"Миллионер болуды үйретемін!" деген сияқты жалған ұранмен түрлі курстар сатып, күреп табыс табатын блогерлерді "инфоцыган" деп атайтыны мәлім. Бірақ ұқсас жұмысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де жүргізетінін екінің бірі біле бермейді.
Тек бір айырмашылығы бар. Танымал блогерлер көпірген көп сөзді "қара судай" сапырып, оны басынан кешкен оқиғалармен, тіпті ойдан шығарылған "естеліктермен" араластырады, осының бәрін әр жерден үзіп-жұлып алған, түрлі кітаптардан оқыған даналық сөздермен тұздықтап ұсынады. Қысқасы, олардың курстарын сатып алғандар уақытын қызықты өткізеді, бірақ практикада қолдана алатын дағды, машықтардан құралақан қайтуы мүмкін.
Еңбекмині болса, нақты бір кәсіпке үйрететін практикалық сабақтарды көбірек қамтуға күш салады.
Осы мақсатта skills.enbek.kz платформасы құрылып, сонда 2021 жылдан бастап, пилоттық жоба есебінде онлайн оқыту жолға қойылды. Келесі 2022 жылы тұғырнамада 103 оқу курсы орналастырылды, оның 60-ы ғана тегін болды.
Бүгінде 2024 жылғы жағдай бойынша платформада 135 автор 494 курс орналастырды. Оның жартысына жуығы тегін. Қалғаны ақылы. 447 028 пайдаланушылар тіркелген.
"Мобилография", "Самсаға қатпарлы қамыр дайындау технологиясы", "Жеңіл және жүк көліктерін компьютерлік диагностикалау", "Ауылдағы бизнестің баламалы түрлері", "Балабақшада балалармен жұмыс", "Сүтті ірі қара мал өсіру", "Кондитерлік өнімдер әзірлеу", "Құлпынай өсіру" және басқа да курстарға қызығушылық жоғары көрінеді.
Оқыту қашықтан, онлайн-форматта өтеді. Студент лекцияларды тыңдайды, қажетті материалдарды жүктеп алады. Үй жұмыстарын орындайды. Дегенмен, көбіне ақылы курстарда үй жаттығулары қарастырылмаған.
Курс соңында білім алушы қорытынды тестілеуден өтіп, бірегей коды бар "курстан өткені туралы электронды сертификат" алады. Сертификат негізінен ақылы. 20 мың теңгеге дейін барады.
"Мен платформада біраздан бері курстар орналастырып келемін. Видеокурстардың тақырыбы – сан-салалы: косметология бойынша шеберлік сабақтарынан бастап, тамақ дайындау технологиялары мен компьютерлік дизайнға дейін. Көп табыс әкеледі, тек курстарды орналастырып, басқа жұмыс істемей, шалқып өмір сүруге болады деуге келмейді. Бірақ бұл пассивті табыстың бір түрі. Айына жүз мың теңгеге дейін табыс әкелген кезі болды. Видеоларды өз колледжіммен бірге де түсіремін. Бұл платформа ілгерілеп, кең танымал болса, халықаралық нарыққа шығып жатса, авторлардың да табысы молаяр еді. Содан үміттенеміз", – дейді Әйгерім есімді автор.
Оның өзі колледжде IT мамандығына оқуда. Бос уақытында сән салонында жұмыс істейді.
Өз кезегінде Еңбек министрлігі skills.enbek.kz платформасын нарықта ілгерілетудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Осы орайда ведомство енді Мансап орталықтарында (бұрынғы Жұмыспен қамту орталықтары-Центры занятости бүгінде осылай аталады) "виртуалды шындықта" (VR) оқытуға арналған кабинеттер ашуға кірісті.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Ашық НҚА" порталында талқылау үшін Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына түзетулер жобасын әзірледі және орналастырды. Соның аясында Skills Enbek онлайн-платформасындағы курстар практикалық сабақтармен, оның ішінде виртуалды шындық технологияларын пайдалана отырып өтетін сабақтармен толықтырылатын болады", – деп хабарлады ведомство.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жаңашылдықты іске асыру үшін Мансап орталықтарында білім алушылар жаңадан ашылатын арнайы жабдықталған кабинеттерде VR шлемдер мен ноутбуктерді пайдалана алады.
Түзетулер жобасы "Ашық НҚА" порталында 1 тамызға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.
"Жоба жергілікті бюджет қаражаты және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" (ЕРДО) АҚ-ның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жобаны қабылдаудың мақсаты – білім алушыларға практикалық дағдыларды ұсыну мақсатында виртуалды оқытуды енгізу болып табылады", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Талқылауға шығарылған жаңа бұйрық жобасы қолданыстағы "Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 231 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мысалы, онымен "Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары" өзгертіледі. Бүгінде бұл қағиданың 81-бөлімінде "Білім алушы платформада сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша ұсынылған курстарды өз бетінше таңдайды" деп жазылған. Оған: "Қажетті практикалық дағдыларды беру үшін білім алушыларды виртуалды шындық технологияларын пайдалана отырып оқыту жүзеге асырылады", – деген сөйлем қосылады.
"Білім алушыларға практикалық дағдыларды ұсыну мақсатында, Электрондық еңбек биржасы базасында виртуалды технологияларды пайдаланып та курстар ұйымдастыру жоспарлануда. Виртуалды курстар білім алушылардың практикалық дағдыларын жетілдіру және кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасауға, сондай-ақ жұмысқа орналасатын білім алушылардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді", – делінген Еңбекминінің түсініктемесінде.
Сонымен қатар, бұл авторларға виртуалды шынайылықтағы курстарды дайындап, сату бойынша жаңа мүмкіндіктер өрісін ашуға тиіс.
Қағидаларға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, жаңа мамандық игергісі келетін азаматтар виртуалды шындық технологиялары арқылы оқуды таңдағанда, алдымен бейін-профилі бойынша платформадағы онлайн курстардың бірінен өтуге міндеттеледі.
"Виртуалды шындық технологияларын пайдалана отырып оқуды бастамас бұрын, білім алушылар платформада тиісті бейіні, яғни кәсібі, мамандығы бойынша теориялық білім алуы қажет. Бұл онлайн форматта жүзеге асырылады. Ары қарай виртуалды шындық технологияларымен оқу үшін Мансап орталықтарына барады. Оқыту Мансап орталықтарында орналасқан арнайы жабдықталған кабинеттерде жүзеге асырылады. Кабинеттер үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен VR шлемдер мен ноутбуктер сатып алынды", – деп хабарлады Еңбекмині.
Министрліктің мәліметінше, жаңа қағидалар бойынша skills.enbek.kz платформасында онлайн оқыту аяқталғаннан кейін студент бұрынғыдай қорытынды тестілеуден өтеді. Бұл тестілеудің виртуалды шындық технологиялары пайдаланылатын оқытуға қатысы жоқ. Оны аяқтағандар емтихан тапсырады.
"Виртуалды шындық технологиялары пайдаланылатын оқыту аяқтаған соң емтихан-экзамен өткізіледі. Сұрақтардың жалпы санының 70%-дан астамына дұрыс жауап берген білім алушыға платформада Курсты оқуды аяқтау туралы электрондық сертификат беріледі. Онда курстың атауы және бірегей нөмір көрсетіледі. Қорытынды тестілеуден немесе емтиханнан өте алмаған білім алушы оларды қайта тапсыруға жіберіледі. Бірақ қорытынды тестілеуден, емтиханнан қайта өтудің жалпы саны 5-тен аспауға тиіс", – деп мәлім етті Еңбек министрлігі.
Осылайша, skills.enbek.kz порталында азаматтар онлайн оқытудан өтіп, жаңа кәсіптік дағдыларды игеріп, тиісті сертификаттар ала алады. Берілген сертификаттар Электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинетінде көрсетіледі. Сөйтіп, Электрондық еңбек биржасы арқылы жаңа жұмыс табуға болады.
"Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасы қазақстандықтарға онлайн-курстардан өту арқылы жаңа дағдылар мен кәсіптер игеруге мүмкіндік береді. Тек 2024 жылы 61 мыңнан астам азамат оқудан өтіп, тиісті сертификаттар алды. Бүгінгі таңда Skills Enbek порталында 500-ге жуық курс орналастырылған, оның жартысынан көбі тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін созылады. Оқуға тікелей skills.enbek.kz сілтемесі арқылы немесе enbek.kz сайтындағы "Онлайн оқыту" бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады", – деді министрлік өкілдері.