Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр – Ерлан Қошанов

Депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ, палата отырыстарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен.  

Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр – Ерлан Қошанов Фото: parlam.kz

Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылып, депутаттар каникулға кетті. Алайда демалыс алдында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет пен мемлекеттік органдар басшыларының жұмысын сынға алды, деп жазады inbusiness.kz

"Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі кейбір мәселелерге де тоқталып өткім келеді. Біріншіден, Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр.
Сондықтан депутаттар осы өзекті мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр.
Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс", – деді Мәжіліс төрағасы. 

Оның айтуынша, екіншіден, депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ.

"Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр.
Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз. Біз жұмысымызды жаңа бастадық. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуге тиіс", – деп ескертті палата спикері. 
 

Ерлан Қошанов жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығын сынға алды. 

"Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты.
Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз. Бұл біздің регламентте қарастырылған", – деді Мәжіліс төрағасы. 

Сонымен қатар Қошанов каникулға кеткен депутаттардың келесі аптадан бастап өңірлерге шығатынын да атап өтті. 

"Сол кезде қаралатын заңдар бойынша халықпен  тереңірек пікір алмасу, жұртшылықтың ойын білу маңызды. Парламент заңдарды халық үшін және халықпен бірге жазады. Бұл – біздің басты ұстанымымыз", – деді палата төрағасы.  

Айта кететіні, биыл Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды.

Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды. Бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті.Онда 120-дан астам мәселе қаралды.

Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу