Украина 2014 жылғы шекарасына шықты

3618

Пригожиннің маршы украиналық жауынгерлердің рухын көтерді.

Украина 2014 жылғы шекарасына шықты Фото: rbc.ru

 

Оккупанттар сонау 2014 жылдан бері ұстап келген Донецк облысындағы маңызды позицияларынан айрылып қалды. Яғни, Украина Қарулы күштері (УҚК) тоғыз жыл бұрын жоғалтқан бекіністерін өз қолына қайтарып алды.

Бұл сенсациялық жаңалықты осы елдің Қорғаныс министрлігі растады.

Бүгінде украиналық армия бірнеше бағытта ілгері жылжып барады. Соның ішінде әлеуметтік желіде жауынгерлердің РФ басып алған Бахмут қаласын қоршай бастағаны бейнеленген видеолар тарады.

УҚК әскерлерінің Шығыс тобы 24 маусымда бір мезгілде алты бағытта – Орехово-Васильевка, Бахмут, Богдановка, Ягодное, Клещеевка және Курдюмовка бағыттарында ауқымды шабуылды бастады.

Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша, осы аталған барлық бағытта ілгерілеу бар.

"Купянск, Лиман, Марьинка бағыттарында жау шабуыл жасауға тырысты. Бірақ ілгері баса алмады. Авдеевка бағытында және Шахтерлік бағытта (Новопавловск, Угледар) қарсылас авиациялық соққы берді, артиллериялық атыс ұйымдастырды", – деді Анна Маляр.

Оның дерегінше, Украинаның оңтүстігіндегі "барлық шабуыл бағыттарында ауыр шайқастар жүруде".

"Дұшпан қорғаныста қасарыса қарсыласуда. Біздің шабуыл қимылдарымызды тоқтатуға бар күшін салып жатыр. Сонымен бірге жаудың жеке құрамы, қару-жарағы және техникасы салмақты шығынға ұшырауда", — деді Украина Қорғаныс министрінің орынбасары.

Дегенмен, Киев үнсіздік сақтап, нақты қандай бекіністерді қайтарғанын, қандай территорияларды, елді мекендерді азат еткенін жедел хабарламай, бір апталық кідіріспен жариялап отыр. Мұның себебі бар: елді мекендер соғысушы тараптардың қолына кезек-кезек көше беруі мүмкін. Мұны әскерилер "нөл" немесе "сұр аймақ" деп атайды. Яғни, қандай да бір аумақта нақты бекініп, ол жерден агрессорды аулаққа толық ығыстырмай, тазаламай, жеңіс туралы айту қиын. 

Әйтсе де, Киев Донецк облысындағы Красногоровкадағы жеңісі туралы жаһанға жар салуға ұйғарыпты. Мұның символдық нышаны бар. Себебі, ол жерді де 2014 жылы ресейлік "прокси-күштер" басып алып, әлем мойындамаған "ДХР" құрамына қосқан еді.

Сонымен бір апта бұрын ЗСУ Красногоровкада 2014 жылдан бері Ресей оккупациялаған бірнеше позицияны қатарынан босата алыпты. Бұл туралы украиналық ұлттық телемарафон эфирінде Таврия бағытындағы қорғаныс күштерінің өкілі Валерий Шершень хабарлады.

Ол "тактикалық мақсатқа байланысты" осы хабарды шұғыл түрде айту мүмкін болмағанын жеткізді. 

В.Шершнень мәліметінше, бұл серпінді бетбұрыс "жақсы дайындалған шабуылдың, авиацияның және ауыр техниканың қолдауының арқасында мүмкін болды". Ол жақта бүгінде бірнеше учаскелерді минадан арылту жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды.

Барлық бағыттағы шабуылдың дәл 24 маусымда басталуына бір фактор ықпал етуі мүмкін. CNN хабарлауынша, АҚШ барлау қызметі Ресейде бүлік басталғанға дейін Пригожиннің жоспарлары туралы америкалық Конгресті хабардар етіпті. Мұны Си-Эн-Энге үш дереккөз мәлім етті. Америкалық шенеуніктердің бірі Пригожиннің оқ-дәрі тапшылығы туралы бұрынғы мәлімдемелері шынында "ресейлік көшбасшыларға әскери қарсы тұрудың негізін қалау үшін қасақана жасалған алдау болғанын" нықтады.

Ал The Washington Post жазуынша, АҚШ барлау қызметі Пригожиннің қарулы бүлік дайындап жатқаны туралы барлау деректерін биылғы маусым айының ортасында алған. Демек, АҚШ білсе, Киев пен Залужный да білді деген сөз.

"Вагнер" көшбасшысы Мәскеуге "Әділдік маршын" 23 маусымда жариялады. 24 маусым таңында РФ әскерінің ең ірі әскери хабына айналдырылған Ростов қаласын қолына көшірді. Осы күні Украина әскері де барлық бағытта шабуылын бастады.

Жалпы, Кремлді басып алмай, мәре алдынан кері қайтқанымен Пригожин ресейлік әскердің жігерін жасытты. Әлі күнге дейін солтүстік көрші Украина әскерінің шабуылын тойтаруға емес, Путиннің және Мәскеудің ары қарай не істейтініне бас қатыруда. Соғысқа бас-көз болуы тиіс РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгудың тағдыры да белгісіз. Оның отставкаға кетуі Е.Пригожиннің басты шарты болатын.

Италиялық La Repubblica газетінің және ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, НАТО "Вагнер" бүлігінен кейін Шойгумен бейресми келіссөздер жүргізген. La Repubblica С.Шойгудың Мәскеу атынан сөйлегеніне және оның Солтүстікатлантикалық Альянста "сенімді тұлға" саналатынына назар аудартты.

Италиялық басылымның дерегінше, Батысты, соның ішінде АҚШ Президенті Джо Байденді жаңа эскалация тәуекелі және Ресейдің ядролық арсеналының бөгде қолдарға өтіп кету қаупі алаңдатады. НАТО назары Ресейдегі дереу қолдануға даяр тұрған 1400-ден аса ядролық оқтұмсыққа ауып отыр.

Пригожиннің маршы майданға шамалы әсер еткенге ұқсайды. Шешенстанның "Грозный" мемлекеттік телерадио кешенінің хабарлауынша, вагнерліктердің бүлігі кесірінен Марьинка бағытында соғысып жатқан "Ахмат" арнайы мақсаттағы жасағының және Ахмат Қадыров атындағы "Север-Ахмат" арнайы мақсаттағы 78-ші моторлы полкының жауынгерлері өткен сенбіде, 24 маусымда Ростов-на-Дону бағытында дислокацияланды. Оларға Ростов қаласында Евгений Пригожин бүлігіне қатысушыларға қарсы контртеррористік операция жүргізу жүктелген.

Телеарнаның ақпаратынша, командирлер Апти Алаудинов пен Зайнди Зингиев қолбасшылығымен шешен әскерилері қалада "қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті".

Алайда Пригожин кері шегініп, вагнерліктерді Ростовтан алып кеткен соң, кеше, 26 маусымда шешенстандық арнайы мақсаттағы жасақтар Украинадағы "әскери операция жүргізу аймағына" шұғыл түрде оралуға бұйрық алды.

"Бүгін біз Украинаға, майдан даласындағы бекіністерімізге кері қайтуға бұйрық алдық. Ол жерде бізді жау күтіп тұр. Біздің бөлімше Ресейдегі және Кеңес одағының бұрынғы республикаларындағы ұлттардың жауынгерлерінен құралған. Барлығы мемлекетіміздің жауына кез келген уақытта соққы беруге дайын", — деді "Ахмат" арнайы мақсаттағы бөлімшесінің командирі Апти Алаудинов.

Егер Пригожиннің бүлігі ең құрығанда бір аптаға ұзағанда, оккупанттардың Марьинка және басқа бағыттағы қорғанысы күйрей бастайтын ба еді. Ол болмаған соң Украинаның Отан қорғаушыларына агрессорға қарсы әр қарыс жер үшін қиян-кескі ұрыс салуға тура келуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу