Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жасанды интеллект жүйелерін қолдану 2030 жылға қарай жаһандық жалпы ішкі өнімді 14%-ға арттырып, 70%-ға дейін қосымша экономикалық тиімділік беруі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, биыл компаниялардың жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерге жұмсайтын шығындары өткен жылмен салыстырғанда екі есе ұлғаяды. Жасанды интеллект құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бизнес пен өндірісте үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және талдауға немесе клиенттерге қызмет көрсетуге байланысты міндеттерді орындауға болады", - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ жасанды интеллект денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады.
Үкімет басшысының сөзінше, жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар.
"2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуі тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді", - деп атап өтті Үкімет басшысы.