Украина F-16-ны қашан алады?

3674

Байден әкімшілігі Дания мен Нидерландының бұл жойғыш ұшақтарды Киевке беруіне ақыры рұқсат етті.

Украина F-16-ны қашан алады? Фото: Ашық дерек көздерінен

Украиналық пилоттар келесі жылдың басында F-16 жойғыш ұшақтарымен ұша бастауы мүмкін. АҚШ әкімшілігі ұзаққа созылған келіссөздер мен пікірталастардан кейін ақыры НАТО-дағы одақтастары – Дания мен Нидерландыға осы ұшақтарды Украинаға жөнелту туралы ресми рұқсат берді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Нидерланды мен Даниядағы әріптестеріне жазған хатында украиналық ұшқыштарды оқыту аяқталғаннан кейін F-16 ұшақтарының Киевке берілуін қолдайтынын білдірген.

Бұл жойғыштар Украинаға Ресейдің жалғасып жатқан басқыншылығына қарсы тұруға көмек ретінде ұсынылып отыр.

"Мен бұл хатты Америка Құрама Штаттарының F-16 жойғыш ұшақтарын Украинаға беруіне және оған украиналық ұшқыштарды білікті мамандардың үйретуіне қолдау білдіру үшін жазып отырмын", - дейді Блинкен.

Украиналық ұшқыштарды Данияда 11 елдің коалициясы дайындайды. Бұл оқуға Нидерланды мен Дания нұсқаушылары жетекшілік етпек. Сондай-ақ НАТО-ға мүше тағы бір ел Румынияда да оқу орталығы ашылады деген болжам бар.

Ұшқыштарды әзірлеу қашан аяқталатыны немесе Украина жеріне жойғыштар қай кезде орналастырылатыны бүгінше белгісіз.  

Сәрсенбі күні Украина әскери-әуе күштерінің өкілі Юрий Игнат Киевтегі телеарнаға берген сұхбатында айтқандай, 2023 жылдың күзінде немесе алдағы қыста F-16 ұшақтарының Украина аумағына орналастырылуы екіталай.

"Осы күзде және қыста Украинаны F-16 ұшақтарымен қорғай алмайтынымыз анық", - дейді Игнат.

Өткен айда Fox News-ке берген сұхбатында Құрама Штаттардың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби Украина 2023 жылдың соңына дейін F-16 ұшақтарын алуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

"F-16 ұшақтары Украинаға, бәлкім, жылдың аяғында жетеді, бірақ тек олардың күшімен майдандағы жағдайды өзгертуге болады деп айта алмаймын", - деді Кирби Fox News-тің The Story бағдарламасының тілшісімен болған әңгімеде.

Дегенмен Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба "Азат Еуропа/Азаттық" радиосына шілдеде берген сұхбатында 2024 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Украина әуе кеңістігінде алғашқы F-16 ұшақтары пайда болатынына үміт білідірді.

Бірқатар сарапшылардың пікіріне жүгініп Newsweek журналы хабарлағандай, Украинаның әуе күштеріне айтарлықтай жәрдемдесу үшін Киевке 100-ге жуық F-16 қажет екен. Әзірге ешбір ел Украинаға мұндай техника жеткізген жоқ.

АҚШ Украина қорғанысына шамамен 67,1 миллиард доллар бөлді. Және де Вашингтон 2022 жылдың ақпанынан өткен жылдың соңына дейін бұл мемлекетке 46 миллиард доллар әскери емес жәрдем көрсеткен екен. Олар экономиканы қалпына келтіруге, апаттармен күреске және босқындарды қолдауға жұмсалды.

Сонымен қатар АҚШ қорғаныс министрлігі 2023 жылдың басынан бері Киевке қауіпсіздік мақсатында 12,1 миллиард доллар көмек жіберген. Ал тамыздың 14-де Пентагон Patriot әуе қорғаныс жүйелері мен HIMARS оқ-дәрілеріне тағы 200 миллион доллар бөлді.

F-16-ға қысқаша сипаттама

Мұндай ұшақтарды Lockheed Martin Corp компаниясы жасайды. Бұл "сұңқарлар" M-61A1 20 мм зеңбірегіне ие; ал оның сыртқы станциялары алтыға дейін "әуе-әуе" зымырандары мен "әуе-жер" снарядтарын тасымалдай алады.

Жылдамдығы – сағатына 2 414 шақырым және де F-16 ұшақтары 3 221 шақырым қашықтықтағы нысанды жоюға арналған. Тағы бір айта кететін жайт –  F-16 АҚШ Әскери-әуе күштеріндегі ең әмбебап ұшақтардың бірі. Қазір Америка әуе флотының иелігінде мұндай 1000-нан астам машина бар. F-16 аспандағы ұрыстарға, жердегі шабуылдарға және электрондық соғыстарға да бейімделген.

Әуедегі ұрыс рөлінде F-16 кез келген ауа-райында нысандарды дәл таба алады және төмен ұшатын ұшақтарды анықтауға қабілетті. Ал, "әуе-жер" рөлінде F-16 860 шақырым тоқтаусыз ұшып, қаруын жоғары дәлдікпен жеткізіп, жау ұшақтарынан қорғанып, бастапқы нүктесіне аман оралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу