ҰҚК Бағлан Майлыбаевтың қамауға алынғанын растады

1728

ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасарына мемлекеттік құпияны жария етті деген айып тағылды.

ҰҚК Бағлан Майлыбаевтың қамауға алынғанын растады

"2017 жылдың 12 қаңтарында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабы, 1,3-бөлімінде көзделген ("Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету") қылмыс жасады деген күдікпен ҚР Президенті әкімшілігінің бұрынғы қызметкерлері Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихин ұсталды", – деп мәлімдеді ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

14 қаңтарда Астана қаласының Есіл аудандық соты 2 ай мерзімге тұтқынға алу туралы санкция шығарды. Осы екі азамат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабында көзделген тәртіпте ҰҚК-ның тергеу изоляторына қамауға алынды. Күдіктілердің тұрғын үйлеріне тінту жүргізіліп, айғақ заттар алынды.

Тергеу жалғасып жатыр, оның барысы мен нәтижесі қосымша хабарланады деп хабарлады құзырлы мекеме.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтарда Бағлан Майлыбаев ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымынан шеттетілген болатын. Бұл лауазымда оның орнын Марат Тәжин ауыстырды.

Оған қоса бұл өткен аптада болған екінші атышулы оқиға. Оның алдында, 10 қаңтарда бірнеше рет пара алды және қылмыстық келісімге келді деген күдікпен бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев тұтқынға алынған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу