Үкімет шетелге беретін көмегінің көлемін жария етті

8029

Қазақстан Ауғанстанға ұн мен етті, Тәжікстанға мазутты тегін беруде. 

Үкімет шетелге беретін көмегінің көлемін жария етті

Дүниежүзілік банктің тәуелсіз есептемелеріне жүгіне отырып, "Атамекен" ұлттық палатасының сарапшылар тобы жария еткеніндей, Қазақстанда халықтың 26%-ы кедей саналады. Бірақ ресми көрсеткіш, әрине, әлдеқайда көркем. 2019 жылдың соңында күнкөріс шегі 31 мың 120 теңгені құрады және қазақстандықтардың небәрі 4,5%-ы ғана кедейлік шегінен төмен жағдайда тіршілік етуде деп есептелді.

Бюджетте әлеуметтік қорғау шараларына және мемлекеттік маңызды жобаларға қаржы жетпегендіктен, мемлекет бүгінде қатал үнемдеу шараларына кірісті. Президент тапсырмасымен Үкімет бұрын Парламентте маңызды екені баса айтылып, қорғалған көптеген жобаларды енді "басымдықты емес шығыстар" деп тануда және 128,6 млрд теңгеге қысқартады. Бұған қоса, Қаржы министрлігі ауыл-аймақ күтіп отырған 36 млрд теңгеден астам трансферт қаражатты бермеу туралы шешім қабылдаған. Ақшаны жергілікті әкімдіктер өз бетінше табуы керек. Таппаса, елдімекендердегі инфрақұрылымдық жоба, әлеуметтік нысан құрылысы тоқтауы мүмкін.

Бірақ бұл жағдай халықаралық имиджге бағытталған бастамаларға таралмағандай.

"Ашық бюджет" аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Мейрам Пішембаев басшылық ететін 100-бюджеттік бағдарламаның мәліметі жария болды. Ведомствоның ақпарынша, жатжұрттарға көмекті қарастыратын бұл бағдарлама Үкіметтің төтенше резерві қаржысынан жүзеге асырылған.

Түсіндіре кетсек, бұл резервтен қаржы халқымыз үшін шұғыл көмекті қажет ететін шараларға бағытталады. Айталық, су тасқыны астында қалған ауылдарды, әскери қоймадағы мина-снарядтардың жарылысынан зардап шеккен Арысты қалпына келтіру секілді шетін мәселелер шешіледі.

Қазіргі кезде Қазақстан "Үлкен Орталық Азияға" жататын екі елді өз қамқорлығына алып отыр.

Аталған министрліктің мәліметінше, Үкімет қаулысына сәйкес, Тәжікстанға 16 вагон-цистернаға мелдектей құйылған 1 мың тоннадай мазут түрінде гуманитарлық жүк жеткізілді. Бұл ретте тек тауар бөлумен шектелмей, жүкті тәжік еліне дейін тасымалдауды да біздің Үкімет өз мойнына алған. Осы мақсатта "Қазақстан темір жолы" жылжымайтын құрам бөліпті. Жүк Үштөбе стансасынан аттанып, Душанбе-1 стансасына жетті.

Осыдан кейін тәжік елі мемлекетімізден аса ірі көлемдегі келесі жүкті – 10 мың 75 тонна мазутты сыйлыққа алды. Ол Ақжайық стансасынан шығып, Душанбе-1-ге жетіп тоқтаған. 167 теміржол цистернасына толтырылған аса құнды гуманитарлық жүкті тәжік тарапына Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов салтанатты түрде табыс еткен. Ол осы жүкке арналған сертификатты тәжік Үкіметі жанындағы мемлекеттік материалдық резерв агенттігі директорының орынбасары Сохибджон Зиёдуллоев қолына ұстатты.

Қазақстан елшісінің айтуынша, "еліміз Тәжікстан халқына жыл сайын гуманитарлық көмек көрсетіп тұрады". 2006 жылдан бері оның жалпы көлемі шамамен 40 млн доллардан асқан. 

Мазут сыртында қазақ елі оларға 21 вагон азық-түлік тауарын жөнелтті. Дегенмен, сарапшылардың дерегінше, осынша бағалы тауарлардың қарапайым халыққа жетуін, әлдебір сыбайлас жемқорлардың талан-таражға салмауын ешкім қадағаламайды.

Бұдан бөлек, Үкімет қаулысымен Қазақстан Ауғанстан Ислам республикасына да қарасып тұрады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауған еліне гуманитарлық жүкті темір жол құрамымен қамтамасыз еткенін баяндады.

Нәтижесінде, Үкімет Ауғанстанға 2 мың 590 тонна жоғарғы сортты ұнды, 260 тонна екінші сұрыпты бидай ұнын, 847 мың 139 банкі ет консервісін, 40 тонна кептірілген көкөністі тегін берді. Бұл гуманитарлық жүк Жаңа Семей стансасында тиеліп, Қарағанды облысындағы Қалағыр және Алматыдағы Алматы-1 стансалары арқылы Өзбекстанның ауған жерімен шектес Галаба теміржол стансасына жеткізілген.

Жалпы, жүктің тек өзбек стансасына дейін жеткізілуінің мәні бар. Қарулы қақтығыстар тыйылмаған бұл елге қазақстандық жүк жөнелтушілер мен кәсіпкерлер дендей енуден қаймығады. Ал өзбектер Ауғанстан жұртшылығымен сауданы жақсы жолға қойған. Сондықтан ол елдің нарығына шыққысы келетін біздің бизнесмендер бар саудасын өзбек делдалдары арқылы жүргізеді, ақысын төлейді.

Министрліктің хабарлауынша, Тәжікстан мен Ауғанстанға гуманитарлық жүк жеткізуге ел бюджетінен бұл жолы 1 млрд 614,4 млн теңге шығындалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу