Украина Азиядағы мықты одақтасынан айырылып қалғалы тұр

1205

Зеленскийдің абайсызда айтылған бір ауыз сөзі онсыз да соғыс қаупі төніп тұрған елді тығырыққа тіреді. 

Украина Азиядағы мықты одақтасынан айырылып қалғалы тұр Фото: ЖИ

Украина "Таң самал елінен" қатаң ескерту алды. Ел Президенті Ли Чжэ Мён мәлімдегендей, егер Киев құпиялылық туралы өзара уағдаластықтың бар екенін мойындап, әлем алдында ресми түрде кешірім сұрамаса, онда оңтүстіккореялық тарап "қатаң шаралар қолданатын болады", деп жазды inbusiness.kz.

Сеул бірден екі елден кешірім талап етіп жатыр

Оңтүстік Корея екі оттың ортасында қалды: бір жағынан, КХДР-мен қарулы шиеленістің жаңа толқынын болдырмауға тиіс. Екінші жағынан, бүкіл Батыс қамқорлығына алған Украинамен арасында туындаған дипломатиялық жанжалын тезірек тарқатуы керек. Сондықтан ол басқа қатал шараларға дәті жетпей, тек кешірім сұрауға табандауға мәжбүр.

Сеул үшін бұл – өте сезімтал, тіпті шетін мәселе. Өйткені Корея түбегі әлі күнге дейін ресми түрде соғыс жағдайында тұр, ал, шекарадағы кез келген инцидент жаңа қақтығыстың қайта өршу қаупін өршітеді.

Оның үстіне таяуда зұлмат оқиға орын алды: солтүстіккореялық әскерилер 38-ші параллелді кесіп өтіп, шекараның бергі жағын миналап кеткен. Салдарынан 2026 жылғы 21 қыркүйекте демилитаризацияланған аймақта инженерлік жұмыстар жүргізу кезінде оңтүстіккореялық шекарашылар минаға жарылды. Жарылыстан үш әскери жараланды: екеуінің жағдайы ауыр, біреуі жеңіл жарақат алған.

Осыдан кейін Оңтүстік Корея шекараны жасырын түрде миналағаны үшін Пхеньяннан ресми түрде кешірім сұрауды талап етті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея мен БҰҰ қолбасшылығының бірлескен тергеуі Солтүстік Кореяның бітімгершілік келісімді бұзғаны туралы қорытындыға келген.

Соған қарамастан, 2 қазанда Пхеньян бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, Сеулдің кешірім сұрау талабын негізсіз деп таныды. Бұл туралы осы елдің KCNA мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

КХДР-дің билеуші Еңбек партиясының өкілі және ел басшысы Ким Чен Ынның ықпалды қарындасы Ким Ё Чжон Пхеньянның көршісі жағына әдейі мина қоймағанын мәлімдеді. Бірақ солтүстіккореялық әскерилер шекарадан өтпей-ақ, өз аумағында қорғаныс жұмыстарын жүргізген-мыс.

"Олар бізден "кешірім сұрауымызды" талап етті. Бұл шынымен де жиіркенішті! Біздің шекара маңында жүргізіп жатқан бекініс жұмыстарымыз шекараны мәңгілікке бекітіп жабуға бағытталған. Осыдан кейін тіпті олардың тышқаны да біздің жаққа еркін өте алмайтын болады", – деді Ким Чен Ынның қарындасы.

Алайда Оңтүстік Корея мен БҰҰ мамандары "оңтүстіккореялық сарбаздардың ауыр жарақат алуына әкеп соққан жарылыстың Солтүстік Кореяның миналарынан болғанын" нақты анықтады.

Соңғы жылдары Солтүстік Корея оңтүстік ағайындарымен бірігуге бағытталған бұрынғы ұлттық мақсаттан түпкілікті бас тартып, Оңтүстік Кореяны өзінің "басты жауы" деп атады және оған деген дұшпандық көзқарасын күрт күшейтті. 3 қазанда КХДР Жапон теңізі бағытына баллистикалық зымыран ұшырды. Осыдан кейін Оңтүстік Корея, АҚШ пен Жапония жауынгерлік әзірлік деңгейін көтерді.

Дәл осындай күрделі жағдайда Сеул мен Киев арасында жаңа жанжал өрті қаулады. 23 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеген Володимир Зеленский Украинаның 2025 жылдың қаңтарында Курск облысында қолға түскен екі солтүстіккореялық әскери қызметкерді Оңтүстік Кореяға тапсырғанын жаһанға жария етті. Екеуі де өз еріктерімен "Таң самал еліне" көшуге ниет білдірген.

Киев осы арқылы бұл тұтқындардың тағдырын түбегейлі шешті: Украина, Ресей және қос Корея арасында 1,5 жылдан астам уақыт бойы шешімін таппай жүрген мәселеге нүкте қойды.

Алайда осы шешімді тұмшалаған құпия шымылдырықтың сыпырылуы Сеулді ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Оңтүстік Корея билігі бұл ақпаратты жарияламау туралы алдын ала уағдаласқанын, өйткені бұл мәліметтің таралуы КХДР-дағы тұтқындардың туыстарына қауіп төндіріп, әрі Пхеньянмен қатынасты одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін екенін алға тартады. Украина болса, жарияламау туралы ешқандай келісімнің болмағанын мәлімдеді.

28 қыркүйекте Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігі елдегі Украинаның уақытша сенімді өкілі Андрей Вешкинді шақырып алды. Сеул одан түсініктеме мен кешірім сұрауды талап етті.

2 қазанда Президент Ли Чжэ Мён қысымды күшейтті: "Егер Украина фактілерді мойындаудан және жұрт алдында кешірім сұраудан бас тартуын жалғастырса, біз бұдан да қатал шаралар қолданамыз!", – деді. Алайда ол "қатаң шаралардың" нақты қандай болатынын нақтыламады.

Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл жағдайды "дипломатиялық түсініспеушілік" деп қана бағалады. Киев бұл мәселені реттеуге мүдделі.

Батыс сарапшыларының пікірінше, Зеленский азиялық одақтасын жарға жығуды мақсат етпеген, тек осылай БҰҰ мінберінен КХДР-ға жасырын ескерту жасады: егер Пхеньян Украинадағы соғысқа, Ресейге көмек ретінде уәде етілген 20–25 мың әскерін жіберсе, олар тұтқынға түскен жағдайда оңтүстіккореялық арнайы қызметтердің қолына тапсырылып, барлық құпияны жайып салады.

Солтүстіккореялық әскери тұтқындар неге отанына оралудан қорықты?

Екі әскери тұтқынның шиеленісті оқиғасы 2025 жылдың қаңтарында, украиналық қарулы күштер оларды ресейлік Курск облысында қолға түсірген кезден басталады. Олар КХДР-дің тірідей қолға түскен алғашқы әскерилері еді.

"Егер отанға қайтсам, аман қалмаймын. Қаруластарымның бәрі тұтқынға түспеу үшін майдан даласында өзін-өзі жарып жіберді. Менің оған жүрегім дауаламады. Оңтүстік Корея мені қабылдаса, өте риза болар едім", – деп бөлісті солтүстіккореялық сарбаздардың бірі Оңтүстік Кореяның Hankook ILbo газетіне сұхбатында.

2026 жылдың ақпанында БҰҰ-ның КХДР-дегі адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Украинадан халықаралық нормаларды ескеріп, тұтқындарды азаптау қаупі бар жерге қайтармауға шақырды. КХДР-да әскери тұтқындарды опасыздық жасағандар санатына жатқызады. Оңтүстіккореялық белсенділер мен солтүстіккореялық қашқындар DW басылымына түсіндіргендей, Пхеньянның әскери доктринасы әскери қызметкерлерге тұтқынға түсуге қатаң тыйым салады.

"Сарбаздарға украиналықтардың қолына түсу қаупі туындаса, өз-өзіне қол жұмсауды, өзін атуды не жаруды бұйырады. Бұл екі жігіт бұйрықты орындамай, аман қалды. Режим тұтқынға түспеу туралы бұйрықты орындамаған сарбаздарға не істейтінін егжей-тегжейлі білмейміз: өйткені бұрын мұндай жағдай болмаған! Бірақ билік оларды сатқын деп таниды. Бұдан тек сарбаздардың өздері ғана емес, олардың отбасылары да жазаланады", – деді 1990 жылдары жасөспірім кезінде Солтүстік Кореядан қашып кете алған Ким Ыджин DW тілшісіне.

Басылымның мәліметінше, КХДР-да қашқындардың отбасыларын жазалау бірнеше ұрпаққа, немере-шөбересіне дейін созылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта екі әскери қызметкердің де Оңтүстік Кореяға аман жеткізілгені белгілі болды. Ұлттық барлау қызметінің тексеруінен кейін олардың мәртебесі, одан арғы қорғау жағдайлары анықталады.

Оңтүстік Корея Украинаға неге "қару бермей" келеді?

Бұл күрделі геосаяси драманың басты жұмбағы – "қазіргі текетірес Сеулдің Украинаға болашақ көмегінің көлемі мен сипатына қалай әсер етеді?" деген сауалдың жауабы.

Оңтүстіккореялық депутат Ю Ён-ха Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің (NIS) брифингінен кейін Сеулдің тұтқындарды табыстағаны үшін Киевке қолдау көрсетуге уәде бермегенін мәлімдеді.

"Киев өз әскерилері қолға түсірген солтүстіккореялық жауынгерлерді Сеулге беру үшін бізге ешқандай қарсы шарт қойған жоқ. Зеленский солтүстіккореялық әскери тұтқындарды бізге бергені туралы ақпаратты әдейі жариялағанға ұқсайды. Осы арқылы ол Оңтүстік Кореяның қоғамын риза қыламын, ал, халық Киевке қосымша қару-жарақ пен өзге де көмек көрсету мәселесін қолдауды күшейтеді деп үміттенсе керек", – деді "Азаматтық күш" партиясының депутаты Ю Ён-ха.

Сеул бұған дейін Киевтің елеулі одақтасы болды. Оңтүстік Корея 2022 жылғы 2 наурызда, 2022 жылғы 12 қазанда, 2023 жылғы 23 ақпанда және 2025 жылғы 24 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Украина бойынша маңызды қарарларын қызу қолдады.

Кең ауқымды соғыс басталғалы Украина Оңтүстік Кореядан 431,2 миллион еуро гуманитарлық көмек, 200,9 миллион еуро қаржылай және 14,5 миллион еуро қауіпсіздік саласындағы көмек алды. Осы үш бағыттың жалпы көлемі 646,6 миллион еуроға бағаланып отыр.

"Таң самал елінен" Украинаға нақты жеткізілімдерге мыналар кіреді:

• 2022 жылғы желтоқсанда шамамен 100 тонна гуманитарлық көмек;

• 2024 жылғы қаңтарда төтенше жағдайлар қызметкерлеріне арналған 200 пикап;

• 2025 жылдың сәуіріне қарай 300 жедел жәрдем көмегі;

• 2025 жылғы мамырда минадан тазартатын 16 су асты дроны;

• 2025 жылдың желтоқсанында Запорожье қаласының маңызды инфрақұрылымы үшін төрт когенерациялық қондырғы.

Сонымен қатар, 2024 жылдың қарашасында Сеул 100 миллион доллар көлемінде жеңілдікті несие берді. 2024 жылғы 19 сәуірде Украинаны қалпына келтіру үшін 2,1 миллиард долларлық жеңілдікті несиелер беру туралы келісім жасалды.

Алайда Оңтүстік Корея Украинаға тікелей қару-жарақ сатпайды. Өйткені елдің заңнамасында белсенді соғыс жүргізіп жатқан мемлекеттерге қару жеткізуге тыйым салынған. Дегенмен кореялық әскери-өнеркәсіптік кешеннің мүмкіндіктері қазіргі көмектен әлдеқайда зор.

Әскери сарапшы Денис Попович Сеулде тіпті кеңестік техниканың бар екенін нұсқады: кейбір мәліметтер бойынша 80-ге жуық Т-80 танкі және 67 БМП-3 сақтаулы жатыр.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Корея "K2 Black Panther" танктерін, "K9 Thunder" өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларын (САУ), Patriot кешендеріне барабар заманауи зениттік-зымырандық кешендерін, дүркінді атыс жүйелерін және көп мөлшерде 155 мм снарядтарын шығарады. Айта кетсек, Украина армиясы майданда қолданып жүрген польшалық "Krab САУ"-ы дәл осы "K9 Thunder" негізінде жасалған.

"Корея Республикасы 155 мм калибрлі снарядтарды өндіретін ауқымды қуатқа ие. Біздің серіктестер Батыстың ақшасына сатып алған 155 мм снарядтардың едәуір бөлігі дәл осы Оңтүстік Кореяныкі екені туралы ақпарат болды. Әрине, бұл үшінші тарап арқылы жүзеге асты. Себебі, олар қаруды жаппай әрі тікелей бізге тасымалдай алмайды", – дейді украиналық сарапшы Попович.

Қалай болғанда, қару-жарақ Сеулдің өзіне де аса қажет. Оңтүстіккореялық қарулы күштер КХДР-мен ықтимал қақтығысқа үнемі дайын тұруға, арсеналы толық болуға тиіс. Сондықтан Украинаға қару-жарақ беру тек Киевпен жылы қарым-қатынасқа ғана емес, түбектегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке де тікелей тәуелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу