Украина батыс елдерін бопсалай бастағаны айтылды

166

Еуропаның энергетикалық нарығындағы жағдай ай сайын күрделеніп барады. 

Украина батыс елдерін бопсалай бастағаны айтылды Фото: REUTERS / Valentyn Ogirenko

Бұған дейін Ресей батысқа мүлде газ сатпайтынын мәлімдеп, кәрі құрлықты бір алаңдатқан. Дегенмен осындай бопсаға Украинаның да қатысы бар болып шықты.

Наурыздың соңында Кремль өкілдері Киевті "энергетикалық шантаж жасап отыр" деп айыптады. Дәлел ретінде Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды алға тартқан.

"Шын мәнінде, энергетикалық бопсалаумен Киев айналысып келеді және бұл істі жалғастырып отыр. Соның салдарынан ресейлік компаниялардың да, америкалық және қазақстандық компаниялардың да мүдделері зардап шегуде", – деп мәлімдеген Кремль.

Бұл тұста қазақстандық компаниялардың аталуы бекер емес. Киев мұнай жеткізуші құбырды бірнеше рет дрондармен атқылағаннан кейін, "қара алтынды" экспорттауда қиындықтар туғаны жасырын емес.

Осылайша, Ресей тарапы өздерін әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған ел ретінде көрсеткен. Бұған қоса, Мәскеу АҚШ-ты "халықаралық энергетикалық құрылымдарға иелік еткісі келеді" деп айыптады.

Нарықтағы дүмпудің неден шығып тұрғаны белгілі. Ұзаққа созылып кеткен Ресей мен Украина қақтығысынан кейін батыстың мұнай мен газға қол жеткізуі біршама қиындады. Киев болса, "жығылғанға жұдырық" болғандай Еуропа елдеріне шикізат тасымалдайтын арналарға жиі соққы жасап отыр.  

Өткен аптада ғана тағы тосын жаңалық жария болды. Сербия президенті Александр Вучич Сербия мен Венгрияға газ жеткізіп отырған құбырдың маңынан жарылғыш зат табылғанын мәлімдеді. Президент мәселе жөнінде көп ұзамай Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен сөйлескен. Бұдан кейін Венгрия шұғыл түрде "төтенше қорғаныс кеңесін" шақыртқан.

Десек те, құр болжамдар болмаса, жарылғыш затқа кінәлі тараптың кім екені әлі ресми анықталмай отыр. Бірақ Сербия президенті "құпия іздер" табылғанын айтқан, алайда мән-жайды ашпай отыр.

Мажарстан жарылғыш затқа тікелей Киевті айыптай бастауы мүмкін. Онсыз да оның алғашқы белгілері білінді, Мажарстанның сыртқы істер министрлігі еш дәлел келтірместен Украинаны қаралап үлгерді. Ал жауап ретінде Киев бұл іске "үзілді-кесілді қатысы жоқ екенін" айтып отыр.

"Біз Украинаны Сербиядағы "Түрік ағыны" газ құбыры маңынан жарылғыш зат табылған оқиғамен жалған байланыстыру әрекеттерін үзілді-кесілді жоққа шығарамыз. Украинаның бұған ешқандай қатысы жоқ. Бәлкім, бұл Мәскеудің Венгриядағы сайлауға белсенді араласуы аясындағы операциясы болуы мүмкін", – деген Украина Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Георгий Тихий.

Әңгімеге ресейлік "Дружба" құбырының қатысы бар. Осы инфрақұрылымның тұтастығы алаңдата бастаған кезде Венгрия мен Украина арасындағы дау шыққаны есімізде.

Қаңтар айының соңында бұл құбыр басқа емес, Ресейдің өз соққысынан зақымданып, әлі толық қалпына келтірілмей тұр. Алайда Венгрия мен Словакия Мәскеуді емес, Украинаны сөгіп, "саяси пайда үшін жағдайды пайдаланып отыр" дейді.

Қазір Венгрияны басқаратын Орбан үкіметі 12 сәуірде өтетін жалпы сайлау қарсаңында Украина қасақана Мажарстанда энергетикалық дағдарыс туындатуға тырысып, оның әкімшілігін әлсіретуді көздейді деп бірнеше рет мәлімдеген.

Дегенмен жарылғыш затты тапқан Сербия елі Еуроодақтың мүшесі емес екенін білеміз. Тек кандидат ретінде қаралып отыр. Бірақ Белград та басқа көршілері секілді Ресей газына қатты тәуелді. Бір күннің өзінде 6 млн текше метр газды нарықтан екі есе төмен бағамен сатып алады.

Дегенмен оқиғаға қатысты олар дәл Венгрия секілді Украинаға агрессия көрсетпеді. Тіпті, "жарылғышты америкалық өндірістен шықты, үшінші тараптың өтінішімен Сербия Украинаны айыптайды" деген болжамдарды жоққа шығарды. Сербия әскерилері шындығында жағдай мүлде басқаша екенін алға тартқан. Бір қызығы, билік өкілдері бұл оқиғаның артында мигранттар тобы тұруы мүмкін деп күдіктенген. Сондықтан Еуропаны босқындар көшімен сескентіп отырған Беларусь елінің де бұл оқиғаға қатысты аты аталуы мүмкін.

Бір түсінер жайт, Мәскеу мен Киевтің қақтығысы тоқтамайынша, батыстағы энергетикалық тұрақсыздық әрі қарай жалғаса беретін іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу