Үкімет "Сұлтан" макарон бренді үшін түрік алыбымен жағаласуда

2255

Окан Қазақстанды халықаралық сотқа беруге ниетті. 

Үкімет "Сұлтан" макарон бренді үшін түрік алыбымен жағаласуда

Түркиялық алып корпорация Қазақстанның және астананың дамуына сүбелі үлес қосқандарын бұлдап, енді мемлекет соның қайтарымы орнына қысастық жасап отырғанына қынжылады. "Okan" компаниялар тобының басқарма төрағасы Окан Бекирдің Үкімет мүшелеріне хаты да ренішке толы.

Сонда түріктер не сұрап отыр?

"Біздің компаниялар тобы елорда құрылысына қатысу арқылы Қазақстанның өркендеуіне қомақты үлес қосты. Сондай-ақ жұмыс орындарын құрдық, отандық өнеркәсіпке инвестиция салдық, жергілікті өндірісті арттырдық. Ендеше біз "Сұлтан-ЭММК" АҚ акцияларын беру операциясы қазіргі кезде қате деген байламыңызбен келіспейміз. Ол акциялар берешектің өтемі ретінде табысталуы керек. Қарыз құны өте мұқият есептелген және барлық тараптармен келісілген. Біз Қазақстанның жоғарғы органдарына қаншама рет жүгіндік. Алайда қолдау таппадық. Кілең теріс жауаптар келеді. Бізге тек бір жол ғана қалды: дауды халықаралық сот арқылы шешу" – делінген шағымда.

Дегенмен, "Okan" компаниялар тобының басшысы Окан Бекир Қазақстанмен соттасқысы келмейтінін айтады.

"Біз қазақ елінде 27 жылдан бері бизнеспен айналысып келеміз. Сондықтан әлемді шулатып, Қазақстан мемлекетіне қарсы сот процесінің басталуын қаламаймыз", – дейді ол.

"Сұлтан-ЭММК" АҚ – тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Қазақстан Үкіметі мен түрік кәсіпкерлері бірлесіп құрған ірі бизнес. Тиісінше, оның бір бөлігі біздің Үкіметке тиесілі. Алайда кезінде ол мемлекеттік пакетті басқару түріктерге қоса тапсырылыпты. Енді мемлекеттік меншік пен активке жауап беретін Қаржы министрлігі сол 348 мың 465 дана акциясын Үкімет иелігіне кері қайтаруды талап етуде. Ертең ол басқа бір кездейсоқ инвесторға сатылса, түріктер майшелпек бизнесінен айырылып қалуы ғажап емес. Сондықтан "Окан" оны өзге емес, өзі сатып алуға құштар.

"Біз бірінші кезекте мемлекет қайтаруды талап етіп отырған 348 мың 465 акция "Окан-Қазинтер" бірлескен қазақ-түрік кәсіпорны" АҚ-ның меншігінде қалуға тиіс деп табандаймыз. Бұл акциялардың номиналды құнын төлейміз, біз мемлекет алдында осындай міндеттеме алуға дайынбыз", – деді Окан Бекир.

Егер Үкіметі осыған келіссе, түріктер бірлескен кәсіпорынның барлық акциясын сатып алуға әзір: оның құнының ақысын тараптар келісімге қол қойған күннен бастап 18 ай ішінде тең бөліктермен төлеуді ұсынады.

Үкімет не дейді?

Молдовалық бизнесмендер ағайынды Статилерден оңбай жеңілген Үкімет тағы бір инвестормен жаһандық деңгейде жүз шайысуға дайын емес секілді. Оның үстіне айырмашылық та бетке ұрып тұр: Статилер қазақ еліне зияннан басқа еш пайда әкелмеді, ал "Оканның" қолтаңбасы мен тартуын бас қаламыздың әр жерінен табуға болады.

Оның үстіне олар құрған "Сұлтан-ЭММК" АҚ "Сұлтан" маркасындағы ұн мен макарон өндіретін алып өнеркәсіптік кешен саналады. Оның құрамына элеватор, диірмен, макарон фабрикасы және өнім сапасын бақылайтын озық лаборатория кіреді. Оның үстіне бұл заманауи "цифрлы" кешен: диірменнің жұмысын басқаруды, өнім сапасын қадағалауды компьютер өзі жүзеге асырады. Кешен құрылғылары силикон қоспасы қосылған тот баспайтын болаттан жасалған. Яғни, кеңес кезіндегі фабрикалардай уақыт өте шіріп кетпейді, иесі болса, талай онжылдық бойы жұмысын жалғастыра алады.

Макарон фабрикасының қуаты тәулігіне 120 тонна макарон түрлерін жасауға, №1 диірменнің қуаты – тәулігіне 160 тонна қатты бидайды өңдеуге, №2 диірменнің қуаты – жұмсақ сұрыпты 200 тонна бидайды тартуға жетеді. Ал элеватор бір мезгілде 94 мың тонна астық сақтайды.

Осы орайда түрік инвесторларының өтінішін ел Үкіметінің қарағаны мәлім болды. Ресми мәлімет бойынша 1996 жылғы 25 наурызда Қазақстанның Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен "Окан-Казинтер" бірлескен кәсіпорны арасында №47-96/2 контракт бекітіліпті. Оған сәйкес, "Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені" (Сұлтан-ЭММК) АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін сенімді басқару түріктерге табысталған.

Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың дерегінше, осы контрактіде сенімді басқарушыға кәсіпорын акцияларының мемпакетінің қалған бөлігін номиналды құны бойынша мемлекеттен сатып алуға мүмкіндік берілген.

"Сол себепті "Окан-Казинтер" бірлескен кәсіпорнының меншігіне берілген "Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені" АҚ акцияларының атаулы құнын төлеу туралы сіздердің ұсыныстарыңызды пысықтауға болады деп санаймыз. Бұл жерде "Сұлтан-ЭММК" АҚ-ның 348 мың 466 дана акциялары туралы сөз болып отыр. Бұл – 2020 жылғы 4 тамыздағы және 7 қыркүйектегі хаттарға сәйкес, контракт шарттарының орындалуына жасалған есептемелер негізінде жүргізілген қосымша тексеруден кейін нақтыланған сан. "Окан-Қазинтер"-дің аталған 348 466 акциялар сыртында 541 мың 457 дана акция көлеміндегі мемлекеттік пакеттің қалған бөлігін де сатып алуына қатысты мәселелерді реттеу үшін министрліктің комитеті мен "Окан-Қазинтер" арасында келісім бекіту мүмкіндігі бар деген ойдамыз", – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев инвесторға жауап хатында.

Бірақ мемлекетіміздің бас қаржыгерінің айтуынша, жаңа келісімнің шарттарын мүдделі барлық тараптар, соның ішінде өзге министрліктер арасында қосымша пысықтау қажет екен. Бұл келіссөздердің қорытындысы түрік инвесторлардың Қазақстанмен халықаралық деңгейде соттасатынын не соттаспайтынын анықтайтынға ұқсайды.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу