Украина күзге қарай соғыста жеңілуі мүмкін

8449

Украиналық сарапшылар өз елі үшін ең қауіпті сценарийді қарастыруда. Осындай жағдайға әкелуі мүмкін бірнеше фактор бой көрсете бастапты.

Украина күзге қарай соғыста жеңілуі мүмкін

Халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, саясаттанушылар, блогерлер Украинадағы соғыс жыл соңына қарай аяқталуға тиіс деген ортақ байламға келді. Бірақ бұл жерде олардың бәрі дерлік Батыстың көмегіне сүйенген Украинаның жеңіске жететінін меңзейді.

Алайда украиналық сарапшылар бұған мүлде қарама-қайшы тоқтамға келіп отыр. Олардың пікірі жергілікті "Нудный Пенс" сараптамалық YouTube-арнасында жария етілді. Бұл влог 2018 жылы Кремль пропагандасымен күрес мақсатында құрылған болатын. Авторлар әлгі тұжырым халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе, украиналықтардың үмітін ақтамауы, тіпті көңіліне қаяу салуы мүмкін екенін ескертеді. Бірақ "жағдайды елірусіз, есті түрде, объективті тұрғыдан бағалайтын кез келген" көрінеді. Сарапшылар тобы шектен тыс пиар жасалған "Рамштайн", НАТО, Еуропалық одақ, "ленд-лиз" секілді көмек арналарын "не ашығы, не жабығы белгісіз есіктер" деп бағалады: көмек әзірге қажетті көлемде емес, мардымсыз.

"Біріншіден, соғыстың бастапқы кезеңінде, ақпан-наурызда біздің серіктес елдердің қоғамы сауытты техникасының өзі ондаған шақырымға созылған Ресей әскерінен үрейлену мен Украина халқының соған төтеп бере алған жанқиярлық ерлігіне тәнті болу секілді аралас сезімге бөленді. Оның соңы әділетсіздікпен, зұлымдықпен күреске үлес қосуға ұмтылысқа ұласты. Енді олар шаршады және Еуропа іргесіндегі қантөгісті, украиналық ұландардың қаһармандығын қорқынышты түстей ұмытқысы келеді. Қазіргі кезде серіктес елдерде жазғы саяхат маусымы басталды. Демала алмайтынына қазірден күн сайын өршіген инфляция мен азық-түлік тапшылығы дамыл таптырмайды. Ал миллиондаған адам тынығып оралған соң, оларды алыс елдегі соғыс емес, бірінші кезекте әр ізі сықырлап таяп қалған беймаза қыстың қамы, жылыту маусымы, қымбатшылық алаңдататын болады. Біз олардың күн тәртібінде қала алсақ жақсы, оның өзінде елеусіз бір бұрышты қанағат тұтуға тура келмек", – дейді жергілікті сарапшылар.   

Екіншіден, олар шілденің соңына қарай Украинаға көмек қолын созған елдердің парламенттері жазғы каникулға кететініне назар аудартты. Олармен бірге сол мемлекеттердің саясат сахнасының шымылдығы түсіріліп, қоңыр күзге дейін үкіметтер "анабиоз" күйге көшеді. Содан тамызда көмек доғарылуы ғажап емес: әрбір елдің Қорғаныс министрлігінің Украинаға көрсететін әрбір көмегін жергілікті Парламент құптауға тиіс. Онсыз әскери көмекті заңды түрде жібере алмайды.

Әрі қарай қыркүйекте АҚШ-та, өзгесінде сайлау науқандары басталады. Қалыптасқан дәстүр бойынша ішкі сайлауда ішкі мәселелер алдыңғы қатарларды жаулап, халықаралық мәселе кейінгі орынға сырғиды. Егер Украинаның босқындары, соларды қолдаушылар көшелерді толтырып, шерулер өткізсе, мұны сарапшылар, ақпарат құралдары елдің ішкі ісіне Украинаның араласуы деп тануы әбден мүмкін.

Үшіншіден, қыркүйек-қазанда Батыс елдерінде жаңа қаржылық жыл басталады. Мемлекеттер келесі жылдың бюджетін нақтылау, ортайған бюджеттің бүйірін толтыру, табыс көздерін табу, кейбір бағдарламаны қысқарту секілді мәселелерге бас қатырады. Мұндайда Еуропада, Америкада дәстүрлі түрде әскери шығындар қысқартылады. Өйткені олар тікелей соғысқа қатысып жатқан жоқ. Оның үстіне ресейлік пропаганда "Шығыс Еуропа болмаса, Батыс әлемінің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төніп тұрған жоқ" деп уағыз таратып, іріткі салуын күшейтті. Бұл дәйектемені Батыс оппозициясы жан-жақты пайдаланатыны сөзсіз.

"Біздің елдегі соғыс осы қойыртпақтың ортасында қалады немесе оған мүлдем кіре алмауы да мүмкін. Егер бізге орын табылмаса, көмек қол азайып, кейбірі мүлде болмайды. Қасымызда иық тірестіріп, тек бірнеше достас мемлекет қана қалады. Себебі олар Украина тізе бүксе, келесі құрбан солар болатынын түсінеді. Онда Ресей әскерінің сапын украиналықтар толтырады. Ежелден солай, жеңген ел жеңілгенінің әскерін өз қолына көшіреді. Қырым, Луганск, Донецк тұрғындарының оккупанттар қатарында Украинаға қарсы соғысып жатқаны соған дәлел", – деді украиналық сарапшылар.

Төртіншіден, Ресей әскери іс-қимылдарын өрістетуі мүмкін. Егер Кремль жаппай мобилизация жарияласа, қысқа мерзімде Украинаның парша-паршасын шығаруы мүмкін. РФ Қорғаныс ведомствосының дерегінше, Ресейдің мобилизациялық ресурсы 31 млн адамды құрайды. Украинаның бүкіл халқы 2022 жылғы 1 қаңтарда 41 млн 167,3 мыңдай адам болды. Оның жартысына жуығын – кәмелетке толмаған балалар, шау тартқан қарттар, жүкті аналар, науқас жандар, яғни соғысуға жарамайтын жандар құрайды. Сондай-ақ төрт миллиондай украин соғыс басталғалы елден шетелге босты.

Ал Ресейдің соғыс әлеуеті зор, себебі кедей, тіпті қайыршы күйдегі тұрғындар өте көп. Росстат мәліметінше, 2022 жылғы І тоқсан қорытындысында кедейшілік шегінен аз табыс табатын ресейліктер саны 20,9 млн адамға жетті. Олар Украинадағы соғысқа аттанса, әрқайсысынан ширек миллион рубльден үлестіріледі. Рубльді басып шығару қиын емес, Мәскеу станокты қосса, жеткілікті.

Қорытынды қандай?

Украиналық сарапшылардың айтуынша, тактикалық міндет бірнешеу. Ең бастысы, жаппай қырылмай, аман қалу және қоңыр күзге дейін әскери өнерді, айла-шарғыны қолданып, аз күшпен жауға төтеп беру. Сөйтіп "өркениетті елдерде ішкі жағдай ретке келіп, олар Украинаға қайтадан назар аударады" деп үміттену.

"Егер біз алдағы күзде жауға берілуді жоспарлап отырмасақ, онда тез жеңіске жетуді армандай бермей, әскери мақсаттағы нақты орта және ұзақ мерзімді міндеттерді айқындап алуға тиіспіз. Соғыс ұзайды. Біздің қоғамда "Рамштайн" аясындағы көмекті шектен тыс асыра мақтау, оның мәнін бұрмалау белең алған. "Рамштайнды" базбіреулер ауқатты азаматтардың жетімдерді аралап, сыйлық таратуындай қабылдайды. Сыйлығы аз, әрі арзанқол болса, жат та кеп өкпелейді. Шынында, әр мемлекет бірінші кезекте, төл ұлттық қауіпсіздігін ойлайды, содан артылғанын ғана бере алады. Батыс және басқа елдер дәл Ресейдей басыартық, шамадан тыс қаруланбады. Айталық, 200 артиллериялық құрал бейбіт Еуропа үшін – өте көп, ал майданның алғы шебі 2 мың шақырымнан асатын біздегі соғыс жағдайында бұл – аз. Біз серіктестерімізге шексіз алғыс айтуымыз керек, олар қолдан келгенше, жәрдемдесуде. Сонымен бірге оларға соғыс жағдайындағы шынайы, нақты мұқтаждықты көрсетіп отыру қажет. "Рамштайн" осы бейресми одаққа кіретін елдердің артылған қаруларын Украинаға беру ісінде делдал болады. Шетелдің көмегі болмаса, шамалы уақыттан соң біздің кәсіби армиямыз түгесіледі. Соғыстың ең басты құралы – артиллерияның снарядтары таусылады, оқпаны деформацияланып, атуға жарамай қалады. Артиллерияның үні өшеді", – деп қамығады сарапшылардың бірі, Украина Қорғаныс министрінің кеңесшісі Алексей Копытко.

Ал Киевтің, Украина Қорғаныс министрлігінің және Бас штабтың міндеті – күн-түн демей, шетелдік серіктестерге қайырылып, мәселе көтеріп, нақты қандай және қанша әскери көмек керектігін есіне салып отыру, олардың ішін пыстырмау, түртпектеп, "қалғытпау". Осы мақсатта түрлі жасампаз, креативті әдіс-тәсілдерді қолдану.

"Украинаның өз қолындағы кеңестік үлгідегі қару-жарақ пен техника аз, тәуелсіздік алған жылдардың басында шетелге, қара нарыққа сатылып кеткен. Жаңасын жасау лайықты жолға қойылмады. Ендеше шетелден көмек тыйылса, қолымыздағы барлық қару-жарақты іске жаратқанның өзінде біз тек стратегиялық ақырымызды сәл кейінге соза аламыз. Сондықтан ел басшылығы "әскери-саяси міндетті" мүлтіксіз атқарғаны маңызды. Барлығы соған байланысты болып тұр. Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі кеңестік қару-жарақпен және техникамен ұрыс сала жүріп, сонымен бір мезгілде Қарулы күштерді батыстық үлгіге көшіріп үлгеруі керек. Мысалы, артиллерияны НАТО стандартына – 155 миллиметрлік калибрге ауыстырып шығуы шарт", – деп пайымдады сарапшылар.

Олардың пікірінше, соғыстан қаусаған Украинада шетелден жаңа қару-жарақ сатып алуға қаржы жоқ. Сауытты техниканы айтпағанның өзінде, жеңіл 1 "Байрақтар" беспилотнигінің өзі 5 миллион доллар тұрады.

Бұған қоса, кері шегінген Украина әскері қару-жарақ пен әскери техниканы жоғалтуда. Мәселен, жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, биылғы маусым айының басында Луганскідегі Северодонец каласын тастап шығып, кері шегінгенде, украиналық әскер сонда қорғану үшін ұзақ жыл қордаланған әскери техниканың жартысын тастап кетуге мәжбүр болған. Себебі "Северский Донец" терең өзенін кері кешіп өтуге тура келген, оның үстінен тұрғызылған үш үлкен көпірді Ресей әскері авациямен бомбалап тастады.

Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович кеше Ресей әскерінің енді Харковь облысын басып алу қаупі төнгенін мәлімдеді. "Әскери операцияның" бірінші кезеңінде бірнеше облысты тастап, кері қашқан ресейлік әскер күш жинап, қайта жаулай бастады. Бүгінде Донецк, Луганск сыртында, Херсон, Запорожье облыстарын ішінара өз қолында ұстап отыр.  

Айта кету керек, украиналық сарапшылар тобы пессимистік сценарийді ұсынды. Жағдай одан жақсырақ болып шығуы да мүмкін. Зеленский командасының "қару-жарақ пен әскери техника күзде не жыл соңында емес, дәл қазір керек" деген өтінішін Батыс елдері мақұлдай қабылдады. Тездетуге тырыспақ. Сонымен қатар 9 мамырда АҚШ Президенті Джо Байден қол қойған Ленд-лиз, яғни әскери және басқа да көмек тасқыны күзде, қазанға қарай басталады деп күтілуде.

Алексей Арестович "Ресей армиясы қатарында қан-қасап соғысқа кіруден қаймығып, бас тартқан, кері қашқан солдаттар үлесі ғаламат 30-50%-ға жеткенін" хабарлады. Бұдан бөлек, экономикалық санкциялар да толық қуатында күшіне ене бастады. Салдарынан, жаңа қару-жарақ пен техника өндірісі дағдарып, Ресей "консервіні" (консервацияда тұрған кеңестік ескі техниканы) пайдалануға мәжбүр.

Қалай болғанда, халықаралық сарапшылардың пікірінше, дәл қазір Ресейдің де, Украинаның да жағдайы қыл үстінде тұр. Егер Батыс әлемінен қазіргідей үздік-создық емес, өзен суындай арқыраған тұрақты көлемде заманауи қару ала бастаса, Украина қарсы шабуылға көшіп, жеңіске жетпек. Егер Батыс елдерінің арасына жік салып, "байтал түгіл бас қайғы" жағдайға жеткізіп, әскери көмекті тыйғыза алса, Кремль жеңіс тұғырына көтеріліп, қарсыласқан көршісін қанға бөгуі ықтимал.

Әрине, үшінші жол да бар. Бұл – атысты тоқтатып, бітімге келу. Алайда қасірет пен шерден жүрегі қарс айырыла жаздап жүрген Украина халқы мұны "зрада", сатқындық деп қабылдайды. Тек жеңісті қалайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу