Үкімет "металлолом" жинауды 5 млн тоннаға жеткізбек

6168

Оның сыртында бірден 7 мың жеке кәсіпкерлік құрылмақ. 

Үкімет "металлолом" жинауды 5 млн тоннаға жеткізбек

Қазақстанда "лом жинау" саласы қайта күш алады. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлім етті.

Бірақ бұл үшін кезінде бизнестің ішкі ісіне араласу деп танылып, жойылған "түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау, дайындау, сақтау, қайта өңдеу және сату бойынша қызметті лицензиялауды" қайтаруға тура келетін көрінеді.

Бұл сала қазір дағдарыс үстінде. Қытайға және шетелге метал сынықтарын сатуға тыйым салынғалы бері онда біраз кәсіпорын жабылып қалды, көбісі "көлеңкеге" кетті. Сонымен бірге люк қақпақтарын ұрлау да тыйылған жоқ. Әкімдіктер оған заңсыз "цветмет" жинаушыларды айыпты санайды.

Лицензиялау тоқтатылғалы бері, метал сынықтарын жинайтын және өңдейтін мамандандырылған компания ашу үшін шенеуніктерден рұқсат алу қажет болмай қалды. Тек "аштым" деп тиісті мемлекеттік органды хабардар етсе, жеткілікті.

Бейбіт Атамқұлов басқаратын министрлік енді осы салаға шүйлігіп отыр. Себебі, қадағалау жоқтығы кесірінен өңдеуге радиациялық темір қалдықтарын да қабылдауға жол беріледі деседі.

Ведомство осындай кәсіпорын ашқандардың қаншалықты талапқа сәйкестігін анықтай алмайтынын айтып, қол жаяды. Өйткені олар лицензия алмайтындықтан, бұлар тексере алмайды.

"Қазақстанда метал сынықтарының сапасы күрт төмендеді. Рас, лицензиялаудан бас тарту және кәсіптің осы түрін хабарлама сипатына көшіру 2 мыңнан астам кәсіпорынның пайда болуына әкелді. Алайда олар металл сынықтарын қайта өңдеу сапасын құлдыратты. Көбісі өңдеу орнына тек алыпсатарлықпен айналысады, металл сынықтарының заңсыз айналымын қалыптастырды, экологиялық кодексті бұзуда", – деп түсіндіреді министрлік.

Бұдан да басқа мәселелері қордалануда. Статистика бойынша елімізде қазіргі кезде металл сынықтарын жинаумен 100 мыңға жуық адам және 7 000 жеке кәсіпкерлер айналысады. Бірақ олар салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне жарна аудармайды. Ендеше өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар санатында.

Қарапайым тілмен айтқанда, лицензиялауды қайтару арқылы билік осы бейресми жұмыс жасайтындарды көлеңкеден күнгейге шығарып, заңдастырмақ ниетте. Нәтижесінде, алдағы уақытта бірден жүз мыңдай жаңа жұмыс орны және мыңдаған салық төлейтін кәсіпкер пайда болуға тиіс.

Салада бүгінде 150 мамандандырылған кәсіпорын метал сынықтарын дайындаумен шұғылданады. Бірақ бұл 2016 жылға дейін лицензия алғандар ғана. Одан бергі уақытта тағы 2000 кәсіпорын осы қызметпен айналыса бастағаны туралы хабарлама жіберген. Олардың не істеп жүргенін министрлік білмейді.

Сарапшылар лицензиясыз ашылған кәсіпорындардың бәрін қаралауға болмайтынына назар аудартады.

"Біразы мемлекетке масыл болмай, өз бетімен табыс табуға тырысып жүрген адал кәсіпкерлер. Ал министрлік ірі металлургиялық зауыттардың мүддесін діттеп отыруы ықтимал. Мысалы, министрліктің өзі мойындағандай, миллиардерлер меншігіндегі отандық алпауыт металлургиялық зауыттар қазір "металлоломды" қайта өңдейтін цехтар ашуға мәжбүр. Ал олар өздеріне метал сынықтары 100%-ға қолданылуға дайын күйінде түсуін қалайды және сол дайындауды мамандандырылған кәсіпорындар мойнына жүктегісі келіп отыр. Өйткені зауытта оның әр тоннасын қайта өңдеу құны қосымша 5 мың теңгеге дейін жетеді. Былай қарағанда, сонша көп те емес, бірақ  жылына 3–3,5 миллион тоннаға дейін метал өңделетінін ескерсек, олар шамамен 15 миллиард теңгедей табысынан қағылады", – дейді кәсіпкер Геннадий Волченко.

Бұл деректі ресми статистика да растайды. Лицензиялы 150 кәсіпорын кезінде жылына 3–3,5 млн тоннаға дейін метал сынығын жинап келген. 2016 жылдан бері олардың қатары тағы 2000 мың жаңа кәсіпорынмен толыққанымен, бәрі бірге отандық зауыттарға 2018 жыл қорытындысында небәрі 2,35 млн тонна қара металл сынығын өткізіпті. Жеткізілімнің бұлай құлдырауы металлургиялық алпауыттарды да, билікті де алаңдататын сыңайлы.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, хабарлама бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындардың қабылдау пунктерінде, ашық аспан астында кемінде 60 мың тонна металл сынығы текке шіріп жатыр. Қара металдың коррозиясы жылына шамамен 10%-ды құрайды. Нәтижесінде топыраққа және ағынды суларға жыл сайын 6 000 тоннаға жуық тат түседі.

"Мамандандырылған кәсіпорындардың техника мен технологияларға жұмсайтын инвестициясының болмауы кесірінен жыл сайын Қазақстанда ұсақ метал сынығының кемінде 1 млн тоннасы жиналмай қалады. Бұл жылына тағы 100 мың тонна таттың пайда болуына соқтырады", – делінген министрлік талдауында.

Арыстағы миналар мен снарядтардың жарықшақтары бірнеше шақырымға дейін шашылды. Билікті солар да алаңдатады. Себебі нарықта радиациялық және жарылыс қаупі бар метал өнімдері көбейе бастауда. Ал хабарлама арқылы құрылған кәсіпорындарда оларды анықтай алатын мамандар тапшы, тіпті жоқтың қасы.

"Бұл өндірістік жарақаттарға, азаматтардың жарақаттануына және тіпті қаза табуына әкеледі. Бұл жөнінде қалалар мен облыстардың әкімдері бірнеше рет айтып, Президент әкімшілігіне хаттар жазылды", – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ведомствоның табандауынша, түсті және қара металл қалдықтарын жинайтын кәсіпорындар металлургиялық комбинаттарға оларды өңделген, яғни "металшикіқұрам" түрінде жеткізуге тиіс және алда осыны талап етуге мүдделі.

Салада лицензиялауды 2020 жылдан бастап, қайта енгізу жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай қара метал сынықтарын жинау және өңдеу көлемі 5 млн тоннаға дейін жеткізіледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, салада 100 мың заңды жұмыс орны ашылып, олар зейнетақымен қамсыздандыру, медициналық сақтандыру жүйесіне кіріктірілуі керек.

Сондай-ақ, метал жинаушылардан табыс салығы түрінде жылына кемінде 3 млрд теңге түсім түсіру көзделуде. Жиналған метал сынықтарынан өндірілген өнім көлемі 300%-ға артып, 2026 жылға қарай 1,5 трлн теңгеге жетуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу