тізеді. Тура ортадағы жұмыскерлердің жалақысын басшылыққа алады. Тиісінше, бұл жағдайда медианалық жалақы 250 мың теңгеге тең болады.

Сол себепті, медианалық жалақы – миллионерлер мен миллиардерлердің шектен тыс жоғары табысын есептен шығарып тастап, қарапайым халықтың көпшілігі іс жүзінде қанша табыс тауып жатқанын дәлірек көрсететін барынша әділ көрсеткіш саналады. Бұл маңызды көрсеткіш Қазақстанда былтырдан бері құлдырап барады.

Грузия реформасы: көлеңкелі табысты жарыққа шығудың дайын формуласы

Бүгінде қазақстандық жұмыс беруші өскен қаржылық шығынның және таяп қалған банкроттықтың қыспағында тұр. Ол ай сайын салық пен әлеуметтік төлемдердің тұтас шоғырын есептеп, тоқтаусыз әрі тұрақты аударуға міндетті: оның арасында әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, МӘМС жарналары мен аударымдары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), бұған қоса қызметкердің өз жалақысынан ұсталатын жеке табыс салығы (ЖТС), міндетті зейнетақы жарналары мен медсақтандыру бар.

Ірісін айтпағанның өзінде, тіпті шағын ғана кәсіпорынның бухгалтері ай сайын әрбір қызметкер үшін 7–8 түрлі төлемді жеке-жеке үйлестіріп, жан-жаққа жолдап әлек. Ал, бұл төлемдердің әрқайсысы өз базасын, өз лимит-шектеулерін, шегерімдерін, жеке есептеу тәртібін талап етеді.

Экономика ғылымдарының докторы Берік Бейсенғалиевтің түсіндіруінше, қазіргі жағдай бойынша кәсіпкер неғұрлым көп жұмысшыға жұмыс ұсынса, есеп жүйесі де соғұрлым шырмалып, шытырманға айналып, жиынтық жүктемесі және айыппұл салыну, тексерістің басталу қаупі арта түседі.

"Бухгалтер кәсіпорынды дамыту мәселелерімен айналысу орнына, бір жалақыдан аударылатын 8 түрлі төлемді әкімшілендіруге бүкіл алтын уақытын сарп етеді. Әлемдік тәжірибе бұдан әлдеқайда тиімді жолдарды көрсетуде. Мысалы, Грузия еңбекақы төлеу қорына салынатын дәстүрлі жарналар мен бірыңғай әлеуметтік салықтан тегіс бас тартып, батыл, радикалды реформа жасады. Орнына бәрін қамтитын 20%-дық Бірыңғай табыс салығын енгізді. Бұған қоса, жұмыс беруші мен қызметкерден небары 2%-дық зейнетақы жарнасын ұстайды. Осының арқасында бизнес жаппай көлеңкеден шығып, еңбек нарығы лезде заңдастырылды", – дейді сарапшы.

Қазақстанда қалыптасқан тығырықтан шығу үшін таяуда, тарап бара жатып, Мәжіліс депутаттары Үкіметке батыл әрі сарабдал шешімді ұсынып кеткен еді.

Мәжіліс бастамашы болғандай, жұмыскерлердің инфляция және қымбатшылық кесірінен онсыз да азайып бара жатқан жалақысынан тек жеке табыс салығын (ЖТС) және міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) ғана ұстау қажет.

Ал, жұмыс берушілердің барлық міндетті төлемдерін, соның ішінде әлеуметтік салықты, әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарын және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын "Бірыңғай әлеуметтік төлемге" (БӘТ) біріктіру керек. Сонда "Бір қызметкер – бір база – бір есеп – бір төлем" қағидаты іске қосылып, жұмыс берушілердің иығынан үлкен жүк түсер еді.

Бұл ретте жұмыс берушілердің бір төлеммен аударған бүкіл қаражатын тиісті қорлар – БЖЗҚ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және бюджет арасында бөлуді мемлекеттің өзіне жүктеу ұсынылды. Мұндай шешім бизнеске түсетін ауқымды әкімшілік жүктемені бірден азайтып, бухгалтерлік шығындарды қысқартып, мыңдаған қызметкердің жалақысын "конвертпен" төлеу тәжірибесінен арылтып, заңды айналымға шығаруға мүмкіндік берер еді.

Үкімет депутаттардың реформасын неге қолдамады?

Алайда Үкімет бұқара мен бизнеске игілігі мол болар бұл революциялық бастамаларды құшақ жаймай, керісінше, қабақ шыта қарсы алды. Премьер-министр Олжас Бектенов жауап хатында салық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін тексеру үшін Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ-ға) кіретін дамыған елдердің еңбекақы төлеу қорына түсетін салық жүктемесіне талдау жасалғанын және ешқандай проблема табылмағанын жариялады.

"Талдау қорытындысы көрсеткендей, Қазақстанда еңбекақы төлеу қорына түсетін жиынтық жүктеме 34,9%-ды құрайды. Бұл – ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішіне сай әрі бәсекеге қабілетті деңгей. Салыстырсақ, әлемдік ірі державаларда еңбекақы төлеу қорына түсетін жиынтық жүктеме төмен: АҚШ-та – 30%, Канадада – 29,9%, ал Швейцарияда – 23,5%. Зерттеу нәтижелері біздегі ЕТҚ-ға түсетін жүктеме халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келетінін және жүйенің теңгерімділігін айғақтайды", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін енгізу және салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру аясында ЕТҚ-дан төленетін міндетті төлемдерді есептеу тәртібін жеңілдету шаралары жүріп жатыр. Сондықтан, жалпыға бірдей белгіленген режимдегі шағын және орта бизнес үшін "Бірыңғай әлеуметтік төлем" (БӘТ) енгізу идеясы Үкімет тарапынан қолдау таппады.

"Жұмыс берушілер әрбір қызметкердің әлеуметтік мәртебесі мен салық салыну ерекшелігін ескере отырып, салықтар мен төлемдерді олар үшін бөлек-бөлек есептеп, жеке-жеке аударады. Бір ғана қызметкерге жалақы беру үшін ЖТС, МЗЖ, ЖМЗЖ, әлеуметтік аударым, әлеуметтік салық, МӘМС жарналары мен аударымдары сияқты төлемдерді жасап, бюджеттік классификация кодтары мен алушылары бөлек 7–8 түрлі төлем құжатын қалыптастыруы керек. Ал, салық пен әлеуметтік төлемдер ставкасын төмендету бюджетке орасан зор шығын әкеліп, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін құлдыратуы мүмкін", – деп нүкте қойды Үкімет басшысы Бектенов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу