Осы және басқа да қоғамдық резонанс туғызып жатқан мәселелер министрлік әзірлеген "Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары" жобасында айтылған.
Жалпы Үкіметті мектептегі буллингпен күресуге Президенттің өзі міндеттеген. Бұл туралы алдыңғы жылдары Ұлттық кеңес отырыстарында да, халыққа жолдауда да сөз болды. Бірақ нәтиже шықпаған. Содан 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына халықтың, сарапшылардың сұрауымен бұл мәселені қайта көтеруге тура келді.
Қ.Тоқаев осы жылды Балалар жылы деп жариялағанын, алайда мектеп қабырғасында зорлық-зомбылық көбейіп кеткенін жеткізді. Оның үстіне толық жабдықталған мектептердің 65%-ында, яғни 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид оқиғалары көбейіп барады. Сондықтан ел Президенті "балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар" жасауды жүктеді.
Оқу-ағарту министрлігі Асқар Аймағамбетовтың "Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының жобасын халық назарына ұсынды. Құжат 27 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады. Алайда қазірдің өзінде қызу айтыс-талас туғызуда.
Жасыратыны жоқ, ұсынылған қағида қарапайым. Сарапшылардың байламынша, тым қарапайым, онда буллингпен күресудің нақты әрі жаңа тетіктері көрсетілмеген, жасампаздық жетіспейді. Сол бұрынғыдай тентек-теліні жиналысқа салу, оқушылар алдында сөгу, директор алдында жазғыру, полиция шақырту...
Жаңалықтарының ішінде Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі кеңес құруды тілге тиек етуге болады. Министрлік бұл кеңес құрамына 8 санаттың өкілдерін қосуды ұсынды:
- директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары;
- әлеуметтік педагог;
- сынып жетекшілері;
- педагог-психолог;
- білім беру ұйымының медицина қызметкері;
- ата-аналар комитеті ұсынған сыныптардың, курстардың әрбір параллелінен осы білім беру ұйымында білім алушылардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі;
- кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы;
- оқушылар арасынан мектептің өзін-өзі басқару өкілдері (мектеп парламентшілері, президенті, басқа да белсенділері).
Кеңестің құрамын білім беру ұйымының басшысы бекітеді, жұмыс жоспары мен Кеңес отырыстарын өткізу мерзімділігі білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады. Кеңестің негізгі міндеті – білім беру ұйымдарында баланы жәбірлеудің, буллингтің профилактикасы, анықтау және оған әрекет ету.
Мектеп директоры оқу процесі кезінде жәбірлеу-буллинг жағдайларына уақтылы үн қатуға, жолын кесуге және тергеуге міндеттеледі.
Бұл ретте Білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағанды қудалау, жәбірлеу-буллинг фактісі бойынша іс-қимыл алгоритмі қысқа ғана. Біріншіден, кәмелетке толмағанды жәбірлеудің профилактикасы бойынша білім беру ұйымының ішкі жоспарын қабылдайды.
Екіншіден, буллингтің барлық фактілерін анықтап, тіркеуі қажет.
Үшіншіден, жағдайды кешенді бағалауды, баланың құқықтары туралы құқықтық білімді және жеке жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтитын жәбірлеуге ұшыраған балаға психологиялық қолдау мен көмек көрсетуді ұйымдастырады.
Төртіншіден, жәбірлеуші тентек балаға психологиялық-педагогикалық ықпал жасалады. Оның міндеттері мен заңды жауапкершілігі анықталып, агрессорды оңалту және қайта әлеуметтендіру шаралары қабылдануға тиіс. Бірақ оның нендей шара екені ашып жазылмаған.
Ішкі істер органдары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия, қорғаншы және қамқоршы органдары буллинг фактілері туралы дереу хабардар етілуі керек.
Әрі қарай буллингтің профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және мектепте қолайлы моральдық ахуал қалыптастыру шаралары қабылдануы шарт. Оның қандай шаралар екені тағы түсініксіз, қағида жобасында егжей-тегжейі жазылмаған, демек әр директор өзінше түсінетін болса керек.
Мектеп басшылығы жәбірлеу-буллинг фактілері туралы өтініштерді қарауға, олардың жолын кесу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті болады. Қазір олар ата-аналардың арызын жүре тыңдап, жанжалдың тігісін жатқызып, сыртқа шығып кетпеуі үшін бүркемелейтіні белгілі.
Қағидада Буллингке ұшыраған баламен жұмыс істеудің жеке жоспарын бекіту қарастырылған. Ол жұмыстың екі блогынан тұрады. Біріншісі – агрессорлармен жұмыс: жәбірлеушілермен әңгімелесу жүргізіледі, мектептің әлеуметтік педагогтары олардың отбасына барады. Сотқар баланың коммуникативтік қабілеттерінің сапасын арттыруға жеке және топтық бейімдеуге, эмоционалды мінез-құлық көріністерін бақылау дағдыларын қалыптастыруға (АҚШ-та бұл ашуды басқару деп аталады) бағытталған шаралар қабылдануы керек. Позитивті тәрбие, басқа балалармен тұлғааралық қарым-қатынасты қалыптастыру, түсіндіру бойынша жеке кездесулер өткізіледі.
Жұмыстың екінші блогы зәбір көрген балаға қатысты. Қағидада ол баланы қызығушылықтарына қарай білім беру қызметінің қосымша нысандарына бағыттау; баланың эмоционалды мінез-құлық ерекшеліктерін жеке және топтық бейімдеу; әлеуметтендіру; кеңес-консультация, түзету-коррекция, тренинг арқылы ынжық баланың бойында өзіне деген сенімді қалыптастыру көзделген.
Негізі, қағидада буллингпен, әлімжеттікпен күрестің бүге-шігесі, жай-жапсары, барлық әдіс-тәсілдері, тетіктері және алгоритмдері қолмен қойылғандай нақты жазылуға тиіс еді. Бірақ онда түсініксіз жайт көп.
Мысалы, тәжірибелі педагог Гүлжан Есмаханова қағидадағы терминдерді қайта қарап, түзеткен жөн дейді.
"Жобада өзгелерге соқтығатын баланы "агрессор" деп атау ұсынылған. Агрессор деген қазір Украина халқын азаптап, қанға бөгіп жатқан басқыншылар ғой. Солармен бірге енді еріккеннен сыныптас қызының тұлымшағын тартқылаған бала да осындай жаман атаққа қалмақ. Бұл ұғым қағидада қабылданып кетсе, ертең ол инспектордың хаттамасында, одан кейін ішкі істер органдарының құжаттарында пайда болып, ол баланың жеке ісіне түседі. Әрине, өзге оқушыларды ұдайы ұрып-соғып, ақша, тауар талап ететін шәкірттер бар, олардың жайы басқа, олар буллер емес, жас қылмыскерлер. Ал қағида жобасында агрессор дегеніміз – басқа адамды қорқыту не оның денсаулығына зиян келтіру мақсатында оған жүйелі түрде кемсітушілік сипаттағы іс-әрекеттер жасайтын бала. Мазақтайтын буллер мен нақты баптарға жататын қылмыс жасаған қаскүнемдерді ажыратып алған жөн", – дейді ұстаз.
Расында, кезінде осындай құжат болғанда Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы өмір-бойға агрессор атағын арқалап жүрер ме еді.
Пікір білдірген азаматтар қағидадан "коррекция" сөзін алып тастауды сұрайды, себебі ол ұғымға жағымсыз көп нәрсені сыйдыруға болады.
"Қағида жобасында буллинг профилактикасына қатысты жөнді ештеңе таба алмадым. Тек орын алған фактіге ден қою іс-қимылдары қарастырылған. Бұл жобаны атауын да ақтамайтын акті ретінде талқылаудан алып тастап, пысықтаған жөн. Іс-шаралары бұлыңғыр, тетіктері тұманды. Әлімжеттікпен күресте тек жазалауға емес, бірінші кезекте балалардың бойында қайырымдылық, ізгілік, аяушылық, өзара көмек қасиеттерін тәрбиелеуге басымдық берілгені жөн", – дейді пікірталасқа қатысқан қоғам белсендісі Гүлнәр Төлегенова.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті "Bala Qorgau" интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде QR-коды және "Bala Qorgau" https://bala.gov.kz/kk сайтының мекенжайы жазылған арнайы тақтайшалар орнатып жатыр.
"QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар "Bala Qorgau" сайтына өтіп, өз сұрақтарын қоя алады. Оқушылар мен ата-аналар жасырын түрде көмек сұрап, білім беру ұйымдарындағы заңсыз әрекеттер туралы хабарлай алады. Өтініш берушілердің аноним болып қалатынына кепілдік беріледі", – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Дегенмен бұл да кемсітуге ұқсайды. Егер мұғалімінен, құрбы-құрдастарынан қорлық көріп, қудаланған баланың QR-кодты сканерлейтін заманауи смартфоны болмаса, болғанымен интернеті жоқ болса, онда шағымын онлайн айта алмай, назаланып, өзін қор көруі, өмірден баз кешуі мүмкін.
Балалар ісі – нәзік нәрсе, демек жауапты меморгандар әр басқан қадамында абай болғаны жөн.
Жанат Ардақ