Үкімет қазақстандықтарға таксимен тегін жүру мүмкіндігін ұсынды

11362

Мұндай игілікке ие болған жолаушылар елдің өзге қаласына ұшып барса, оларды әуежайда таксимен күтіп алу мүмкіндігі қарастырылмақ.  

Үкімет қазақстандықтарға таксимен тегін жүру мүмкіндігін ұсынды Фото: gov.kz

Қазақстанда "Инватакси" қызметі 2010 жылдан бастап енгізілді. Ол кресло-коляскімен және жеке көмекші қызметімен қамтуға мұқтаж, жүріп-тұруы қиын І-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы ретінде қолға алынды. 
Содан бері біраз проблема қордаланды. Бұл қызметтің бір түйткіліне Мәжіліс депутат Еділ Жаңбыршин назар аудартты. Бірақ өткен сайланымнан бері Парламентте отырып, оның шешілуіне ықпал ете алмапты.

"Бұл мәселені мен өткен шақырылымда да көтергенмін, бірақ әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр. Мүгедектігі бар адамдарға сервистік қызмет көрсету проблемасы бар. Мысалы, әрбір өңірден, ауыл-аймақтан күн сайын Астанаға, Алматыға не басқа қалаға курорттық, медициналық оңалту, сауықтыру, емделу үшін мүгедектігі бар адамдар ағылып жатады. Олар ұшақпен ұшып келеді. Қалада оларды арнайы көлік күтіп алмайды. Жергілікті инватакси қалада тұрақты тұрмайтын, өзге өңірдің тұрғыны саналатын қазақстандықтарға қызмет көрсетпейді. Мысалы, Маңғыстаудың өзінен бір жылда 3 мыңдай адам Алматы мен Астанаға келеді екен", – деді мәжілісмен.

Оның үстіне әуежайларда мүгедек арбасына таңылған жандарды таксилердің бәрі бірдей алғысы келмеуі немесе көбірек ақы сұрауы мүмкін. 

"Өзге өңірден келгендерге қызмет көрсетуге құжат жүзінде тыйым салынған екен. Көлік министрлігінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығымен бекітілген қағидалары бар. Соған сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға инватакси тек өзінің тұрғылықты жерінде қызмет көрсетуге тиіс. Ол адам басқа өңірге барса, ондай қызметтен қағылады. Бұл қызметтің енгізілгеніне көп жыл өтті, кемшілікті түзететін, олқылықты өзгертетін уақыт болды ғой. Қазір цифрландыру заманы. Тиісті министрліктермен, әкімдіктермен бірге неге соны ұйымдастырмайды? Мүгедектігі бар адамдар Әділетті Қазақстанда ары қарай да осылай қиындық көріп жүре бере ме? Ондай адамдар көп емес қой. Қалаға келетін уақыты, қайда баратыны белгілі", – деді депутат.

Ол мүгедектер қауымдастықтары осы мәселені қайта-қайта көтеріп жатқанын, тікелей өзінің телефонына да осы мәселені қаузап, хат-хабарлама жіберетінін айтты.

Көлік министрлігі мұндай проблема барын және он төрт жылдай шешілмей жатқанын жасырмады. 

"Бүгінгі күні инватаксилер қалаларда ғана жұмыс жасап жатыр. Оның өзінде тіпті қала ішіндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуге де жетпей жатқан жағдайлары бар. Әкімдіктер қосымша инватаксилер алу бойынша жұмыстар атқаруда. Басқа өңірден келгендерге қызмет көрсету тетігі әзірге жоқ. Таксопарктермен бірге қосымша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, әрбір таксопарктегі таксидің бірнеше пайызын инватакси құрауы керек. Олар қалаға келетін адамдарға алдын ала хабарласу арқылы мерзімін бекітіп, уақытылы қызмет көрсетуі қажет. Осы мақсатта такси агрегаторларымен бірге жұмыстар жасалуда. Бұл мәселе шешілетін болады деп ойлаймын", – деді Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев. 

Оның айтуынша, қалаларда инватакси тапшы, сондықтан әуежайда күтіп алу үшін сонда кезекшілікте тұруға такси жетіспейтін көрінеді. 

"Негізі, бөлек сайлап қоюға жағдай жетіңкіремей тұр. Таксопарктердің құрамында инватаксилерді көбейту бойынша агрегаторлармен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Осы мәселе шешілгеннен кейін инватакси қолжетімді болады деген ойдамын", – деді Көлік министрінің орынбасары Аблалиев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл проблеманы "Яндекс.Такси", "InDriver" сияқты агрегаторлармен бірге шешудің жолы пысықталып жатқанын жеткізді. Жоба "Астана және Алматы қалаларында такси агрегаторлары арқылы инватакси қызметтерін көрсету" деп аталады екен. Алғашқы жоба да қолға алынған.
Ведомствоның дерегінше, 2024 жылдың басынан бері, қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдар агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 114 мыңнан астам тапсырыс берді.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен өткен жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба басталды. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 114,1 мың рет көрсетілді. Бұдан бұрын, 2023 жылдың қорытындысында, мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 53,9 мың рет көрсетілген болатын", – деп хабарлады Еңбекмині.

Инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында министрлік әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдапты. Өйткені зәру азаматтар инватаксиге дәл керек кезде тапсырыс бере алмайды, қызмет алудан бір күн бұрын, алдын ала телефон арқылы жазылуға тиіс. Оның өзінде ертесіне бос көлік болмай, инватаксиді ұзақ күтуге мәжбүр болатын көрінеді. 

Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды. Мұндағы басты шарт – сапарлардың нақты ақысына пайыз қосылмауы керек. Себебі, әдетте агрегатор платформалары өз пайдасына түрлі пайыздар қосады. 

Яндекс.Такси компаниясы әзірге пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді. Содан Алматы және Астанада пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін пайдалана алады. 
Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапарға қатысты ерекше қажеттіліктері бары туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызуға және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады. 

"Жоба 2024 жылы да жалғасады, болашақта жаңа форматта қызмет көрсетуді мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына кеңейту және елдің барлық өңірлерінде кеңінен қолдану жоспарлануда", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу