Үкіметтің тісі батпайтын сала белгілі болды

15824

Еліміздегі стратегиялық нысандар аяқ астында жатыр. 

Үкіметтің тісі батпайтын сала белгілі болды Фото: canva.com

Қуқы тірліктің қамымен, жұмыстың бабымен көшеде әрлі-берлі сабылған жұрт оған көп назар аудара бермейді. Тек сабырлы, сақ адамдар ғана арагідік "Қазақтелеком" деп жазылған қақпағын басып кетсем, онысы опырылып, құдығының ішіне құлап кетпеймін бе?" деп қауіп қылып, айналып өтеді.

Өкінішке қарай, оларды байланыс саласында бизнесін дамытқысы келетін кәсіпкерлер де "айналып өтуге" мәжбүр. Өйткені мемлекеттен тегіннен тегін мұраға алған кабельдік канализацияға басқаларды кіргізетін емес.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың түсіндіруінше, елдегі мемлекеттік инфрақұрылымды тегіс дерлік үш компания еншілейді: магистральді теміржол желісін – "Қазақстан темір жолы", электр энергетикасы желілерін – KEGOС, кәбілді кәрізді – "Қазақтелеком" қанжығасына басқан.

Мұның бәрі "негізгі қуат" (ключевая мощность) деп аталады. Бұларға қосымша параллельді инфрақұрылымды, мысалы, бір көшеде екінші кабельдік канализацияны қазудың мағынасы жоқ. Олай жасаса, қалаларымыздың асты-үсті шұрық-тесік, қуысқа толып кетер еді.

Жеке кәсіпкерлер табиғи монополия қолындағы инфрақұрылымға еркін қол жеткізе алса ғана нарық өркен жаяды, бәсекелестік өрістейді. Алайда олай болмай тұр.

Осының мән-маңызын түсінген Мемлекет басшысы Цифрлық даму министрлігін 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін байланыс операторларының кәбілдік кәрізге толыққанды әрі тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттеді. Бұл тапсырма Президенттің "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығы аясында бекітілді.

Ол кезде Цифрлық даму министрлігін Бағдат Мусин басқарып тұрған. Шешілмеген проблеманы Мусиннің ізбасары – 2024 жылғы мамырда министр болып тағайындалған Жаслан Мәдиев мұраға қабылдап алды. Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды, президенттік тапсырманың уақытында орындалмау қаупі төнді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, Байланыс саласындағы компаниялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне "Қазақтелеком" АҚ-ы, "Транстелеком" АҚ-ы, елордалық "Астана Innovations", Ақтау қаласындағы "Sky Silk" АҚ-ы енгізілген.

Бұл ретте елімізде кәбілдік кәріздің жалпы ұзындығы 14 мың 449,59 канал/шақырымды құрайды. Алайда оның басым бөлігі бір ғана "Қазақтелекомның" иелігінде. Салдарынан ол осы нарықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Атап айтқанда:

  • "Қазақтелеком" АҚ-ында – 13 мың 510,679 канал/шақырым,
  • "Транстелеком" АҚ-ында – 763 канал/шақырым,
  • "Астана Innoovations" АҚ-ында – 165 канал/шақырым,
  • "Sky Silk" АҚ-ында – 11 канал/шақырым.

Бұдан басқа, республикада 100-ден астам субъектінің меншігінде телефондық кабельдік кәріз бар. Алайда, заңнамаға сәйкес, өз қажеттіліктері үшін кәбілдік кәріз тартып алған субъектілерге мемлекеттік реттеу қолданылмайды.

Қалай болғанда, еліміздегі қалалардың жерастын айқыш-ұйқыш торлаған кәбілдік каналдардың басым көпшілігіне иелік етіп отырғандықтан, бұл саладағы проблемаларға бірінші кезекте "Қазақтелеком" жауапты болса керек.  

Цифрлық даму министрі болып тұрған тұста Бағдат Мусин кабель тартқысы келетін бәсекелестерін құдығына кіргізбей қоятыны үшін "Қазақтелекомды" жиі сынайтын. Биылғы 10 маусымда Мусиннің өзі "Қазақтелеком" АҚ-ының басқарма басшысы болып тағайындалып, соның тізгінін ұстады. Енді көп жылғы сынына нысана болған түйткілдерді жоюға да өзі жауап береді.

Министр болған кезде Мусин Үкімет жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында сөз сөйлеп, бүгінде бұл алпауыттың шағын операторларды шөміштен қағатынын, олар кабельдік кәрізге қол жеткізе алмайтынын, өздерінің байланыс желілерін тарту кезінде қиындыққа тап болатынын ашық айтты.

"Өйткені кабельдік канализацияның негізгі бөлігіне "Қазақтелеком" АҚ иелік етеді. "Қазақтелеком" болса, "соңғы миль" рөлін атқарып, халыққа қолжетімді интернет қызметтерін ұсынуға дайын орта және шағын провайдерлердің дамуын шектейді. Мәселені шешу үшін Цифрлық даму министрлігі бірқатар заңнамалық түзетуді қарастыруды ұсынады. Ол электрондық өтінім беруді, сондай-ақ монополисттің қызмет көрсетуден бас тарту негіздерінің нақты тізбесін айқындауды қамтиды", – деді Бағдат Мусин.  

Бұған қоса, егер "Қазақтелеком" өз иелігіндегі кәбілдік кәрізге кіріп, желісін тартқысы келетін кәсіпкерді оған жіберуден негізсіз бас тартса және зардап шегушіден тиісті шағымдар түссе, мұндай оқиғаларды қарап, алпауытқа техникалық аудит жүргізуге Цифрлық даму министрлігінің "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" РМК-сіне уәкілеттік беру қажет. Аудит тексеруі қорытындысында талапты бұзу фактілері анықталса, уәкілетті орган жаза-ұйғарым шығаруға құқылы болады.

Кабельдік кәріз бойынша қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқаны үшін операторға әкімшілік жауапкершілікті қатайту да ұсынылып еді. 2022 жылдан айтылып келе жатқан бұл бастамалар содан бері сөзбұйдаға салынып, орындалмай қалды. "Қазақтелекомның" "сауыты", бәлкім, "шатыры" мықты болып шықты.

Жалпы, құзырлы органдардың ресми мәліметінше, "Қазақтелекомнан" бастап, басқа да жекелеген ірі байланыс операторлары "орта және шағын интернет-провайдерлердің дамуына еш ынталы емес", керісінше, оларды "жөргегінде" тұншықтыру үшін "мүлдем тиімсіз шарттарды ұсынады".

Оған келіспесе, кәсіпкер инфрақұрылымға қол жеткізе алмайды, яғни, бизнесін жабады. Келіссе, кабала-қыспаққа кіріп, қарызға батады, бәрібір жабылып тынады.

"Дилерлік шарттың тиімсіз талаптары арқылы "Қазақтелеком" АҚ-ы интернеттің орта және шағын провайдерлерін дамытуды ынталандыруға кедергі келтіріп отырған фактілері әшкереленді. Бұл телекоммуникациялық нарықтың дамуына және халыққа телекоммуникациялық қызметтерді қолжетімді етуге теріс әсерін тигізеді. Бұл, өз кезегінде, Президенттің телекоммуникациялық нарықты өркендету және халыққа интернетті қолжетімді ету жөніндегі тапсырмаларының табысты іске асырылуына тосқауыл болды", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Ведомство бұл тығырықтан шығарар екі жолды көріп отыр. Біріншіден, шағын байланыс операторлары үшін ауылдарда "Қазақтелеком" АҚ және "Транстелеком" АҚ желілеріне қосылу ақысын заңнамалық түрде реттеу қажет.

Екіншіден, оларға арнап, кәдімгі электр бағаналарымен кабель-желілерді жаппай жүргізу керек. Сонда бұл шағын операторларға жағдай жасап, аталған проблеманы шешуге мүмкіндік береді.

Мысалы, мәжілісмен Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, алпауыттардың кедергі жасауы кесірінен елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар көп. 2023 жылдың қорытындысында 6 мың 290 ауылдың шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал, 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар.

Демек, тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ, монополист оған қалаған тарифін таңады. Мысалы, антимонополиялық органның мәліметінше, байланыс операторлары клиенттерді тарифтік пакеттер аясында интернеттің жылдамдығын таңдауын шектеп тастады. Тек қана ең жоғарғы немесе төменгі жылдамдықты ұсынады: қаласаң ал, қаламасаң, жолың әне!

Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, әлгінде айтылған Президент Жарлығын орындау үшін ведомство бюджет қаражаты есебінен салынған телекоммуникация және кабельдік кәріз желілеріне түгендеу-ревизия жүргізеді. Сондай-ақ оларды мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының жобасын әзірледі.

"Бүгінгі таңда мемлекет меншігіндегі кәбілдік кәрізді жалға алу проблемалары шешілмеген күйінде қалып тұр және байланыс операторларының жұмысында елеулі қолайсыздықтар туғызуда. Бұған қоса, кабельдік кәріз арналарының бір бөлігі мемлекеттік меншікте. Ал, мұндай арналарды пайдалануға беру тәртібі "Мемлекеттік мүлік туралы" заңымен айқындалады. Мемлекеттік жабдықтарды мүліктік жалдауға беру кезінде жылдық жалдау ақысының мөлшерлемесі есептеледі. Ол объектінің бір бөлігін ғана жалға беруді қарастырмайды. Тек бүкіл объектіні жалға тапсыруды көздейді", – деп түсіндірді министрлік мамандары.

Бірнеше шақырымдық мемлекеттік кабельдік канализацияны тегіс жалға алуға шағын не орта бизнестің жағдайы келмейді, әрі мұның оған қажеті де жоқ.

Мұның бәрі заң жүзінде шешімін табуды күтіп отыр. Осы проблемалармен айналысу орнына Цифрлық даму министрлігі де, Үкімет те қажетсіз басқа шаруаларға, мысалы, елді ашындырған "бірыңғай сағат белдеуіне көшуді" ақтап алуға бас қатырып әлек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу