Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы олқылықты жою үшін заңнамаға тағы түзету енгізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасының жетінші бағыты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін реттеуді көздейді. Қазіргі таңда "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңы аясында бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан кейін осы пәтерді екінші тарапқа беруге міндетті, яғни екі ғана тарап бар", – деді ол.
Бұл құрылыс компанияларына заңды айналып өту мүмкіндігін қалдырып отырған көрінеді.
"Алайда іс жүзінде тұрғын үйге ақша тартқан компания құрылысты бір үлестес компания арқылы салады да, азаматтарға басқа бір үлестес компанияның көмегімен сатады. Осылайша, үшінші тарапты қосу арқылы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңмен реттелетін талаптарды жалтару ықтималдығы туындайды. Сондықтан, заң жобасында осы олқылықты болдырмайтын норма көзделген. Енді үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылатын болады", – деді Серік Жұманғарин.