Украина 2023 жылы РФ әскерін елден ығыстыра ала ма?

2771

Ел әскері биыл Ресей басып алған территориялардың жартысын азат етіп, тіпті көрші мемлекеттің өз ішіндегі аэродромдарға соққы беріп, Қырымды да қайтаруды мақсат етіп отыр.

Украина 2023 жылы РФ әскерін елден ығыстыра ала ма? Фото: reuters.com

Ресей армиясы Украинаға басып кіргенде Киевтегі Ұлттық опера театрының 26 жастағы балет әртісі Вадим Хлупянец те отан қорғаймын деп майданға аттанды. Арада тоғыз ай өткенде ол Донбасс үшін шайқаста бір мерген атқан оқтан қаза тапты.

Марқұмды жерлеу рәсімінде театрдың креативтік директоры Богдан Струтниский сөз сөйлеп, жас бишінің әдеттегіден мүлде басқа құрметке лайық екенін айтып, жұртшылықты "спектакль аяқталғандағыдай, ду қол шапалақтауға" шақырды.

Запорожье облыстық балалар үйінің директоры Ольга Кучер де күтпеген рөлге тап болды. Наурызда ол 215 жетім баланы алып, пойызға мініп, 24 сағаттық сапарға аттанған. Сондағы мақсаты – қамқорлығындағы жеткіншектерді соғыстан қайтсе де аман алып қалу.

"Жүрегім қақ айрыла жаздады. Бүлдіршіндерімді қатты аядым. Олар тым жас қой", - дейді Кучер "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Украиндар 2022 жылы әлемді ғана емес, өздерін де таңқалдырды. Себебі олар елді бірнеше күнде-ақ жаулауға келген супердержаваның жан-жақтан жасаған шабуылына жанкештілікпен төтеп бере білді.

Миллиондаған адам қауіпсіз жерге бас сауғаласа, миллиондағаны жертөлелерді паналап, бомбалардың астында қалды. Ал, басқыншылар жайратып кеткен қалаларда ондаған мың тұрғын қаза тапты.

Тағы миллиондар Вадим тәрізді қолына қару алды, өз еріктерімен жедел жәрдем көлігіне отырды немесе майдан шебіндегі ауылдарға азық-түлік тасымалдап, Ольга Кучер сияқты өзгенің бала-шағасын бөтенсімей, жетімдерге қамқорлық көрсетті.

Неліктен маңызды?

Ресей өзін Батыстан қорғау үшін "арнайы әскери операция" бастағанын айтады. Ал, президент Владимир Путин көршілес халықтың ұлттық болмысын жалғандыққа балап, олардың жерін орыстардан әділетсіз тартып алынған территория деп қарастырды. Сондықтан украиндар бұл соғысты  ұлтты да, жеке басты да сақтау жолындағы маңызды күрес деп біледі.

Украина қорғаушылары Киевтің шетіндегі аэродромды басып алуға әрекеттенген ресейлік элиталық десантшыларды соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ жойды. Және де сәуірде олар Ресейдің флагмандық крейсері "Москваны" құрдымға жіберіп, өткен айда Путин мәңгілік Ресейдікі деп жариялаған Херсонды азат етті, қуанышы қойнына сыймаған жергілікті жұрттың асқан ризашылығына бөленді.

Қазір, соғыстың алғашқы қысы басталған шақта, Украина емес, Ресей шабуылдан қорғанысқа көшіп, жүздеген резервисті сапқа тұрғызып, оккупациялаған территорияларды уысынан қайтсе де шығарып алмауға жанталасып жатыр.

Кезінде Киевтің бірнеше күнде күйрейтінін болжаған әскери сарапшылар болса, бүгінде Украинаның жеңіске жету мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ал, Киев Ресей әскерін бүкіл елден, соның ішінде 2014 жылы басып алынған жерлерден де (Қырымнан да) қуып шыққанша тоқтамайтынын ескертіп отыр.

2023 жылға болжам

Екі жақтың алдында жаңа проблемалар тұр. Ресейдің шегіністері, соның ішінде кең Днепрдің арғы жағына өтуі, майдан шебін әлдеқайда қысқартып, орыстың бекіністерін күшейте түсті. Осының нәтижесінде Украинаға күзде соғыстың бағытын өзгерткен жетістіктерді қайталау мақсатында қарсыластың осал тұстарын табу қиын болып тұр.

Бірақ, қатал қыс украиндықтарға басымдық беруі мүмкін. Өйткені, олар енді Ресейде таяуда ғана әскерге шақырылған резервистермен шайқаспақ. Ал, Мәскеу сол жауынгерлерді мыңдаған шақырым жерден тамақтандыруға, қамтамасыз етуге тиіс.

АҚШ-тың Еуропадағы құрлықтық күштерінің бұрынғы қолбасшысы Марк Хертлинг твиттерде жазғандай, "Украина әскері осы уақытқа дейін ресейліктерге шеберлікпен шабуыл жасап, тойтарыс беріп келді. Алайда, оған қарсыластың шығыстағы қорғанысын бұзып, оңтүстікте Днепр өзенінен өту қиын болады. Дегенмен, украин жауынгерлері бәрібір табысқа жетеді, бірақ тез емес".

Қазір соғысты аяқтау немесе оған үзіліс жариялау жайлы келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Киев тіпті уақытша бітімнің өзі Ресейге қайта топтасып, басып алынған жерлердегі позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

2022 жыл аяқталуға жақындағанда Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына зымырандармен соққы беріп, миллиондаған украиналықты қаратүнекке батырып, жылусыз қалдырды. Мәскеу осылайша Киевті өз шарттары бойынша келіссөздерге көндіруден үмітті. Ал, Украина көршісінің ракетамен азаматтық нысандарды жаппай қиратуын әскери қылмыс деп есептейді.

Ресейге шабуыл

Тағы бір айта кететін жайт, осы аптада Ресейдің үш қаласында әскери аэродромдарға дрондармен соққы берілді. Үш жауынгер қаза тауып, бомбалаушы ұшақтар зақымданды. Әрине, Киев бұл шабуылдар үшін әдеттегідей жауапкершілік алған жоқ. Дегенмен, Кремль де, кейбір батыс басылымдары да майдан шебінен 500-700 шақырым жерде орналасқан авиабазаларды Украина атқылады деп есептейді. Бұл мәліметтер рас болса, Киев Ресейдің азаматтық инфрақұрылымды кедергісіз қирататын мүмкіндігіне қауіп төндіріп тұр деген сөз.

"Біз үшін суық пен аштық, қараңғылық пен сусыздық сендердің "достықтарың мен бауырластықтарың" сияқты қорқынышты емес. Газсыз ба, сендерсіз бе? Сендерсіз. Жарықсыз ба, сендерсіз бе? Сендерсіз. Сусыз ба, сендерсіз бе? Сендерсіз. Тамақсыз ба, сендерсіз бе? Сендерсіз", - деді Зеленский қыркүйекте ресейліктерге жолдаған үндеуінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу