Украина өзінің контршабуылдарының баяулығын сынаушыларға "ауызды жабуға" кеңес берді

1380

Киев күштері үш айда жүздеген миллиард доллардың қаруымен он шақты ауылды ғана азат етіп, Ресейдің негізгі қорғаныс шептерін әлі бұзып өткен жоқ. Бірақ соңғы күндері Украина армиясы оңтүстікте біршама алға жылжып, дрондардың күшімен соғысты Ресейдің өз жеріне қайтарып жатқандай. 

Украина өзінің контршабуылдарының баяулығын сынаушыларға "ауызды жабуға" кеңес берді Фото: reuters.com

Украина бейсенбі күні үш айға созылған контршабуылдарының қарқынын сынаушыларға "ауызды жабуға" кеңес берді. Бұл – Украина күштерін тым шабан деп айыптаған батыс шенеуніктеріне Киевтің ең өткір наразылығы.

Батыстың жүздеген миллиард долларлық әскери техникасын пайдаланып,  қарымта шабуылдарды бастағаннан кейін, үш айға жуық уақыт өткенде, украин жауынгерлері оннан астам ауылды қайтарып алды. Бірақ олар Ресейдің негізгі қорғаныс шептерін әлі бұзып өткен жоқ.

Өткен аптада "Нью-Йорк Таймс", "Вашингтон пост" және басқа да басылымдар АҚШ пен өзге де батыстық ресми өкілдерге сілтеме жасап, контршабуылдар көп күткеннен баяу жүріп жатқанын хабарлады. Кейбіреулер Украинаның стратегиясын айыптап отыр. Олардың ойынша, Киев өз әскерін дұрыс жерлерге шоғырландырмаған.

Мәскеу Украинаның жер қайтару науқаны сәтсіз аяқталды деп санайды. Украиналық қолбасшылар болса, әдейі баяу қозғалып, Ресейдің қорғанысы мен логистикасын бірте-бірте нашарлатып, ақыр соңында оған бар күшпен соққы беріп, жеңіске жетуден үмітті.

"Қарсы шабуылдың баяулығын сынау - күн сайын өз өмірін құрбан етіп, бір шақырым болса да алға жылжып, Украина жерін азат етіп жатқан солдаттың бетіне түкірумен тең. Мен барлық сыншыларға ауыздарын жауып, Украинаға келіп, бір шаршы сантиметр жерді өздері босатып көруіне кеңес берер едім",– дейді Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Испанияда өткен Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг болса, CNN арнасына берген сұқбатында украиндық қолбасшылар сенімге лайық деп мәлімдеді.

"Украиналықтар қайта-қайта үмітімізді асыра ақтап жатыр. Біз оларға сенуіміз керек. Кеңес береміз, көмектесеміз, қолдаймыз. Бірақ... қажетті шешімдерді украиндар өздері қабылдауы тиіс",– дейді Солтүстікатлантикалық одақ жетекшісі.

Қорғаныс шептері

Бірнеше ай бойы ауыр миналанған майдан даласында соғысқан Украина әскерлері соңғы күндері Запорожье облысының батысындағы Работино ауылын азат етіп, ақыры оның оңтүстігіндегі Ресейдің негізгі қорғаныс шебіне жетті.

Қазір олар Новопокровка мен Вербовая ауылдары арасында алға жылжып, Ресейдің "айдаһардың тістері" аталып кеткен танкке қарсы бетон пирамидалары мен арықтарын айналып өтетін жол іздеп жатыр.

Украиналық сарбаздар бұл шептен өтсе, әрі қарайғы жерлер азырақ миналанған деп үміттеніп отыр.

Дегенмен, осы аймақтағы бір украиналық қолбасшы өткен аптада Reuters агенттігіне берген сұқбатында өз адамдарының қазірдің өзінде ең қиын шепті бұзып, аз қорғалған аймақтарға жеткенін, енді тезірек алға жылжитынын айтқан.

Украина үкіметі ел армиясының шабуылдары туралы мәліметтерді сирек таратады. Бейсенбі күнгі мәлімдемесінде қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр егжей-тегжейлі ақпарат бермей, Новопокровка маңындағы табыстар туралы хабарлады.

Украина құрлық әскерінің қолбасшысы Александр Сырский де шығыстағы Бахмут маңында "оң динамика" байқалғанын және украиналық жауынгерлердің алға басып жатқанын мәлімдеп отыр. Айта кетсек, Бахмут - жыл басында Ресей жүргізген контршабуылдар кезінде жауланған жалғыз ғана қала.

Дрондар шабуылы немесе ресейге оралған соғыс

Украина, сонымен қатар, Ресейдің өз ішіндегі және ресейліктер бақылауындағы украиналық аумақтардағы нысандарға пилотсыз ұшақтармен шабуыл жасауды үдетіп жатыр. Сәрсенбі күні кешке Ресейдің Брянск облысына дрондар жеткені және Қырымға жіберілген зымыранның атып түсірілгені хабарланды.

Оның алдында Мәскеу Украина дрондарының Ресейдің 5 аймағына, соның ішінде Псковтағы әуе базасында тұрған транспорттық ұшақтарға соққы бергенін мәлім етті.

Украина Ресейге жасалған шабуылдарға сирек түсініктеме бергенімен, президент Владимир Зеленский Псковта бейсенбі күні болған оқиғаны мақтан тұтатын сияқты.

"Біздің алыс қашықтыққа арналған қаруларымыз сәтті қолданылды: нысанаға 700 шақырым жерден соққы берілді" – дейді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.

Соңғы апталардағы шабуылдарға және дрондардың кейінгі айларда Мәскеудің орталығына жетіп, кейбір нысандарды қиратуына қарап, кейбір сарапшылар Украинадағы соғыс өрті Ресейдің өз ішін шарпи бастағанын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу