Үкімет жаңа Салық кодексінің алғашқы нәтижелерін жариялады

432

Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды.

Үкімет жаңа Салық кодексінің алғашқы нәтижелерін жариялады Фото: digitalbusiness.kz

Қазақстанда жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне еніп, салық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар іске асырыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа өзгерістер нақты секторды қолдау, салық жүктемесін әділ бөлу және мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруды көздейді.

Үкіметтің мәліметінше, реформаның алғашқы нәтижелері байқала бастады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға артты. Трансферттерді есептемегендегі бюджет кірістері 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6%-ға орындалды. Сондай-ақ ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мың субъектіге жетті.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды. Банк секторына – 25%, ал аграрлық салаға жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Дәрілік заттар, оқу әдебиеттері мен баспасөз өнімдері үшін төмендетілген ҚҚС қарастырылған.

Сондай-ақ жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті жүйесі енгізілді. Енді жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен (36,7 млн теңге) асатын азаматтар ғана осы сомадан жоғары бөлігіне 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Қалған азаматтар үшін ЖТС мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды.

Бұдан бөлек, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктерге салынатын көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50%-ға төмендетілді. Сонымен бірге І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім көлемі 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Реформа аясында салықтық әкімшілендіру де жеңілдетілді. Салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқартылды. Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер бизнесті жүргізуді жеңілдетіп, ашық әрі тұрақты экономикалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу