Украина биылғы шабуылындағы ең сұрапыл соққысын жасады

2695

Ресей тарапы оның қашыққа ұратын америкалық ATACMS зымырандары көмегімен жүзеге асырылғанын мәлімдеді. 

Украина биылғы шабуылындағы ең сұрапыл соққысын жасады Фото: russiancouncil.ru

"17 қазан күнгі түнде Киев режимі Бердянск қаласына шабуыл жасады. Шамамен түнгі 2-де Украина қарулы күштері қалаға зымыранмен соққы берді. Әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері зымырандардың бір бөлігін құлатын түсірді. Өкінішке қарай нысанасына тигендері бар", – деп қысқа қайырды РФ қорғаныс министрлігі.

Алайда Z-идеологиялы, әскери тақырыптағы телеграм-арналардың авторлары, "военкорлар" (РФ әскери блогерлері) ұлардай шулап, күрсінгеннен көкіректері қарс айрыла жаздап жатыр. Ресейлік ұшқыштардың қаза тапқаны туралы мәлімет тарады. Олардың саны нақтыланбады.

Кеше Украина армиясы Ресей оккупациялаған Луганск және Бердянск қалаларының басқыншы пайдаланатын аэродромдарын үстемелете бомбалап тастады. Бұл мәліметті УҚК бас қолбасшылығы аппаратының стратегиялық коммуникациялар басқармасы хабарлады. Оның дерегінше, украиналық әскерилер жау қолындағы қос қаланың аэродромдарына және онда тұрған тікұшақтарға дәлдікпен соққы берген. Нәтижесінде тоғызға дейін әскери әуе көлігі бұзылған көрінеді.

РБК-Украина жергілікті тұрғындардың куәлік етуіне сілтеме жасап, Бердянскідегі аэродромда оқ-дәрілер қоймасында детонация басталғанын жазды. Жарылыстар таңға дейін "күркіреумен" болған.

Бұл соққыны халықаралық сарапшылар көптен күткен еді. Өйткені РФ авиация арқылы майдан даласын ғана емес, сонымен қатар Украинаның қалаларын, елді мекендерін, азаматтық инфрақұрылымын соққылауға жаман үйреніп алды. Бұл ретте украиналық ұшқыш, запастағы полковник Роман Свитанның айтуынша, ресейлік тікұшақтар мен ұшақтар майдан шебіне жоламайды: одан 30–40 шақырымнан "қалықтаушы зымырандар" ұшырып, аэродромына кері қайтады.

Мысалы, УҚК Әуе күштерінің мәлімдеуінше, соның қарсаңында ресейлік армия Херсон облысына әуеден шабуылдады. Зымыран ауруханаға тиген. Бір үй өртеніп кеткен. Бұдан бөлек, дұшпан Х-59 қанатты зымырандарымен қиядан Одессаға авиасоққы берді. Атып түсірілген зымыранның сынықтары жергілікті яхт-клубта тұрған катерлер мен яхталарды, желкенді спорт мектебінің ғимаратын қиратқан. Екеуінде де адамдар шығын шекпеді.

Өткен аптада Харьков облысындағы Гроза селосына ресейлік зымыран соққысы салдарынан 59 бейбіт тұрғын қаза тапты.

Әуеде ұстатпай, ажал сепкен ресейлік тікұшақтарды Украина армиясы тұрағында тұтып отыр.

Ресейлік ақпарат құралдары бұл шабуылдар барысында Украина майданында алғаш рет ATACMS зымырандары қолданылғанын жарыса жазды. Тиісті фотоайғақтар да ұсынылды.

Ғажабы сол, дәл осы алысқа ұшатын зымырандарды беруді Украина тарапы, Президенті Владимир Зеленскийдің өзі бастап, былтырдан бері сұрап келеді. Алайда АҚШ Қорғаныс министрлігі оны Украинаға жолдауға бара алмайтынын айтудан танбай келеді. Америкалық басылымдар ол зымырандардың Киевке табысталатынын дүркін-дүркін хабарлайды.

Таяуда ғана Пентагон Америка Президенті Джо Байден Атакмстарды беру жөнінде әзірге саяси шешім қабылдамағанын мәлімдеді. Себебі, "Ақ үй бұл қуатты зымырандардың берілуі қақтығысты эскалациялауға соқтыруы мүмкін" деп алаңдайды.

Егер Ресей жағының ақпараты бос байбалам емес, шын болып шықса, онда Құрама Штаттар тұңғыш рет Украинаға қашыққа ұшатын зымырандарын табыстады деген сөз. 

Politico мәліметінше, АҚШ атақты ATACMS зымырандарын Украинаға құпия түрде жеткізген. Украина болса, дұшпан біліп қоймай тұрғанда, шұғыл түрде сұрапыл соққы ұйымдастырып, бірден 9 ресейлік әскери тікұшақты жоя алды. Бұл қаһарлы қарудың Киев қарауына ұсынылуы "Украинаның контршабуылының баяулауына байланысты АҚШ әкімшілігінің бұрынғы ұстанымы өзгергенін" паш етеді.

The Wall Street Journal да төл зерттеуін жүргізе келе, ресейлік тоғыз тікұшақты, басқа да әскери техникаларды лезде жойып жіберген Бердянск пен Луганск аэродромдарына шабуылда Украина Қарулы күштері ATACMS зымырандарын қолданған деген байламға келді.

АҚШ тарапы әзірше тыныштық сақтап отыр.

Дегенмен, кеше кешке өз халқына қайрылған Украина Президенті Владимир Зеленский қуанышын бөлісіп, ATACMS зымырандары ел қорғанына тұрғанын білдірді.

"Украина үшін жанқиярлықпен шайқасқан, тер төге еңбек еткен барлықтарыңызға алғыс айтамын! Бізге көмектесіп жатқандарға ризашылығымыз шексіз! Бүгін біз Америка Құрама Штаттарына айрықша алғыс айтамыз. Президент Байденмен уағдаластығымыз орындалуда. Әрі дәл орындалуда: "Атакамстар" өзін көрсетті және дөп тиді", – деді Президент Зеленский.

The New York Times Украинаға ATACMS зымырандарының шағын көлемі ғана жіберілгенін және кассеталық оқ-дәрілермен жабдықталғандары ғана ұсынылғанын мәлім етті. Бұл нұсқасы 300 шақырымға ұшпайды, одан екі есе дерлік аз (160 шақырымдай) қашықтыққа құлаш ұра алады.

Оның ішін толтырған "жұдырықтай" пішінді кассеталық бомбалар танкті, басқа бронды техниканы тесіп өте алмайды. Бірақ олар жаяу әскерді, жеңіл композитті материалдардан жасалатын әуе көліктерін, ашық аспан астында не жеңіл-желпі ангарларда сақталатын оқ-дәрілер қоймаларын жойып жіберуге жетеді. Оның үстіне кассеталы бір зымыран әлдеқайда кең алаңды қамтиды.

Украинаның Арнаулы операциялар күштері (АОК) оккупацияланған Бердянск пен Луганск қалаларының аэродромдарын атқылау бойынша "Dragonfly" (Инелік) аталған операция табысты өткізілгенін мәлімдеді.

"Арнаулы операциялар күштері уақытша оккупацияланған украиналық қос қаланың аэродромдарын қарсылас әскери мақсатта пайдаланып жатқаны, оларда жаудың авиациясы, арнайы техникасы және оқ-дәрілері ауқымды көлемде жинақталғаны туралы ақпарат алды. Ол ақпарат тексерілді және расталды. Координаттар мен қажетті өзге деректер қорғаныс күштеріне табысталды. Соққы беру нәтижесінде 17 қазан түнінде оккупанттар үлкен шығын шекті. Бердянск пен Луганскіде дұшпанның әртүрлі модификациядағы 9 тікұшағы, арнайы техникасы, ПВО ұшыру қондырғылары, оқ-дәрілер қоймасы жойылды. Бұған қоса, аэродромдардың ұшу-қону жолақтары бұзылды. Бердянскідегі оқ-дәрілер қоймасы таңғы төртке дейін жарылды. Луганскідегі детонация таңғы 11-ге дейін жалғасты. Қарсыластың ондаған әскери қызметшісі жараланды және қаза тапты", – деп хабарлады украиналық АОК.

Ресей армиясы бұл ақпаратқа түсініктеме бермей қойды.

Ресейлік "Военный осведомитель" телеграм-арнасы "аэродромдар орнында жасалды" деп мәлімделген фотосуреттерді жариялай келе, Украина тарапы соққы беру үшін MGM-140B ATACMS Block 1A (М39А1) баллистикалық кассеталық зымыранын қолданғаны жөнінде байламға келді.

"Бұл зымыранның іші 275–300 шағын бомбаға толтырылған. M74 аталатын, дөңгелек субоқдәрілер соққы орнынан табылды. Бұл америкалық зымыран 300 шақырым қашықтыққа дейін ұшып, нысанасына дөп тие алады. Зымыран УҚК қолында бар M142 HIMARS, M270B және MARS II қондырғыларынан ұшырыла береді. Фотосуреттерден M74 кассеталы субоқдәрілерін байқауға болады. Олай болса, АҚШ Атакмс зымырандарын жеткізді, ал Украина оны қолдана бастады деп айтуға болады", – деген қорытындыға келді әскери салаға маманданған арна.

"Әскерилер ортасында Бердянскіде бірнеше ұшқыштың зардап шеккені туралы ақпарат тарады. Әуе шабуылынан қорғаныс кешенінің есептобында және қойма күзетінде қаза тапқандар бар. Аэродромдағы тікұшақтардың бәрі бірдей жойылмаған, бірақ көбісі зақымдалды. Шығын аса салмақты", – деп жазады ресейлік оппозициялық басылымдар атын жасыруды сұраған ресейлік офицерге сілтеме жасап.

Америка, жалпы, Батыс елдері кейде әлдебір қаруды Киевке бергенін жария етпейді. Мысалы, радиоэлектронды күреске арналған, локаторларды жою үшін жасалған HARM зымырандары Украинаға ұсынылғанын жау тек жарылыс орындарында оның сынықтарын тапқан соң ғана білді.

Енді ұқсас жаңа хабарға рухтанған украинашыл сарапшылар Америка ATACMS-тың бункерлер мен берік бекіністерді жоюға арналған бетонтескіш нұсқасын да береді деп үміттеніп отыр. Өйткені Ресей өзі оккупациялаған украиналық территорияларды шектен тыс миналау сыртында, оларда жерасты тоннелдерінен тұратын тұтас, терең бекіністер тұрғызып алды. Оларды ресейлік телеарналар ішінен түсіріп, көрсетті. Атакмстің екінші түрі соларды тесіп кіріп, күйрету үшін керек болады.

Сарапшылар пікірі бір арнада тоғысып отыр: Украинаға шынымен ATACMS-тар жеткізілсе, онда олар соғыстың беталысын өзгерте алады. Себебі, бұл зымырандардың бетонтескіш нұсқалары Қырым (Керчь) көпірін қиратуға қауқарлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу