Украина АҚШ-тың көмегінсіз соғысты қанша ай жалғастыра алатыны белгілі болды

Соңғы аптада Вашингтон мен Киев арасындағы жағдай тым шиеленісіп кетті. 

Украина АҚШ-тың көмегінсіз соғысты қанша ай жалғастыра алатыны белгілі болды Фото: uk.news.yahoo.com

Бұған қос тараптың Ақ үйде болған қызу пікірталасы себеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сарапшылар сан-саққа жүгірткен атышулы келіссөзден соң Трамп Украинаға әскери көмекті тоқтатуға бұйрық берді. 

Трамп мұндай кесімді шешімді Украина президентін бейбіт келіссөздерге келуге мәжбүрлеу үшін қабылдаған.

– Президент бейбітшілікті басты назарға алғанын бірнеше рет айтты. Біздің серіктестеріміз де осы мақсатқа ұмтылуы керек. Біз көмекті уақытша тоқтатып, оның шешімге ықпал ететінін тексеріп жатырмыз, – деді Ақ үй өкілі.

Трамп билікке келгелі бері Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай нашарлады. Ол – анық жайт. Тіпті, соңғы шешім бұл жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін ашықтан-ашық көрсетіп отыр.

Ресми тұлғалардың сөзінше, тоқтатылған көмек Украинаға әлі жеткізілмеген барлық әскери жабдыққа қатысты болып тұр. Яғни, Киевке соңғы уақытта АҚШ-тың батыс үлгідегі заманауи қарулары жеткен еді, онда алыс қашықтықтағы ATACMS зымырандары бар. Демек, Украина бұл қаруларды да қолдану мүмкіндігінен айырылмақ.

Сарапшылар АҚШ-тың көмегі тоқтағаннан кейін Украина соғысты бірнеше ай ғана жалғастыра алатынын бағамдаған.

– Бұл шешімнің әсері өте ауыр болады. Мен мұны тіпті күйретуші соққы деп атар едім, – деді Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы Марк Кансин.

Оның сөзінше, егер Украинаға берілетін әскери көмек екі есеге қысқарса, бұл майдандағы жағдайға бірден әсер етеді.

"Ақыр соңында Украина қарсыласуға қабілетсіз саналып, бейбіт келісімге қол қоюға мәжбүр болуы мүмкін", – деп қоса кетті ол.

Бірнеше дереккөздің мәліметінше, Трамп пен оның жоғары лауазымды көмекшілері Зеленскийден "бірдеңені" мойындауды күтуде. Бұл қоғамдық кешірім сұрау түрінде болуы да мүмкін.

Сондай-ақ, осыған дейін келісуге жақын қалған Украинадағы сирек кездесетін жер металдары бойынша келісімі де бар.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио CNN-ге берген сұхбатында Зеленскийдің жұма күнгі оқиға үшін кешірім сұрауын ашық талап еткен.

Бұл шешім Трамптың Ұлыбритания мен Франция сияқты Еуропаның дәстүрлі одақтастарымен қарым-қатынасын одан әрі шиеленістіре түсті. Лондондағы саммитте бұл елдер Зеленскийге қолдау білдірді.

Еуропалық шенеунік Трамп әкімшілігінің Украинаға көмекті тоқтату туралы шешімін "ұсақ әрі қате қадам" деп атады.

– Бұл шешім украин халқының АҚШ-қа деген сенімін әлсіретіп, қажетсіз бейбіт тұрғындардың өліміне әкелуі мүмкін. Украина әуе қорғаныс зымырандары таусылғаннан кейін Ресейдің әуе шабуылдарына төтеп бере алмай қалады, – деді ол CNN-ге.

Байден әкімшілігі соғыс басталғалы бері АҚШ қорынан тікелей алынған 74 бөлек әскери көмек пакетін жариялады. Бұл қару-жарақ пен оқ-дәрілердің Украинаға жылдам жетуіне мүмкіндік берді. Ең ірі пакет шамамен 3 миллиард доллар болды.

Зеленский осыған дейін АҚШ-қа әлеуметтік желілерде, сондай-ақ американдық шенеуніктермен кездесулерде алғысын айтып келген.

Десе де, Трамп әкімшілігінің шешімі бұл көмекті толық тоқтатып отыр. CNN-нің сарапшылары "Украина алдағы 2-4 айда бұл шешімнің ауыр зардаптарын сезіне бастайды" деп болжап отыр.

– Еуропа АҚШ-тың артиллериялық снарядтарын біршама алмастыра алады, бірақ ең озық қарулар Украинаға тек АҚШ-тан келеді, – дейді АҚШ-тың бір шенеунігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу