Үкімет те күшейді, президент те тыныш

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1893

Жаңа жылдың алдында мемлекет басшысы Қазақстанның парламенттік республика болмайтынын айтты.

Үкімет те күшейді, президент те тыныш

Ал Конституциямызда "Елдің мызғымастығы, унитарлығы және тәуелсіздігі мен оның саяси құндылығы ешқашан өзгеріске түспейді" деп жазылған.

Парламенттік жүйеге өту әлі ерте

ҚР президентінің билік тармақтарын қайта үлестіру туралы кешегі үндеуінде кей құзіретін үкімет пен парламентке берілетіні айтылды. Еліміздің алдағы уақытта осылайша біртіндеп парламенттік басқару жүйесіне өтуіміз мүмкін бе дегенге саясаттанушы, демократияны дамыту бойынша Орта Азиялық қордың директоры Толғанай Үмбеталиева былай деп жауап береді:

"Қазіргі билік кезінде республикалық басқарудың парламенттік түріне ауысамыз деу қисынға келмейді. Парламенттік жүйе дереу ауыса салатын дүние емес. Тіпті кеше айтылғандай Конституция өзгертіліп, одан кейін парламенттік жүйені енгіземіз дегеннің өзінде жаңа жүйе біздің елге тиімді емес. Өйткені парламенттік жүйе дегеніміз саяси партияларға негізделген. Ал біздің елде қазіргі таңда саяси партиялардың арасында күшті бәсекелестік жоқ. Билікте өзінің орнын нық ұстап тұру үшін саяси партиялар кемінде халықтың 20-30 пайызының қолдауына ие болуы керек", – дейді саясаттанушы.

Толғанай Үмбеталиеваның айтуынша, биліктегі жалғыз партиядан бөлек басқа партиялар да халықтың сенімінен шығып жататын болса ғана парламенттік жүйеге өту туралы әңгіме қозғауға болады. Ал қазіргі саяси партиялармен біз парламенттік жүйені қабылдай алмаймыз.

"Әрине, керек болса, билік парламенттік жүйеге қағаз жүзінде ауыса алады. Бірақ ол өз деңгейінде жұмыс істемейді. Сол үшін жаңа жүйеге өтуде кезең-кезеңімен жұмыс істеу керек. Яғни алдымен саяси партияларды күшейтіп, осыған қатысты заңдарды жаңартқан жөн. Нақтырақ айтар болсақ, сайлау заңы бойынша үкімет құрамына кіруі үшін саяси партиялардың қазіргідей 7 пайыз емес, 3-5 пайыз дауыс жинауын жеткілікті еткен абзал", – дейді Толғанай Үмбеталиева.

Мамандардың айтуынша, саяси партиялардың әлсіздігі айналып келгенде қазіргі президенттік жүйенің әсерінен болуы мүмкін. Осы жүйеден бас тарта отырып, билік елдегі саяси партияларға күш пен еркіндік берер еді. Дегенмен Толғанай Үмбеталиева бұл пікірмен келіспейді.

"Мәселенің бәрі саяси партиялардың билік тарапынан қолдау табуында болып тұр. "Ақ жолдан" бастап өзге де партиялар қазір парламентте өздерінің нақты орындарын тапқан жоқ. Демократияның биліктегі бірінші белгісі саяси партиялардың еркіндігі. Қазақстан президенттік жүйеде қала ма, парламенттікке ауыса ма, қалай болғанда да саяси партияларға еркіндік беру күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі", – дейді саясаттанушы.

Мемлекеттік бағдарламалардың сапасы артуға тиіс

Жаңалықтың бастысы – мемлекеттік бағдарламалардың енді Үкімет тарапынан дайындалуы мен оның атқарылуына жауапкершілік министрлер кабинетінің мойнына жүктелуі.

Жаңа заң бойынша енді мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде ең маңыздысы және күрделісі саналатын әлеуметтік және эконмоикалық бағдарламалардың атқарылуына үкімет толығымен жауап бермек. Жалпы жаңа заңда тек президенттің жауапкершілігі ғана алынып тасталады. Яғни бағдарламаның жобасын дайындаған үкімет оны парламенттің мақұлдауына жіберіп, соңында президент оған қол қояды. Бұрын бағдарламаның дайындалуына президент араласатын болса, қазір мемлекет басшысы бұл міндеттен босатылмақ.

"Президенттің мұндай қадамға баруын ол қазіргі заман талабымен түсіндірді. Бағдарламаның бекітілуі үшін бірнеше органның алдынан өтеді. Ал кәсіби үкімет шешімді жедел қабылдап, жұмыс істеуі керек. Бұны бағдарламаның сапасыз дайындалуында президенттің жауапкершілігін алып тастау деп түсінуге болады. Енді үкімет бағдарламаны өз бетімен дайындайтын болса, халықтың сыны да тек үкіметке ғана бағытталмақ", – дейді Толғанай Үмбеталиева.

Саясаттанушының пікірінше, бұрын бағдараламаны дайындауда президент тікелей өзі араласып, оны орындау үкіметке жүктелсе, енді үкімет өзі орындайтын бағдарламаны өзі дайындайды. Бұл мемлекеттік бағдарламаның дайындалуында сапаның артуын қамтамасыз етуге тиіс. Өйткені үкімет тек орындаушы ғана емес, бұдан былай бағдарламаның дайындалу сапасына да жауап бермек.

Демек, бұдан былай мемлекеттік бағдарламалардан шыққан шикіліктер үшін сынның бәрі президентке емес, үкіметке, нақты министрліктер мен парламенттің қос палатасына бағытталмақ.

Бұл тұрғыда ескеретін бір нәрсе, жаңа заңда бағдарламалардың сапасыз дайындалғаны үшін жауапкершілік нақты жаза түрінде көрсетілуі керек. Әйтпесе қазіргідей мемлекеттік бағдарлама өз міндеттемесін атқара алмай қалған кездері үкімет "әу баста бағдарлама шикі дайындалған" деп жалтара бермек.

Үкіметтегі жиі өзгерістің сыры неде?

Жыл сайын тұрақты түрде болып тұратын үкімет құрамының өзгеруі биыл жылдағыдан ертерек келді. Бес институционалды реформада айтылған мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру аясында шағын және кәсіби үкімет құру көзделген. Осы мақсатта бірер жыл бұрын Елбасының жарлығымен бірнеше министрлік пен мекеме біріктіріліп, ондағы штат саны қысқарған. Нәтижесінде сол кездері денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі құрылды.

Кеше мемлекет басшысының қаулысымен бұл министрлік қайта екіге бөлінді. Соңғы жылдары жиілеп кеткен мұндай ауыс-түйістің сыры неде екенін саясаттанушылар әртүрлі болжайды. Көпшілігінің ойы мұның бәрі бюджет қаржысын игеруде оңтайлы әдісті іздеу дегенге саяды. Шикізат дағдарысы кезінде бюджет тапшылығын тартқан үкімет бірнеше министрлікті бір жерге топтастырған. Енді елдің әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету мақсатында әлгі министрліктер қайта бөлек шығып жатқанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу