Үкіметте автожол және теміржол инфрақұрылымын дамыту жобалары қаралды

476

2025 жылға дейін жалпы құны 781,2 млрд теңгені құрайтын жобалар аясында 8,8 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады.  

Үкіметте автожол және теміржол инфрақұрылымын дамыту жобалары қаралды Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтік штаб отырысында автокөлік және теміржол салаларындағы инвестициялық жобалар қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның ішінде 2,1 мың шақырым қайта жаңартылып, 459,6 шақырым күрделі жөндеуден өтеді, ал 6,3 мың шақырымға орташа жөндеу жүргізіледі.

Сондай-ақ, биыл ұзындығы 1 мың шақырым болатын "Қарағанды – Жезқазған", "Ақтөбе – Ұлғайсын", "Атырау – Доссор" бағыттары мен бірқатар қалалар (Қызылорда, Рудный, Сарыағаш, Петропавл) айналма жолдарын салу және қайта жаңарту бойынша 7 жаңа жоба іске қосылады.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев шекаралық өткізу пункттерін кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы қауіпсіз және тиімді транзитті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 52 өткізу пунктінің 36-сы 2030 жылға дейін жаңартылады.

– 2025 жылға жоспарланған жобаларға 644 млрд теңге, ал жаңа бастамаларға 3,05 трлн теңге инвестиция салу жоспарланып отыр. Бұл 2048 жылға қарай 6,4 трлн теңгеге дейін экономикалық нәтиже береді деп күтілуде, – деді ол.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырымды құрайтын 20 ақылы автожол учаскесі жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 5,5 мың шақырым болатын 26 ақылы жол учаскесін іске қосу жоспарланған. 2024 жылы ақылы жолдардан түскен кіріс 48,4 млрд теңгеге жеткен.

Теміржол саласында "ҚТЖ" ҰК" АҚ биыл шілде айында ұзындығы 836 шақырымды құрайтын "Достық – Мойынты" учаскесінде екінші жолдардың құрылысы аяқталып, пойыз қозғалысын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 542,8 млрд теңге.

Сонымен қатар, ұзындығы 123 шақырым болатын "Алматы айналма жолы" теміржол желісінің құрылысы аяқталмақ (жобаның құны – 151,7 млрд теңге).

2026 жылға қарай 720,4 млрд теңгеге бағаланатын "Қызылжар – Мойынты" теміржол магистралінің құрылысы аяқталып, "Алтынкөл – Жетіген" учаскесі жаңғыртылады (инвестиция көлемі – 107,8 млрд теңге).

Отырыстың қорытындысында вице-премьер барлық ұлттық компанияларға инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Мемлекеттік органдардан жобалардың уақытылы іске асуына кедергі келтіретін әкімшілік кідірістерді жою және тұрақты бақылауды қамтамасыз ету талап етілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу