Үкімет шетелдік еңбек мигранттарының елге келуіне кең жол ашып жатыр

4400

Енді билік жатжұрттық ғалымдар мен мамандардың Қазақстанға көбірек қоныс аударуына баса мән береді.

Үкімет шетелдік еңбек мигранттарының елге келуіне кең жол ашып жатыр Фото: freepik

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдіктердің ықтиярхатты алуын жеңілдетіп, елде еркін тұруына мүмкіндік беру үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне өзгерістер енгізуге кірісті.

Осы мақсатта ведомство "Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №49 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" жаңа бұйрық жобасын әзірледі.

Еңбекмині бұл қадамға Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің ұсыныстарына орай барып отырғанын нақтылады.

"Бұл тізімге денсаулық сақтау, жаратылыстану ғылымдары, өңдеу өнеркәсібі, IT-технологиялар, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі және басқа да салалардағы мамандықтар кірді. Салалық меморгандар ұсынған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, тізбеде сұранысқа ие барлығы 51 кәсіп қарастырылады. Тізбеде көрсетілген мамандықтары бар шетелдіктер ішкі істер органдарында тұруға ықтиярхатты оңайлатылған тәртіппен ресімдей алады. Тұруға ықтиярхат 10 жылға не оның шетелдік паспортының қолданылу мерзіміне беріледі", – деп түсіндірді ведомство.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың мәліметінше, елімізде тұрақты тұруға жеңілдетілген тәртіппен рұқсат ала алатын кәсіп иелерінің тізімі салмақты кеңейтілгелі тұр.

Атап айтқанда, Үкімет көрші елдерден және әлемнің әр түкпірінен бұрынғылары сыртында, келесі мамандық иелерін де қуана, құшақ жая қарсы алатын болады.

Медицина саласында:

  • Анестезиолог-реаниматолог;
  • Дәрігер акушер-гинеколог;
  • Дәрігер-педиатр;
  • Сәулелік диагностика дәрігері.

Цифрлық даму, инновациялар салаларында:

  • Бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші;
  • Бағдарламалық өнімдерді қолдау жөніндегі маман;
  • Мобильді қосымшаларды әзірлеуші;
  • Компьютерлік ойындарды әзірлеуші;
  • Жасанды интеллект жөніндегі инженер;
  • Үлкен деректермен жұмыс жөніндегі маман;
  • Ақпараттық жүйелер сәулетшісі;
  • Қосымшалар бағдарламашысы;
  • АКТ саласындағы бизнес-талдаушы;
  • Бағдарламалық қамтылым дизайнері;
  • АКТ жобаларының менеджері;
  • Ақпаратты қорғау жөніндегі инженері;
  • Бұлтты есептеу жөніндегі маманы;
  • Автоматтандыру жөніндегі инженер;
  • Web-әзірлеуші;
  • Бағдарламашы-талдаушы;
  • АКТ саласындағы ЖОО оқытушысы;
  • Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман;
  • Сервер әкімшісі;
  • Қосымшалар әзірлеушісі;
  • Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман.

Креативті индустрия саласында:

  • Графикалық дизайнер;
  • Графикалық анимация технигі;
  • Суретші-иллюстратор;
  • Дыбыс инженері;
  • Бейнемонтажер.

А.Сарбасовтың сендіруінше, бұл жерде ішкі еңбек нарығындағы жағдай ескеріліпті. Бұл қадам "2024 жылға арналып бекітілген Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жұмыс жоспарына сәйкес келеді". Ведомство өзге мүдделі мемлекеттік органдармен ақылдасқанын алға тартады.

Алайда шетелдіктерге ұсынылатын кәсіптер тізбесінің екі еседен арттыққа күрт кеңейтілуі сарапшылар арасында пікірталас туғызды.

Еңбекминінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) дәйектеуінше, 2030 жылға қарай мамандары үлкен сұранысқа ие болатын және кадр тапшылығы күшейетін салаларға медицина, медициналық күтім қызметтері, ІТ, креативті индустрия, STEM кәсіптері, логистика мен тасымал сервистері, ірі кәсіпорындардың басқарушылары және басқалары жатады. Тізбе трендтер негізінде жаңартылып, толықтырылған көрінеді.

Мысалы, IT-мамандарға сұраныс ұсыныстан бірнеше есе асып түседі. Салдарынан, сарапшылардың байламынша, бұл сала кадрларының жетіспеушілігі 4-ші өнеркәсіптік революцияда, өндірістер мен жұмыс орындарын автоматтандыруда, жасанды интеллектіні енгізуде қолбайлау болып, елдің адымын аштырмайды.

Gartner халықаралық консалтинг компаниясы дайындаған "Жаңа технологиялардың жол картасында" сұрау салынған 437 жаһандық компанияның ақпараттық технологиялар басшылары таланттардың жетіспеушілігін "жаңа технологияларды енгізудегі ең үлкен кедергі" деп атады.

Бізге жақын тұрған Еуропалық Одақ елдерінде 2030 жылға қарай қосымша 11 миллион IT маманына мұқтаждық туындайды. Еуропа мен АҚШ қазірдің өзінде қазақстандық білікті мамандарды қызықтырып, дәл бір алып шаңсорғыштай өзіне тартып алуда. Бұлай бара берсе, Қазақстанда маман қалмай, сала тақұл-тұқыл, пұшайман күйге түседі.

Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, қазірдің өзінде елімізде ІТ-кадрларға деген жыл сайынғы қажеттілік шамамен 30 мың адамды құрайды. Өйткені бұл сектор – ауқымы да, сұранысы да еселеп өсіп келе жатқан нарықтарға жатады. Сол себепті, ел Үкіметі білікті мамандар елімізге келуі үшін олардың тұрақты тұруға рұқсат алуын жеңілдетуге баруда.

Белгілі IT маманы Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, Қазақстанда қажетті мамандар бар, бірақ олар өте аз.

"Олар аз болғандықтан, ел экономикасына үлкен ықпал ете алатындай тұтас индустрияларды, өнеркәсіптерді құрып, дәуірлетуге олардың күші, қуаты жетпейді. Үкімет дәл осы 10 жылдықта ең үлкен технологиялық серпіліс болатынын және мамандарға деген сұраныс зор болатынын болжай алмады. Мұны бірде-бір болжам көрсетпеді. Әсіресе, үлкен деректермен жұмыс істейтін мамандар, жасанды интеллект мамандары, түрлі инженерлер бойынша тапшылық өрістейді. Олардың бәрін оқытып, даярлап, тағылымдамадан өткізіп, тәжірибе жинатқызып, білікті маман ету, олар үшін әлеуметтік-білім беру инфрақұрылымын жолға қою үшін көп уақыт кетеді. Бізге кадр дәл қазір қажет. Шетелден маман келгеннің өзінде олар тек ағымдағы тапшылықты өтейді", – деді Ә.Нұрғалиева.

Ал тапшылық экономика мен елдегі таршылыққа, жоқшылыққа ұласпауы үшін өзіміздің дарынды жастарымыздан маман даярлауды өрістету, жұмыссыздарды сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқыту жұмыстары жүйелі, кешенді жүзеге асырылғаны жөн.

"Осы шараларды қабылдауды тез бастап кетпесек, онымен көзбояу емес, шындап айналыспасақ, онда Қазақстан "технологиялық соғыста" жеңіледі, дамуда арттап, өркениет жолының жиегіне шығарып тасталады. Ал барлық талантты, келешегінен мол үміт күттіретін жастар шетелге кетіп қалады", – деп ескертті сарапшы.

Бұдан бөлек, биыл "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім" күшіне енбек. Мәжіліс оны ратификациялайтын заң жобасын қабылдады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл құжат ресейлік, беларусьтік, армениялық және қырғызстандық ғалымдардың Қазақстанға келіп, өз ғылыми дәрежесіне сай қызметке жылдам орналасуына мүмкіндік береді. Яғни, олар бұрынғыдай, ғылыми дәрежесінің ұлттық деңгейде танылуының ұзақ рәсімінен өтіп, соған дейін төменгі қызметтерді атқаруға мәжбүр болмайды.

"Еуразиялық одақ туралы шарттың 97-бабында: "мемлекеттердің ғылыми дәрежелері әр тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес танылады" деп бекітілген. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі принципі "төрт бостандықты", соның ішінде ‒ тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қарастырады. Алайда жұмыс күшінің бостандығы осындай баптармен сәл шектеледі. Сондықтан осы жаңа келісім ғылыми дәрежелер туралы құжаттарға ұлттық тану рәсімдерін жүргізбей-ақ бірден тануды ұсынады. Яғни, Еуразиялық одақтың мүше елдерінің ғалымдары бізге келісімшарт негізінде келіп, қызмет етсе, оның ғылыми дәрежесін автоматты түрде танитын боламыз", – деді С.Нұрбек.

Оның пікірінше, бұл кедергі, мысалы, Ресейде оқыған қазақстандық жас дарындардың сонда қалып қоюына ықпал етеді. Өйткені қазақстандықтардың да шетелдік ғылыми дәрежесі танылмайды. Оны ресми тану үшін үлкен бюрократиялық тосқауылдарды еңсеру қажет көрінеді.

"Қазіргі кезде біздің ұлттық тану процесі мемлекеттік қызмет ретінде реттелген. Кез келген шетелден келген азамат немесе шетелде қорғаған Қазақстанның азаматы министрлікке қарайтын Ұлттық жоғары білім даму орталығына "Электрондық Үкімет" порталы арқылы құжаттарын тапсырады. Растау процесі 45 күнге дейін созылады. Біз оны тездетуге тырысамыз. Орталық шетелде қорғалған диссертацияны растайды. Диссертациялық кеңестермен, шетелдік меморгандармен арамызда екіжақты келісімдеріміз бар. Арнайы сараптамалық комиссия сол диссертацияны қарастырады, расталғаннан кейін ғана арнайы куәлік беріледі. Бұл ғылыми дәреже Қазақстанда расталған және өзінің эквивалентті дәрежесі бар дегенді білдіреді", – деді министр.

Әзірге қолданыстағы тәжірибе бойынша ғылыми дәрежесі бар шетелден келген азамат біздің университетімізге немесе ғылыми ұйымымызға жұмысқа тұрса және оған республикалық бюджеттен қосымша жалақы немесе қосалқы төлемдер көзделсе, онда міндетті түрде аталған ұлттық тану механизмінен өтуі керек.

Ал жекеменшік жоғары оқу орнына немесе жекеменшік компанияға орналасса және бюджеттен еш қаржы алмаса, сонда ғана бұл талап оған таралмайды.

Жаңа келісім күшіне енген соң, одақ елдерінің дипломы, ғылыми дәрежесі автоматты түрде танылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу