Үкімет ​​"Жайлы мектеп" ұлттық жобасын мақұлдады

2023-2025 жылдары елімізде 401 ерекше мектеп салу жоспарланған.  

Үкімет ​​"Жайлы мектеп" ұлттық жобасын мақұлдады Фото: primeminister.kz

Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінеді.

Үкімет отырысында "Жайлы мектеп" бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды. Ұлттық жобаны Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т. б. толық жабдықталады. Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынады. Оған қоса, онда ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалады", – деді министр.

Елімізде соңғы 10 жылда оқушылар саны 1 млн-ға артып, бүгінде 3,5 млн-нан астам баланы құрайды. Бұл өз кезегінде мектеп инфрақұрылымына салмақ салуда. 

Министр бұған бес фактор ықпал етті деп есептейді.  Атап айтқанда, урбанизация, халықтың көші-қоны, туу деңгейі, мектеп ғимараттарының тозуы, мегаполистерде халықтың тығыз орналасуы. Аталған факторлар Ұлттық жобада толығымен ескерілген. 

Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарын салу көзделген. Жобаға қомақты қаражат қарастырылмақ. 

"Ұлттық жоба аясында 60 мыңға жуық уақытша (құрылыс кезеңінде) және 40 мың тұрақты жұмыс орны (мектептер пайдалануға берілгеннен кейін) құрылады. Ұлттық жобаны әзірлеу барысында құрылыс кезінде бұрын туындаған мәселелер шешілді. Бұл салынып жатқан мектептердегі пән кабинеттері мен оқу-зертханалық жабдықтардың жеткіліксіздігі, конкурстық процедуралардың ұзақтығы мен құрылыс уақытының ұзақтығы, мектептердің құрылысында бірыңғай нормативтердің жоқтығы және т.б. Жаңа механизм құрылысты бірыңғай стандарт бойынша жүргізіп, сатып алу және құрылыс рәсімдерінің уақытын тездетіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Жайлы мектептердің қазіргі білім ордаларынан айырмашылығы – олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады.

Яғни, пәндік кабинеттер компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталып,  заманауи интерьер бойынша жобаланады.

Министрдің айтуынша, жаңа мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және біліктілік арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман дайындалады деп күтілуде.

Премьер-Министр "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отырғанын атап өтті. 

"Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады", — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен "ауызсу фонтандары" қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.

Премьер-Министр 2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Жалпы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді.

"Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет", — деді Әлихан Смайылов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу