Үкіметті алдағандарға қандай шара қолданылады?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2693

Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жаңа жоба әзірленіп жатыр.

Үкіметті алдағандарға қандай шара қолданылады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының су жаңа министрі Біржан Нұрымбетов үкіметті алдап, атаулы әлеуметтік көмек алған отбасы мүшелеріне қандай шара қолданылатынын айтты.

Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, болашақта министрлік атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жаңа жоба ұсынады.

"Қазір ерекше санаттағы отбасыларға сатып алу құқымен жалдамалы пәтер берудің тиімді механизмдері қарастырылып жатыр", – деді ол.

Министрдің мәлімдеуінше, атаулы әлеуметтік көмек алдағы уақытта да төленеді.

"Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік көмек ретінде берілетін төлем төлене береді. Бұған қоса төлем мөлшерін арттыру шаралары жүзеге асырылады", – деді Біржан Нұрымбетов.

Сөз арасында министр үкіметті алдап, атаулы көмек алған көпбалалы отбасылар ұят іс жасағанын және олар алған ақшаны қайтаруға тиіс екенін түсіндірді.

"Өкінішке қарай, кейбіреулер тауып отырған табысы туралы жалған мәлімет ұсынып, атаулы әлеуметтік көмек алған. Қазір тексеру жүріп жатыр. Бұл – ұят іс. Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар ақшаны қайтарады. Оларға ешқандай жаза қолданылмайды, тек алған ақшаны қайтару керек", – деді Біржан Нұрымбетов.

Сөз арасында министр елімізде ана мен балаға ерекше қамқорлық көрсетіліп жатқанын жеткізді.

"Бізде сәби өмірге келгеннен бастап төленетін түрлі жәрдемақы бар. Бұдан бөлек мүгедек бала тәрбиелеп, күтіп отырған аналарға ай сайын берілетін төлем түрі енгізілді. "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлерінің зейнетақысы өсірілді", – деді Біржан Нұрымбетов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу