ҰҚК Мәсімовті тергеуге қатысты тың ақпарат жариялады

2116

Қаңтар оқиғасы кезінде "мемлекетке опасыздық жасап", "билікті күшпен басып алуға" тырысты делінген Кәрім Мәсімовтың іс-әрекетінен көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды. 

ҰҚК Мәсімовті тергеуге қатысты тың ақпарат жариялады

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарлады. 

Ақпаратқа сүйенсек, Мәсімов ҰҚК төрағасы және одан бұрын премьер-министрі лауазымдарын атқарып жүргенде отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік пен қымбат сыйлықтар (оның ішінде ақша да бар) алған. Мысалы, оған қатысты жабық келісімшарт арқылы шетелдік мемлекет өкілдерінен 2 млн доллар сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

"Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді", – деп сендіреді ҰҚК өкілдері.  

Тағы бір мысал, оның премьер-министр бола жүріп бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімов ұсталғаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн доллар мөлшерінде қолма-қол ақша, көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынған.

Бұдан басқа, 11 бизнес-классты қымбат автомашина алынды.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтер, Алматы қаласындағы екі пәтер мен дербес сарай және Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 гектар жер теліміне тыйым салынды. Мәсімовтың жақын байланыстарынан 5,1 млн доллар алынып, оған тыйым салынды", – деп жазылған ақпаратта.

ҰҚК қазір Мәсімов пен оның айналасындағылардың шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатын іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыстарды ұйымдастырып жатқанын мәлімдейді.

"Барлық көрсетілген фактілер бойынша қарқынды жедел жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметінен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу